Өлең, жыр, ақындар

Хромтау қаласына саяхат

Хромтау қаласына саяхат

1. Қала жайлы қысқаша мәлімет. Хромтау қаласы облыс орталығы Ақтөбе қаласынан 68 км қашықтықта орналасқан. Іргесі 1940 жылы кен орнының игерілуіне байланысты жұмысшы кенті ретінде қаланған. Шаһар арқылы республикалық маңызы бар Қандыағаш-Алтынсарин-Жітіқара-Қостанай темір жолы және Қарабұтақ-Комсомол-Денисовка-Қостанай автомобиль жолдары өтеді.

2.Шаһардың атауы жайлы. 1937 жылы бұл өңірге хром рудасының табылуына байланысты көптеген ұл өкілдері көшіп келіп,орналасты. Кеңес Одағы кезінде бұрынғы тарихи атаулары өзгеріске ұшырап,орыс тілі арқылы қалыптасқан топонимдер жүйесі пайда болғанын білеміз. Жерінен хром кені табылып,өндірілетіндіктен және оның қалдықтары тау болып үйіліп жатқандықтан қала атауы Хромтау атанған деген дерек бар.

3. Қаладағы негізгі кәсіпорындар.

«Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы — Дөң тау-кен байыту комбинаты осында қала құраушы кәсіпорын ретінде белгілі. Мұнда ауданның еңбекке қабілетті тұрғындарының отыз пайыздан астамы еңбек етеді. Хромтауда алдағы уақытта шағын және орта кәсіпкерлікті дамыта түсудің мүмкіндіктері зор. Ресми деректерге сүйенсек, қазірдің өзінде мұнда 122 дүкен, 17 ресторан мен кафе, 10 шаштараз, 6 нотариус, 10 дәріхана, 7 қоғамдық моншалар, сонымен бірге тігін және аяқ киім шеберханалары жұмыс істейді.Қала бойынша 1300 шаруашылық жүргізуші шағын және орта кәсіпкерлік нысандары орналасқан.

4. Шаһардағы әлеуметтік-мәдени мекемелер.

Қалада жалпы білім беретін 6 мектеп, 1 кәсіптік-техикалық мектеп, 3 балабақша, Кеншілер мәдениет үйі, клуб, пошта, телеграф жүйелері, 100 орындық шипажай тұрғындарға қызмет етеді.

5.Хромтау- моноқалалар қатарына облыстан енген жалғыз қала.

Елімізде тіркелген 27 моноқалалардың қатарына Ақтөбе облысынан жалғыз Хромтау қаласы енген. Үкімет моноқалаларды дамыту 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша алғашқы жылы 38,6 млрд, келер жылы 43,2 млрд. теңге қаржы бөлсе, жыл сайын оның көлемі артып, шағын қалалардың дамуына серпін беріп келеді.

6. Қаланың даму ерекшелігі. Бұл тұрғыда сөз қозғағанда, оның минералды-шикізат ресурстарының мол қоры мен алуан түрлілігін атап өтуге болады. Республика бойынша өндірілетін хром мен никель рудаларының және хром тұздары мен керамикалық плиталардың 100 пайызы , темір қорытпаларының 40 пайызы Хромтаудың үлесіне тиеді.

7. Хромтаудың қазіргі тіршілік тынысы. 2018 жылы Дөң тау кен байыту комбинаты шығарған хром өнімі өткен жылдағыдан 107,1 пайызға артқан . Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуде «Агрофирма Тау» ЖШС 12 айда өндірілген сүт өнімдерінің көлемі 1460 тоннаға жеткен . 2018 жылдың сәуір айынан бастап «Newmay Керамика» компаниясы керамика өндіру зауытын қайта жаңғырту жұмыстарын бастаған. «Туған жерге тағзым» акциясының аясында білім аллеясы мен денсаулық аллеясы салынып,халық игілігіне қызмет етуде. Қалада 26 мың 641 адам тұрады.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз