Биылғы 2021 жыл, қазақстандықтар үшін айтулы датамен өрнектеліп отыр. Биыл ел тәуелсіздігіне 30 жыл! Аталған цифрдің мән-мағынасын толықтай түсіндіру мақсатында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінде «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын жариялады.
Президентіміз аталған мақалада Қазақстан Республикасының тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі кезеңін 3 онжылдық есебінде бөліп қарастыра отырып, сананы сабылтқан жылдарда азаттық таңын күткен халықтың кешегісі мен бүгінін түгендеп, болашаққа деген сенімдерін нақтылай түседі. Азаттықтың алғашқы жылдары, советтікті елдікке, ұжымдықты ұлттыққа ауыстырудың көптеген батыл қадамдары жасалды .
Осы тұрғыдан Қасым-Жомарт Кемелұлы : «Бұл кезеңде мемлекетіміздің ұлттық нышандары белгіленіп, билік жүйесі қалыптасты. Ұлттық валютамыз айналымға енді. Ұлттық қорымыз ұйымдастырылды, Қарулы Күштеріміз құрылды. Шекарамызды сызуға үлгілер ұсынылды, Ата заңымыз күшіне енді. Шетелдермен дипломатиялық қатынас орнатылды. Еліміз беделді халықаралық ұйымдарға мүше болды»,- деп тәуелсіздігіміздің іргетасы болған алғашқы 10 жылдықтың маңызды жақтарын ашып көрсетті. Сонымен қатар, ядролық қарудан алғашқылардың бірі болып бас тарту, елордамыздың Арқа төсіне көшірілуі , шетте жүрген отандастарымыздың ата мекенге оралуына жағдай жасалынғандығы жөніндегі түбегейлі өзгерістерді жазды. Бұл аталған жетістіктер Алаш азаматы Мұстафа Шоқайдың: «өзінің ішкі бірлігін нығайта алған халықтар ғана тәуелсіздігіне қол жеткізе алады және оны қорғап қала алады» деген сөзінің дәйектілігін негіздеді.
Екінші кезең жаңа ғасырға жол сілтеп, 21 ғасырға аяқ басқан бағытымыздың бұралаңға түспеуін көздейді. Бұл уақытты Президентіміз «Қазақ елінің керегесін кеңейту кезеңі» деп көрсетеді. Айтқандай, осы жылдарда мемлекетіміз ішкі-сыртқы бағытта дамып, экономикалық әлеуетіміз арта түсті. Құрлықтағы барлық шекарамызды айқындап, заң жүзінде бекіттік. «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асырып, тарихымызды түгендедік.
Үшінші онжылдық бүгінгі күнге дейінгі мемлекеттік әлеуетіміздің қарқынын анықтады, дамыған отыз елдің қатарына кіруге деген нақты мүмкіндіктерді межеледі.
Ел басшысы бұл жылдарды мемлекеттік дамудың ішкі-сыртқы өрістеуін, білім-ғылым саласының,мәдениетіміздің, қоғамдық, саяси және экономикалық бағыттардың биік деңгейге шығуымен байланыстырды.
Өз мақаласында мемлекеттік тілге, мемлекеттік жерге, ұлттық мүддеге, ынтымақтастық пен бірлікке баса назар аударған мемлекет басшысы: «Бізді қай заманда да қиындықтардан аман алып келе жатқан басты құдірет – ел бірлігі. Ынтымағы жарасқан жұрттың қашанда ұпайы түгел. Түрлі жағдайларға байланысты қазақ жеріне әр кезеңде әртүрлі ұлт өкілдері көптеп қоныстанды. Қазақ халқы ешкімді жат көрмей, бауырына басты. Бүгінде олардың туған жері де, Отаны да – Қазақстан. Біз көпэтностық сипатымызды артықшылығымызға айналдыра алғанымыз анық. Көптеген шетелдік сарапшылардың елімізге қатысты «Еуразиядағы шырпы тисе лап еткелі тұрған қурай», «failed state» сияқты болжамдарын жоққа шығардық. Ешкімді ұлтына қарап, бөле-жарған жоқпыз. Бәрінің өсіп-өнуіне толық жағдай жасадық, бірдей мүмкіндік бердік. Біздің ұлтаралық келісім саясатымыз әлемді мойындатты. Халқымыздың осындай ырыс-ынтымаққа негізделген жарасымын бағалай білуіміз керек» -, деген пікірін шақшадай санамызға шегелеп жеткізді.
Жерге байланысты «бәріміз айқын білетін және бұлжымайтын ақиқат – қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды»-, деп көңілдегі күдігімізді біржолата өшірді. Басты құндылықтардың бірі мемлекеттік тіл мәселесінде де Қасым-Жомарт Кемелұлы қазақ тілін білу, басқа тілдің құнын төмендетуіміз емес, халықтық мінберіміздің мәртебесін жоғарылату екендігін өз мақаласының қоғам мен құндылық атты бөлімінде бірнеше мысалдармен дәлелдеп өтті.
«Тамырын тереңге жібере алмаған ұрпақтың, ұтымды ұранынан не үлгі» деген екен,- Ахмет Байтұрсынұлы. Президентіміз бұл тауып айтылған тіркестің мағынасын былайша тарқатып жазады: «Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс.»
Айбыны асқақ Абылайхан: «Шешеннің сөзі өлмейді, тектілердің ісі, ізі өшпейді! Бұтаққа су, ұрпаққа Рух бермесең – көгермейді!» дегенде, арғы алапат бабасы Күлтегіннің киелі рухынан қуат алған шығар-ау…. Көрегенді басшымыздың мәйекті мақаласын ақыл таразысына сала отырып сөзіміздің түйіні, сонау саңлақ сақтардың сойылын соғып, ғұндардың ғұрпынан нәр алған, түркілердің тектілігін, киелі қазақ хандығының қастерлі рухын, батырлар мен билеріміздің беделін бойға жинаған ұлтымыз үшін тәуелсіздік тәңірдің ең бағалы сыйы болып қала бермек. Ал, бұл мәселеде кең байтақ жерімізді, дарынды ұлтымызды, шұрайлы тілімізді, халықтық өнерімізді сақтап қалу үшін бәріміз бірігіп, қол ұстасып, сапқа тұратын уақыт келді.
Жанболатова Әсила
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі