Шешендігімен ауыл-аймаққа белгілі Сұқсырдың «ағайынды» күшіктері — Жылпың мен Қылтың тәп-тәуір есейіп қалып еді. Екеуі ұялас болғанымен жиі-жиі өзара дауласып қала береді.
Жылпыңның тілі майда, төгіліп тұрған жорғадан аумайтын, сөйлегенде майын тамызатын. Тыңдаушылар ауыздарының қалай ашылып кеткенін байқамай қалатын. Қылтың керісінше салмақты, сабырлы. Бірдеңені істемес бұрын оның арты қалай болатынын ойластырып алады. Жақсылық туындайтын болса құптай кетеді. Қырсығы тиетінге жоламайды. Оның көп сөйлемейтініне, томаға тұйық жүретініне әбден еті үйреніп алған Жылпың ебін тауып қағытып алды.
— Меніңше, сен ойлы ғұламаға ұқсағың келеді. Өкінішке орай, ештеңеге де бас қатырып жүрген жоқсың. Соған қарағанда, көңіліңнің түкпіріне қурай түгілі, селеу де шықпаған сияқты. Тұнжырағаныңды көзім шалса жылағым келеді, аяймын.
— Маған тиісе бергеннен бірдеңе табасың ба? Түк те таппайсың, одан да селтеңдемей жайыңа жүрсеңші.
— Бауырымсың ғой, қалай жаманшылыққа қиямын...
— Жетер енді, — ашуға булыққан Қылпың бұрқ ете түсті.
— Сіркең су көтермей отыр-ау, қалжыңдағанды да білмейсің бе, —
жаңағы сөздерінің соңын жуып-шайғандай болып, Қылтыңды арқадан қағып қойды. — Айтпақшы, Көктасты төбеде тасқұдық бар деседі ғой, соны көріп қайтсақ қайтеді?
— Барсақ барайық, — деп Қылтың бірден келісе кетті. Өйткені бұл көптен бері көңілінде ұялап жүрген ой еді.
Қағытпаны қайырып тастаған бұлар құдық басына барып біраз демалды.
— Меніңше, бұл жай ғана қуыс емес, — деп алғашқы сөзді Жылпың бастады, — ішінде не бар екенін білер ме еді, шіркін.
— Не болушы еді, шағылдан басқа дәнеңе жоқ шығар, — Қылтың құдыққа үңіле беріп, жұдырықтай тасты тастап жіберді. Артынша дүңк еткен дыбыс естілді, — табаны құрғақ сияқты.
— Баяғыда ұры-қарылар көптің қолы жете бермейтін осындай жерлерді қоймаға айналдырғанын газеттен оқығанмын.
— Олар тұспалдап жаза салатын шығар.
— Баспасөз алдамайды, қашанда барды бар, жоқты жоқ деп жазады.
— Сонда мұның түбінде қазына жатыр деп ойлайсың ба? — Қылтың Жылпыңның жүзіне сығырая қарады.
— Кім біледі, олай болуы да, болмауы да мүмкін.
— Ертең арқан әкеліп, ішіне түсіп тексерейік.
— Үнемі өкініп жүргенше сол дұрыс.
— Бірінші болып кім түседі?
— Мұндай шаруаға шыдамды, төзімді, анау-мынаудан сескенбейтіндер ғана тәуекел ете алады, — деді Жылпың қипақтап отырып.
— Айла да, амал да ақылдан шықпай ма?
— Солай екені рас. Бірақ мен саған қарағанда нәзіктеумін ғой, әрі жүрегімнің ақауы бар екенін көптен бері сезіп жүрмін, кім біледі, анау-мынау кезіксе не боларын... Жылпың бұл жолы да аянып қалған жоқ. Қылтыңның мақтауын асырып, шынайы батыр етіп шығарды. Қанша білгір болғанымен өзінің осал тұстарын жіптіктей қылып айтып өтті.
Ақыры ертең құдыққа Қылтың түсетін болды. Әйтеуір тілін безеп жүріп соған көндірді. Өзін өспей жатып-ақ данышпан санатына қосып қойған Жылпың бұл жолы да қулығымды асырдым деп іштей масайрады.
Ағайынды екеуі құдық басына келіп тізе бүккенде күн әжептәуір көтеріліп қалған болатын.
— Ап-ауыр арқанды арқалап, шаршап-шалдығып жүргенде әнебіреуді несіне алып келдің? — деді Жылпың шағын қара чемоданды иегімен нұсқап.
— Шынында да қазына сияқты бірдеңе табыла қалса салып алмаймын ба?
— Әй, бұл жерден не кездесе қояр дейсің. Мүмкін, босқа әуреленіп жүрген шығармыз.
— «Құдай беремін десе, пайғамбар қыңқ етпейді» дегенді естіген боларсың. Кім біледі, бағымыз жанып кетуі ғажап емес қой.
— Өзің біл.
Дәу қойтасқа бекітіліп, құдыққа тасталған арқанды саумалдап төмен түсе бастаған Қылтың біраздан кейін табаны жерге тигенін сезді. Бау байлап жотасына ілінген сандықты ашып, ішінен алынған шамның жарығын төңірегіне түсіре бастады. Қуысқа жалғасқан үңгірді байқады.
— Не бар екен? — деп айғайлады төбедегі тесікке үңілген бауыры.
— Білмеймін. Әлі қарап үлгерген жоқпын.
— Жарайды. Дұрыстап тексеріп шық. — Сыртта қалған серігі арқанды демнің арасында жинап үлгерді.
Жылпыңның не істегелі жүргенін іштей сезе қойған Қылтың ешқандай қарсылық жасаған жоқ. Бақырып-шақырып дауласпады да. Алдын ала солай боларын іштей сезген сияқты. Шағын үңгірдің түп жағына барып жайғасып, ойластырған жоспарды қайта пысықтағандай болды.
Серігінің күңгірлеген даусына мән бермей, қасақана жарты сағаттай үнсіз отырды. Сонан соң қуанған болып, уралап жіберді.
— Немене, бірдеңе бар ма екен? — деді жоғарыдағы Жылпың елеңдей үн қатып.
— Үлкен екі қойма табылды, бірінде қазына, екіншісінде сықыған азық-түлік.
— Қандай азық?
— Жылқы, сиыр, қой еттері...
— Кетші, ей, сасып кеткен шығар...
— Қайдағы сасыған. Үңгір іші бейне тоңазытқыш сияқты екен. Суыққа қатқан етті жеймін деп кәдімгідей тоңып қалдым.
— Рас па?
— Сенбесең қой!..
— Шам жарығын түсіріп, мүжіген сүйектеріңді көрсетші?
Салапанға мықтап оралған жіліктерді шығарып алып, жарық түсірді.
— Ал қазынаң қайда?
— Қазірше екі-үш алтын сөлкебайды ғана алдым. Алда қалғанын сандыққа салып үлгеретіндей уақыт бар ғой.
— Егер арқанды түсірсем жармаспайсың ба?
— Сонша дүниені тастап, сыртқа ұмтылардай әлі жынданып үлгерген жоқпын. Өйткені бір-екі жыл жатып жейтіндей заттар мұнда жетерлік.
— Шын айтып тұрсың ба?
— Қашан менің алдағанымды көріп едің?
— Жарайды. Арқанды түсірем. Егер оғаш қимылың байқалса, кесіп жіберем. Түсіндің бе?
— Одан қам жеме.
Қылтың арқанның ұшына қасқыр мүжіген жіліктерді байластырып, сөлкебай оралған түйінді қосып жіберді. Тиындарды бұрын қорған болған төбеден тауып алып, тығып қойған. Бүгін қажет болып қалар деп ала келген еді.
Жоғарыға шығарылған сүйектерді, алтын сөлкебайларды көріп Жылпыңның қызығушылығы арта түскендей болды.
— Мен де қасыңа барсам қайтеді? — деді ол құдыққа үңіле қарап.
— Жоқ. Болмайды.
— Неге?
— Арқан шешіліп кетсе немесе егеуқұйрық сияқтылар қырқып кетсе екеуміз де зынданда мәңгі қалып қоймаймыз ба? Сондықтан оны біреу үнемі күзетіп тұруы керек.
Сенбейін десе шындық тәрізді, алдында айғақтар жатыр. Әрі-сәрі болып ойланған Жылпың нартәуекел етіп, құдыққа түскісі, бәрін өз көзімен көргісі келе берді. Ақыры шыдай алмай:
— Қылтың, жоғары шық! — деді бұл жолы мүләйімсіп.
— Шықпаймын, — анау одан ары қырсыға түскендей болды.
Туысының бірбеткей екенін бала кезінен жақсы білетін Жылпың енді бал сөзін сорғалатып, оған жалына бастады.
— Екеуміз туыс емеспіз бе, сен көргенді мен де көрейін, қаласаң құдығыңа қайта түсіріп қояйын.
— Сөзіңде тұрасың ба? Айнып қалатын болсаң аулақ жүр.
— Имандай шыным. Ілләһи-білләһи қалағаныңды істеймін.
— Бірақ айтқаныңнан қайтпа!
— Жарайды, — арқан түсіріліп, Қылтың сыртқа шықты да, Жылпың төменге түсті. Ол шам жағумен әуре болып тұрғанда салбыраған арқан жинап алынды.
— Мұнда дым да жоқ қой, — деген дауыс құдық ішінен күңгірлеп естілді.
— Дұрыстап іздесең бәрін де табасың.
— Түк жоқ.
— Шаршаған шығарсың, демал.
— Бүйтіп демалғаны құрып кетсін, арқанды таста бері.
— Енді кімнің айлалы, ақылды екеніне көзің жетті ме?
Сонда да өз кемістігін мойындағысы келмеген Жылпың өктемдікке басып көріп еді, одан түк те шықпады. Жалынып-жалпайғанымен де ештеңе өндіре алмады.
— Мен бұлақ басына барып, шөлімді қандырайын, ептеп көз шырымын алайын, оған дейін жақсылап ойланып ал, — деді Қылтың орнынан тұрып жатып.
Күн батуға арқан бойы қалғанда ол құдыққа қайта оралды.
— Ойландың ба?
— Ойландым.
— Кекеткен-мұқатқаныңды бұдан кейін қоясың ба?
— Қоямын.
— Өзіңді ақылды санайсың. Үндемей жүргендер өзіңнен кем емесін енді түсінген боларсың. Рас, бес саусақ бірдей емес, әркімнің санасы алуан түрлі, олардың арасында алғырлар да, орташалар да, тіпті одан төменгілері де кездеседі. Өзін-өзі данышпанға балау — жетіскеннің белгісі емес. Мықтымын дегендерді он орап кететіндер баршылық. Осыны ұмытпау керек. Түсіндің бе?
— Түсіндім. Енді ешқашанда ондай әдетті қайталамаймын.
— Жазаландың. Осы да жетер, — Қылтың алдындағы арқан ұшып құдыққа тастап жіберді. — Тоқ етері, енді әдептен аспайсың ғой?
— Аспаймын.
«Қалғанын алдағы уақыт көрсете жатар» деп ойлады төбеде тұрған серігі.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі