Қатысушылар:
Күшік
Қасқыр
Мысық
Бұзау
Түйе
Қасқыр. Ей, күшік, мен сені жеймін!
Күшік. Қой, қасқыр көкешім, қоя тұр! Әуелі мені тойғыз. Сосын барып жесең, тәтті боламын.
Қасқыр. Жарайды, айтқаның болсын. Менің соңымнан ер, қызық көрсетем... Көрдің бе, ана сиырды?
Күшік. Иә, көрдім!
Қасқыр. Енді маған қарашы! Көздерім, құлақтарым, аузым, құйрығым қандай екен?!
Күшік. Сенің екі көзің шоқтай жайнап тұр, екі құлағың жымиып кетіпті. Аузың арандай ашылыпты. Құйрығың артқы екі аяғыңның арасына қыстырылып қалыпты. Өзі жас шыбықтай болып майысып кетіпті.
Қасқыр. Әп-бәрекелді! Дұрыс айтасың. Енді менің не істейтініме қара да тұр.
Күшік. Қасеке, қандай күштісің?! Мына бұзауды алып ұрдың-ау! Екеуміз де ет жеп, мәре-сәре болдық.
Қасқыр. Мен тойдым. Сенің етіңді енді жемеймін. Қош бол!
Күшік тойып жатқанда оған бір аш мысық келеді.
Күшік. Ей, мен сені жеймін!
Мысық. Қой, күшік, қоя тұр. Әуелі мені тойғыз. Сонан соң жерсің.
Күшік. Жарайды, айтқаның болсын. Менің соңымнан ер, қызық көрсетем!
Мысық. Мақұл, ерсем ерейін. Қызық көрген қандай жақсы!
Күшік. Әй, мысық, көрдің бе ана түйені?
Мысық. Көрдім. Ол қызық емес қой.
Күшік. Қазір қызық болады. Маған қарашы: менің көздерім, құлақтарым, аузым, құйрығым қандай екен?
Мысық. Керемет! Қорқынышты. Көздерің бозарып, құлақтарың салпиып тұр. Аузың аңқиып тұр. Тілің салақтап кеткен. Құйрығың салбырап тұр.
Күшік. Тіпті жақсы! Демек күштімін. Енді менің не істейтінімді көр де тұр! (Түйенің аяғын тістейді.)
Түйе. Мә, саған! Аяғымды тістейтін батырсың ғой. Дәлдеп тептім, сеспей қаттың. Тарт сазайыңды.
Мысық. Әй, ақымақ күшігім-ай! Түймедей болып таудай түйеде нең бар еді! Әліне қарамаған әлек деген. Менің етімді жемек болып едің... Сенің етіңді енді мен жеймін. Ха-ха-ха!
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі