Эссе және өлең-жыр байқауы

Әжелер — тәлім-тәрбиенің қайнар көзі

Қазақ халқының бала дүниеге келгеннен кейінгі атқаратын жөн-жоралғысының барлығы — жеке адамның басына тиесілі нәрсе емес, бұл ұлттың келешегіне байланысты өнеге. Бұған немқұрайды қарауға болмайды. Мұның барлығы жиналып келіп ұлттық қадір-қасиетті құрайды. Ал ол қасиетті кейінгі ұрпаққа жалғайтын — бүгінгі біз емес пе? Алайда біз не көріп жүрміз? Не білгеніміз бар? Білмегенімізді үйретер кім бар? Алдыңғы буын әдет-ғұрып, салт-дәстүрді ұстана ма? Кейінгілерге қандай үлгі көрсетіп жүр? 

— Өз басым, өзім білмейтін нәрсеге жоламаймын. Көзіммен көрген, ананың тәрбиесімен келген, қанымда бар, әдет болып қалыптасқан жақсылықтарды ғана насихаттауға ұмтыламын, — дейді бұл орайда Зейнеп апай.

— Біз көп жағдайда жастарды кінәлап жатамыз. Біздің басты кемшілігіміз — өзіміз жастарға ештеңе көрсетпей тұрып, үйретпей жатып, оларды кінәлайтынымызда. Өзіміз көзіне көрсетіп, қолына ұстатпаған соң, жастарға «ештеңе білмейді» деп орынсыз өкпе артатынымыз да дұрыс емес. Мысалы, өз келінімді босанған соң екі немеремді де қырық күннен асырып күттім. Тіпті айналамдағы араласып жүргендер таңғалды. Бірінші немеремде келінім: «Ой, апа, өзім жуамын, өзім істеймін» деп қатты қысылып, ыңғайсызданды. Ол түсінікті де. Көп жағдайда енесінің күйбеңдеп жүргеніне шыдамай, біздің келіндеріміз ұялады. Анарым да сөйтті алғашында. «Қозғалма, сенің жұмыс істейтін кезің алда. Қазір мен саған қызмет етейін, балам, есесіне, сенің денің сау болады. Сенің денің сау болса, немерем де аман, менің де көңілім шат, біз де марқайып жүреміз. Сондықтан сен мені дұрыс түсінгін. «Апам жұмыс істеп, мен қарап жатырмын» деген нәрсені ойыңнан шығар. Мен саған келін болмаймын бәрібір, өз тірлігіңді өзің істейсің. Бірақ қазіргі міндет — менікі. Ол — менің ата-бабамнан қалған салт. Менің әжем, менің анам істеген салт, мен соларды көргенмін. Сондықтан мен осыны істеуім керек», — дедім келініме. Тамағын дайындап, белін байлап, қадағалап жүрдім. Жылы жүруіне қатты мән бердім. Қазіргілерге бұл тіпті басқаша көрінуі мүмкін. Бірақ біле білген адамға, бұл жерде, мен, алдымен немереме қамқорлық жасап тұрмын ғой. Анасы арқылы өз немеремнің аман-есен өсуіне ықпал етіп тұрмын. Өйткені ол — осы әулеттің көптен күткен, аңсап күткен ұрпағы. Содан кейін «қашан келін алар екем», «қашан немеремнің жаялығын жуар екем» деп армандап жүрдім ғой. Алла тағала арманыма жеткізіп, маған немере сүйгізіп, мені — «әже», Бәкеңді «ата» атандырып отырғанда мен ата-бабамның салтын істемеуім, келінімді күтпеуім дұрыс емес қой. Тіпті өзіме күнә санар едім... Өкінішке қарай, көп енелер білместікпен келіндеріне осындай қамқорлық көрсете алмай жатады. Білгенімізді үйретіп, естігенімізді айтып отырсақ, бүгінгі ұрпақтың ештеңеден ұтылмасы анық.


Қарап көріңіз



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

×