Жас кездегі кемшілігің жарты айып – Қадыр Мырза Әли

Бұл бетте «Жас кездегі кемшілігің жарты айып» атты Қадыр Мырза Әли жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 29.04.2019
  • 0
  • 0
  • 4823
Жас кездегі кемшілігің жарты айып.
Ұят екен түк бітірмеу қартайып!
Енді көрсем:
Арнасына сыймаған
Асау өзен бара жатыр ортайып.
Көзді қарып найзағайдың жарқылы,
Бақыт қудық,
Даңқ қудың шарқ ұрып.
Енді көрсем:
Жататұғын дүркіреп
Өмір — өзен бара жатыр тартылып.
Кім уақытқа зәру болса —
сол ұқты:
Өлген жанның орны қашан толыпты?!
Енді көрсем:
Терең тірлік кешегі
Жаяу кешіп өтетіндей болыпты!
Қысқан сайын уақыт деген қаскүнем,
Жанарыма жиналады жас кілең.
Қиналамын
Қиналғандай
Таусылып
Бара жатқан арағына маскүнем.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері