Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін ел халқына «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі» атты алғашқы Жолдауын ұсынды. Президент «...елдің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпайынша, табысты экономикалық реформаларға қол жеткізу мүмкін емес», - деді.
Президент жалпы мемлекеттік сындарлы міндеттерді ашық талқылауды ұсынады. Осыған байланысты көппартиялықты одан әрі дамыту, қоғамдық келісімді сақтау, халықпен тиімді байланыс орнату, митингілер туралы заңнаманы жетілдіру сияқты мәселелерге баса назар аударады.
Президент еліміздегі қоғамдық келісімді нығайтудың«негізгі кілті» болып табылатын тіл мәселесіне де ерекше тоқталды. Бұл жөнінде ол: «Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек», – деп атап көрсетті.
Жолдауда сот пен құқық қорғау жүйесін жетілдіруге, бизнесті дамытуға, қаржы ресурстарын дұрыс бөлуге, халыққа әлеуметтік қолдау көрсетуге, ел аймақтар арасындағы теңсіздікті жоюға және басқа да халықты толғантып жүрген мәселелерге ерекше көңіл бөледі. Алдағы саяси реформалар сияқты бұл жұмыс Қазақстанның әрбір азаматы мемлекет тарапынан қамқорлықты сезінуіне және өзінің конституциялық құқықтарын қорғауға сенімді болуына бағытталуы тиіс деді.
Білім беруге бұрынғыдай мемлекеттің дамуындағы стратегиялық рөл беріледі. Сондай-ақ республика ауылдарындағы мектептердегі білім беруді жетілдіру, жоғары оқу орындары жұмысының сапасын және ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыру мәселесі де көтерілді. Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі білім беру сапасын жетілдірумен тығыз байланысты болмақ. Оның айтуынша, «Маман даярлау ісі еліміздегі және ғаламдағы еңбек нарығынан тыс қалмағаны жөн». Сондықтан еліміздің жоғары оқу орындарының алдына бәсекеге қабілетті, білікті маман дайындау, олардың оқу бітіргеннен кейінгі «өмірден өз орнын табу», яғни жұмысқа орналасу мәселесін қатаң қадағалаумен қатар, ғылыми-зерттеу жұмыстарын сапалы жүргізіп, оны коммерцияландыру бағытында қарқынды және нақты жұмыстарды жасауға үлкен міндеттер ұсынды.
Президент өз Жолдауында қоғам мен биліктің өзара ықпалдасқан іс-қимылының осы түрін неғұрлым сындарлы деп есептей келе, азаматтарды ашық диалогқа шақырады. Өзекті, шешімін күтіп тұрған мәселелердің бар екенін ашық айта келе, сонымен бірге оларды шешудің ұтымды жолдарын ұсынып, тәуекелдер мен мүмкіндіктерді прагматикалық тұрғыдан бағалайды.
Азаттық тілшісі тілдескен кейбір сарапшылар Тоқаев жолдауында «елде саяси өзгеріс әкелетін нақты ұсыныстар айтпады» деп санайды. Енді бір сарапшы «Тоқаевқа мүмкіндік беру керек» деп есептейді.
Бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаевтың сөзінше, Қазақстан президентінің жолдауындағы тарауларды«тапсырмалар мен бағыттар» деп бөліп қарастыру керек.
– Президенттің жолдауының мақсаты – оның негізгі бағыттарын көрсетуі керек. «Алдағы уақытта қай бағытта жүреді?», «Қандай принципті ұстанады?» деген сұрақтарға жауап болуы керек еді. Ал ондай бағыттар аз болды. Әлеуметтік салаға қосымша қаржы бөлгізу, шағын бизнесті салықтан босату сияқты айтқандары бағыт емес, жай ғана үкіметке берген тапсырма сияқты. Мұндай тапсырманы жолдаусыз-ақ кабинетінде отырып та беруге болады.
Мәселен, бейбіт жиын өткізуге рұқсат беру жайлы да президент мәлімдеме жасады. Ол онсыз да Конституцияда тұр. Саяси реформаның керектігі жайлы айтқанымен, қалай жүзеге асыратынын нақтыламады. Тоқаев жолдауының кіріспесінде Назарбаев саясатының сабақтастығын сақтайтынын айтқан кезде-ақ жаңа бағыт болмайтыны түсінікті болды, – дейді ол.
2000 жылдары оппозицияда жүрген белсенді, қазір«Президент және халық» газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаевтың пайымдауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Конституциясында көрсетілген мемлекет басшысының өкілетін толық пайдалана алмады.
– Тоқаев саяси реформалар керек деп айтса да, әрі қарай нақты ұсынысқа батылы жетпейтіні байқалады. Дегенмен бәрібір өзгеріс күтеміз. Халық саяси өзгеріс күтіп отыр, саяси мәселелерді қордаланғаны соншалық, оны эволюциялық жолмен шешуге тез арада кіріспесе, қиындай береді, – дейді ол.
Жолдаумен толық танысып шыққан М.Тоқашбаев Тоқаевтың жер мәселесін шешу, шағын бизнесті дамыту, ұлттық қорды тиімді пайдалану туралы айтқандары көңілге қонымды деп санайды.
– Бірақ ол Қазақстанның екінші президенті ретінде бұрынғы президенттің жұмысын сараптап, баға беруі тиіс еді. Одан кейін «алдымен экономика, одан кейін саясат» деген шаблонды бұзуы керек еді. Оған батылы жетпеді, – дейді ол.
Маңғыстау облысында тұратын қоғам белсендісі, маусымның 9-ы күні кезектен тыс президент сайлауында бақылаушы болған Уайыс Ерсайынұлы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауынан «үлкен саяси бастамалар күткен». – «Сайлау туралы, саяси партиялар туралы заңдарға өзгеріс енгізу, парламент депутаттарын тек партия жүйесімен емес, мажоритарлық принциппен де сайлауды енгізу туралы бастама көтереді деп күттік. Саяси тұтқындарды босату туралы, жемқорлықпен түбегейлі күресу туралы бастама айтады деп ойладық. Бұл мәселелер Қазақстанның да, Тоқаевтың да беделін көтеретін еді. Бірақ оған Тоқаевтың саяси ерік-жігері жетпей қалды», – дейді ол. Сонымен қатар «Тоқаев өзіне берілген кішкентай мүмкіндікті ғана пайдаланып отыр» деп санайды. «Жердің сатылмайтыны, қарапайым адамдардың зейнетақы қорындағы қаржысын өздері пайдалануына мүмкіндік бергісі келетіні – жақсы қадам» дейді.
Ал Тәуекелдерді бағалау тобының директоры, саясаттанушы Досым Сәтбаев Facebook парақшасында«Екінші президенттің бірінші жолдауы саяси блоктан басталды. Бірінші президенттің жолдауынан басты айырмашылығы – осы. Бұрынғы президент соңғы жылдардағы жолдауларында саяси модернизацияға басымдық бермеген. Бірақ Тоқаев жолдауын жақсы бастағанымен нақты ұсыныс айтпады. Жолдауындағы«елдің қоғамдық саяси өмірін жаңартпай, экономикалық реформаларды табысты жүргізу мүмкін емес» деген сөзі дұрыс болды, бірақ нақты ұсыныс айтылмады. Жолдаудағы саяси блок көліктің ішіне сеуіп қойған иіс су сияқты, иіс ұнамды болғанымен машинаның жүрісіне еш әсері жоқ» деп жазды.
Татыгалиева Айгерим
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі