Тәжім ету – Қадыр Мырза Әли

Бұл бетте «Тәжім ету» атты Қадыр Мырза Әли жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 30.04.2019
  • 0
  • 0
  • 3138
Тәжім ету,
Бас ию тілімізге
Кемістік пе, апыр-ау, мініміз бе?!
Сәрідегі сиреген жұлдыздардай
Азайып-ақ келеді-ау күніміз де!
Қиын соқты өмірдің жолы бізге.
Мұңаямын қарап бір теңімізге.
Күн көзінде көп тұрған шүберектей
Оңып бара жатыр-ау өңіміз де!
Өкініш-өрт лапылдап ішімізде,
Бұйыра ма туған жер қышы бізге?!
Жаңбыры жоқ шілденің өзеніндей
Сарқылып-ақ барады-ау күшіміз де!
Көңілсіздеу бүгінде түсіміз де.
Жақын қалды қарттықтың қысы бізге.
Ешбір жаннан күтетін ештеңе жоқ,
Барлық үміт— істеген ісімізде!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері