Ертеде бір кедей шал мен оның ақылына көркі сай жалғыз қызы болады. Кедейліктен басқа міні жоқ, ұжымдары жарасқан, төңірегіне сыйлы жандар екен. Жар дегендегі жалғыз нарын сауып тамақ, мініп көлік етсе керек. Соның арқасында ешкімге көзін сүзіп тіленбей, барды қанағат етіп күн көреді.
Күндердің бір күнінде сауып отырған бекбатша нардың жас ботасы қос кіндік болып ауырып өледі. Ботасын жоқтап сарнаған нар сүтін бойына тартып, иімейтін болады. Сөйтіп, түйе сүтін жалғыз қорегі еткен әкелі-балалы кедей мүлде ас-сусыз қалады. Әсіресе қарт әке жалғыз қызының жаутаңдаған жүзіне қарап, еш қайраны болмай қатты қапаланады. Сонда ақылды қызы жұбату айтып; «Әке, уайымдай беріп қайтесіз, Құдайдың бір жақсылығы бар шығар, шыдай тұрайық» дейді екен.
Әрине, қанша сабыр сақтағанмен, шыдам тамақ бола ма?! Бір күні әбден шарасы таусылған ақылды қыз әкесіне тіл қатады:
— Әке, қыз болып жаралған соң, жатағым төріңіз болғанмен, өрісім түзден ғой. Маған ақ батаңызды беріңіз де, халқыңызға хабар салыңыз. Біздің бекбатша нар тек қана ботасындай боздатып күй тартқан адамның алдында йюге тиісті. Кімде-кім өнерін асырып, нарды иіте алса, мені сол өнерпазға қосыңыз, — депті.
Әкесі қызының сөзін жерде қалдырмай, аяқ жетер жерге жар салады. Ел іші өнерпазсыз болған ба, сұлу қыздан дәмелі күйшілер төңіректен ағылып келе бастайды. Жұрттың етек-жеңі жиналып болды-ау дегенде, төрешілер сайланып шығып, күйшілердің өнерін сынауға кіріседі. Небір саусағынан саз төгілген дәулескер күйшілер сай-сүйегіңді сырқыратар сарындарды судай сапырады. Бірақ ботасын жоқтап, көзінің жасы мөлтілдеген бекбатша нар меңірейген қалпы тұрып алады. Тартылмаған күй, шертілмеген мұң қалмайды. Көбелері сөгілгенше күй төккен өнерпаздардың әбден мысы құрып, бірінен соң бірі шеттей береді. Бекбатша нар мұның ешқайсысын шыбынның ызыңы құрлы көрместен түнерген қалпы тұрып алады.
Содан, күйшілердің ішінде іріктеліп-сұрыпталып бір қарт, бір жас домбырашы қалса керек. Кезек қарт күйшіге беріледі. Өзі де бір, күй күйдіріп, сарын сүрлегендей жан екен дейді, нардың алдына қаққан қазықтай болып отырып алады да: «Ал, қарағым, білегіңді түрініп, көнегіңді оңтайлай бер!» — дейді қызға. Сонан соң қу тақтай, екі ішекті бауырына басып, шерткенде алыс бір қиырдан ботаның боздаған үні естілгендей болады. Алғашқыда елестей елең еткізген сарын бірте-бірте айқындалып, енді бір сәтте ботаның өзі үкідей үлпілдеп, баладай елпілдеп келіп қалғандай әсер береді. Осы сәтті күткен қарт күйші одан сайын қағына тартып, біресе ілме, біресе шалма қағысқа салса, енді бірде тебеген қағыспен тарпып-тарпып жібергенде домбыра шанағы «көс, көс!» деп сөйлеп қоя береді. Сонда күн ұзын мелшиіп тұрған нардың тұла бойы шымырлап, алпыс екі тамыры босап, емшегі дертіп қоя береді.
Малының сыры иесіне мәлім, нардың ағыл-тегіл иіп бара жатқанын алдымен қыз сезеді де, көнекті көтере түскен қалпы түйенің емшегін қатты қысып, кернеп келген сүтті үрпінен шығармай қояды. Мұның себебі — қыздың көңілі қарттың соңында кезек күтіп отырған жас күйші жігітте еді дейді. Түйенің емшегін уыстай қысып, иінін тоқтатқаны — жігіттің кезегіне іріккендегі қулығы болса керек.
Қарт күйші мұны бірден сезеді де: «Пах, күйім келіскенмен, күнім өтіп кеткен екен ғой!» — деп, кезекті жас жігітке береді. Жігіт домбыраны тарта жөнелгенде, қыз алақанын керіп, уысына сыймай бара жатқан нардың емшегін босатып қоя береді. Ақ саумал көнектің бүйірін тесіп жіберердей саулап жөнеледі.
Бұл кезде осы гәптің бәрін аңғарып, біліп отырған жас күйші іштей намыстанып, бір жағы қызға деген сезімін білдіргісі келіп «Күйдім-жандым» деген күйге салған екен.
Күй бітіп, нар ағыл-тегіл иіп, жұрт мәре-сәре болысады. Сонда төрешілер жағы отырып жаңағы қарт күйшіге: «Төрелікке өкпе-наз, күдік-күмән болмағаны керек, күйім келісті дегеніңді түсіндік, күнім өтті дегеніңнің мәнісі қалай?» — дейді. Қарт күйші: «Оның мәнісі — түйені иіткен менің күйім еді, бірақ қыздың көңілі өзінің теңінде болды да, иіп келген сүтті іркіп қалды. Осы айтқанымның ақиқат екенін білгілеріңіз келсе,
мына жас жігіт екеуміз әлгі күйлерімізді қайта тартқан қалпы екі бағытқа жүрейік. Сонда мына тұрған жануар кімге «ботам» деп ергенін көресіздер» деген екен.
Бұл шарт төрешілердің көңіліне қонып, қос күйшіні қайта сынға салады. Сонда, айтқанындай, бекбатша нар қарт күйшінің шалғайын иіскеп, соңынан ере беріпті.
Қыз бетін басып ұялады, жұрт аңырып қалады. Сонда қайтып оралған қарт күйші: «Уа, ағайын, мен бүгін өзім қартайсам да, күйімнің қартаймағанын көріп бір жасап қалдым. Тосылмаңдар, «тең теңімен, тезек қабымен көрікті» деген, екі жастың бақытын тілейік!» — деген екен. Сөйтіп, кедей шал мен қызының басына бас қосылып, күйеу бала үшеуі ұжымдары жарасқан қалпы, ештемеден тарықпай, келісті ғұмыр кешіпті дейді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі