Көк айдай
Ой, қалқам, сен де көркем, мен де көркем,
Қосылса екі көркем болады тең.
Дөңбекшіп төсегімде жата алмаймын,
Есіме сен түскенде, сұлу еркем.
Айт дегенде өлеңді аяр болмас.
Жамандардың сөзінде баян болмас.
Осындайда өлең айт, замандастар,
Күнде мұндай тамаша даяр болмас.
Май туса, гүлдер шешек атса жазда,
Тоғайда бұлбұл, көлде аққу, қаз да.
Сайраса, біз жастар да нақ солардай,
Бақытқа бөленеміз, сауық назға.
Басы еді өлеңімнің-ей, айым-қайым-ей,
Бітеді саздау жерге-ай, тал мен қайың-ей.
Көп айдың көрмегелі-ей, жүзі болды-ей,
Жүрмісің аман-есен-ай, қалқатайым-ай.
Әндердің ұлы атасы “Қанатталды”,
Арқада аңыратып Сәтжан салды.
Талдырып, тамылжытып шырқағанда,
Үзілтіп, естігенде жұрт таңқалды.
Ей, Нұржан, қаламыңды қолыңа алшы,
Тоттанып бүршік басқан көңілді аршы.
Елу үш жасқа келдің кәрі тарлан,
Қыймылда қалған жоқ па бірер тамшы.
Айдап салдым жылқымды теріскейге,
Бақпай қойса мал шіркін өрістей ме-ай.
Жылқы ішінен саңлақты ұстап мініп,
Осылайша ән салсам-ай, келіспей ме-ай.
Аулым көшіп барады белден басып,
Белден асқан бұлтпенен араласып-ай.
Аулың алыс кеткенде, әй қарағым,
Ақ қағазбен жүрелік амандасып-ай.
Қара тайға жарасқан қара терлік,
Жараспайды жігітке төтен ерлік.
Жамандардың жабыққан ісі дейді,
Өлең айтып көңілді көтерелік.
Мынау қолым, Қаракөз, саған созған,
Махаббаттың жүректе оты қозған.
От жалындай көзіме көрінеді,
Желбіреген көйлегің берен боздан.
Қарасындай көзімнің сәулем едің,
Бастан кешкен баяғы дәурен едің.
Күндіз естен кетпейсің, түнде түстен,
Не сиқырмен басымды әуреледің.
Қаракөз, қайда сенің ыстық күнің?
Дүниеде ғашықтықтың дерті қиын.
Кешегі жиырма бестің базарында
Болушы еді қалқам аулы күнде жиын.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі