Бараққа – Қадыр Мырза Әли

Бұл бетте «Бараққа» атты Қадыр Мырза Әли жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 30.04.2019
  • 0
  • 0
  • 3187
Туысқан бізде мықты ғой
Тарылған ниет-пейілден.
Туған жер болып шықты ғой
Мақаншы саған кейіннен.
Айналып ерте кесірге
Аяусыз тағдыр көктемі,
Жетектеп сені өсірген
Қызылорданың детдомы.
Туғандар бізде мықты ғой
Тарылған ниет-пейілден.
Бауырың болып шықты ғой
Біреулер саған кейіннен.
Мәпелеп сәби жасыңнан.
Толтырып орнын анаңның,
Сипаған сені басыңнан
Алақаны осы заманның.
Тектестер бізде мықты ғой
Танылған ниет-пейілден.
Ақылшың болып шықты ғой
Ағалар саған кейіннен.
Айналып болат-темірге,
Арамдықпенен енді ұстас.
Оқытқан сені өмірге
Жетімдік деген ұлы ұстаз.
Ұғатын адам ұқты ғой,
Басқаша қалай дейін мен.
Достарың болып шықты ғой
Бәрі де, бәрі кейіннен.
Қызығын көріп мол кездің,
Қыдыр сен енді гүл бақта.
Бүгінгі сөзді
Сол кездің
Қара нанымен салмақта!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері