Қала сыртында

Бұл бетте «Қала сыртында» атты Қадыр Мырза Әли жазған өмір туралы өлең берілген. Өлең мәтіні, текст, өлең жолдары және толық нұсқасын осы жерден оқуға болады.

  • 30.04.2019
  • 0
  • 0
  • 2922
Шығып едім қаладан зауқым қашып,
Сөйлейікші далада қауқылдасып.
Күлейінші жапанды жаңғыртып бір,
Жатайыншы армансыз мауқым басып.
Шабыт шіркін бір емес,
Он орай ма?!
Көңіл құсы құйқылжып қонар айға.
Текемет те,
Кілем де керек емес,
Құлай-құлай кетіңдер көкорайға!
Сайын дала сағымын іркілдетіп,
Сай сағалап барады түлкің кетіп.
Жібек гүлдің шырынын сорады-ай кеп,
Жабайы ара бөксесін бүлкілдетіп.
Мен өзімді қалада еліртпедім.
Көңілімді, қыр, енді семірт менің!
Қалай-қалай тебеді зәнталағың —
Жер тарпыған айғыры шегірткенің!
Жәндіктерсіз даланың бар ма сәні?!
Шыбын-шіркей көргеннен жармасады.
Содан қаным сарқылмас,
Сорса сорсын,
Өлтірмедім бірінші сары масаны.
Кешкі салқын сәл басып алауыңды,
Көңілдегі табады қалауыңды,
Бесті қымыз сияқты жусан иісі
Жарып кете жаздайды танауыңды.
Жапырағың сарғайып бағындағы,
Жылжи берер тіршілік ағымдағы.
Қиын екен, апыр-ай, қиын екен
Табиғатты адамның сағынғаны.
Кесесіне көңілдің құйып қымыз,
Шалғынға аунап басамыз «күйікті» біз.
Көрген кезде шалбарды көкке аунаған
Не ойлар екен, шіркін-ай, сүйіктіміз?!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Қала сыртында өлеңінің авторы кім?

Қадыр Мырза Әли — осы өлеңнің авторы.

Қала сыртында өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Қала сыртында өлеңі не туралы?

Бұл шығарма өмір туралы өлең ретінде танымал. Өлеңде автор өз ойын көркем түрде жеткізеді.

Қала сыртында өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері