Қатысушылар:
Қаған – бас қолбасшы
1-сақшы
2-сақшы
Отан-Ана
1-сарбаз
2-сарбаз
1-2-3-4-әскербасылар
Қолбасшы
1-2-3-4-балалар
1-2-дикторлар
Балалардың неғұрлым көп қатынасқаны жөн. Сахна ашылғанда Қарауылтөбенің төбесінде қолына найза ұстаған қос ғұн сарбазы көрінеді. Ары-бері шапқылап жүрген сарбаздар. Қолында садағы, найзасы, шоқпары, қалқаны, кейбіреуінің қылышы бар.
1-сақшы (жүгіріп жақындап келеді). Бас сардар Түргеш қор-ғаны дабылды қабылдады. Қарауылынан түтін өрледі.
2-сақшы(жақындап келеді). Қолбасшым! Қарлұқтардың да қарауылынан от көрінді.
1-сақшы. Қарақан мен Қимақ та хабар алды.
2-сақшы. Оғыздар мен қаңлыларға да жау келгені мәлім.
Қаған. Жарайсыңдар, ғұндар! От сөнбесін, ту жығылмасын!
Сахнаға топ баланы алдына салып алып келе жатқан ақ жаулықты Отан-Ана көрінеді.
Отан-Ана. Ұлдарым, былай жүріңдер! Анау тұсқа жасыры-ныңдар. Ордың бетін адыраспанмен жаптым. Балалық жасап, жау қолына түсіп қалмаңдар.
Қаған (жүре беріп қалт тоқтайды). Отан-Ана, мархабат! Бұл тірлігіңізге түсінбедім ғой.
Отан-Ана. Соғыстың құрбаны аз болмайды, балам. Қасіреті де мол. Дұшпан ешкімді аямайды.
Қаған (Отан-Ананың сөзін бөліп). Отан-Ана, балаларды неге жасырдыңыз?
Отан-Ана. Әй, батыр-ай, аңғалсыңдар-ау, ерліктерің ерен болса да.
Бұл сәбилер күні ертең ат жалын тартып өспей ме, қолына найза, қылышын бекем ұстап, елге ойран салған жаудың басын кеспей ме?!
Қаған. (Кетіп бара жатып ары қарай дауыстайды.) Әй, сарбаздар! Естідіңдер ме, ананың шешімін? Кеттік елді қорғауға, жан сауға!
Соғыстың болып жатқанын білдірген дауыстар, ұран салу. Сахна біртіндеп жабылады. Пауза. Сахнаның сыртынан ақын жыры беріледі, көріністер көрсетіледі. Егер видео арқылы төмендегі көріністер берілсе, нұр үстіне нұр.
1-диктор.
Өтеді жылдар, кетеді жылдар ғайыпқа,
Өтеді күндер уақытпенен сайыста.
Ескерту: арасына үзіліс салып оқылады.
2-диктор.
Бабасы – ғұн, анасы – ғұн, қазағым,
Басыңнан асты-ау, басыңнан асты-ау азабың.
1-диктор.
Моңғолдан қаштың, Шыңғыстың көрдің азабын.
Шежіре солай, шерімді айтып жазамын.
Шыңғыс хан бейнесіндегі адам тобырымен дауыстап өтеді.
2-диктор.
Жоңғардан қалды көкірекке қайғы-мұң,
Жүректе маздап азаттық деген қайсар үн.
Босыған жұртты жоңғардың әскері алдыға салып айдап барады.
Аштық та көрдің, соғыс та сенен қалмады,
Боздағын аштық – сұм ажал болып жалмады.
Аш адамдар «Бір үзім нан» деп дауыстап өтеді.
1-диктор.
Туған жерді ақ патша алды бодан қып,
Тіліңді ұмыттың, салтыңды құрттың құрбан қып.
Орыс помещигі қазақ шаруасын қамшымен ұрып өтеді.
2-диктор.
Фашистің өртін сөндірдің мәңгі жоқ қылып,
Көгілдір алау жанады төрде мәңгілік.
Алдауға түстің КПСС-тің торына,
Айтпасқа болмас, ұрпақ қорына.
«Майданға» әнін шырқаған топ өтеді.
1-диктор.
Сонда да қазақ Абайын әсте ұмытпады,
Махамбет жырын рухы етіп биік ұстады.
«Азаттық» деген киелі ұран сексен алтыда
Көкіректе маздап, елдігін қазақ ұмытпады.
Пауза. Сахна ашылады.
Артқы беттен Қазақстан мемлекетінің картасы көрінеді. Қазақстанның көк туы желбіреп тұр. Елтаңба көрінеді. Тудың жанында әскери киімдегі қос сарбаз. Мылтықтарын жанына ұстап қимылсыз қалған.
1-сарбаз (қозғалмастан). Бүгін Тәуелсіздік күні. Жақсылықтың хабаршысы болып, күн де жарқырап тұр.
2-сарбаз. Дұрыс айтасың. Мерекені тойлауға ел-жұртымыз түгел дайындық үстінде. Шетелден де делегациялар келіп жатыр. Тамаша ғой, ә. Бейбіт күн, көгілдір аспан, аққу бұлттар, күміс күлкі, күлімдеген сәбилер...
1-сарбаз. (Әскербасының жанында үш-төрт нөкері бар, жа-қындап келеді. Сарбаз қолын шекесіне апарып) Қарауыл қызметке дайын, жолдас қолбасшы!
2-сарбаз. (Бұл да алғашқысының әрекетін қайталап) Қарауыл қызметке дайын, жолдас қолбасшы!
Қолбасшы. Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын! Мүлтіксіз қыз-меттеріңе алғыс айтамын.
1-сарбаз. Қазақстан Республикасына адал қызмет етемін!
2-сарбаз. Қазақстан Республикасына адал қызмет етемін!
Машина гүрілі естіліп, әскери адам жақындап келді.
1-әскербасы. Қазақстан Республикасы Батыс аймағы әскер-лерінің мереке салтанатына қатысатын бөлімше сарбаздары шеруге дайын!
2-әскербасы. Қазақстан Республикасы Шығыс аймағы әскер-лерінің мереке салтанатына қатысатын бөлімше сарбаздары шеруге дайын!
3-әскербасы. Қазақстан Республикасы Оңтүстік аймағы әскер-лерінің мереке салтанатына қатысатын бөлімше сарбаздары шеруге дайын!
4-әскербасы. Қазақстан Республикасы Солтүстік аймағы әскер-лерінің мереке салтанатына қатысатын бөлімше сарбаздары шеруге дайын!
Қолбасшы. Сарбаздар! Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күні мерекесіне орай өтетін шеруге дайындал!
Әр тұстан өз бөлімшелеріне әмір беріп жатқан командирлердің «дайындал» дегені естіледі. Сарт-сұрт еткен дыбыстар естіледі. Сәлден соң саябырлайды. Пауза.
Қолбасшы. Қымбатты менің қазағым, елім-жұртым! Қасіреттен құтылып, азат болған Отаным! Сенің бір уыс топырағыңды ат басындай алтынға айырбастар ма еді, мына ұлдарың? Ешқашан да! Әнұраның шырқалып, көк туың желбіресін! Тәуелсіздік ме-рекелерің құтты болсын!
Сахнаға топ баланы алдына салып келе жатқан Отан-Ана көрінеді.
Отан-Ана. Қараңдар, балалар, мынау еліңе! Кешегі балалар қалдырып кеткен аманат орындалыпты.
Қолбасшы (сөзін бөліп). Отан-Ана, мархабат! Мерекеңіз құтты болсын! Немере, шөберелеріңізді ертіп жеттің бе?
Отан-Ана. Қайғыны ұмытқан, қуанышқа кенелген қазақты көрсем, көңілім көтеріліп, жаным жадырайды. Кешегісі бейнет болса, бүгінгісі – зейнет. Шат заманды бауыр еті – балаларыма көрсетуге әкелдім.
Бала. Отан-Ана, біз өзің туралы ақындардың жазған жырларын да білеміз.
1-бала.
Алыс кетсем елестер, жақұт далам,
Көз алдымда тұрады Отан-Анам.
Сағыныштың бесігін тербетемін,
Мен өзіңнен ұзасам шетік қадам.
2-бала (іліп әкетеді).
Азат болсын, қазағым, елің есен,
Деп тілеймін, Отан-Ана, оған сен.
Әр босаға аман болсын әрқашан,
Басқалармен теңеледі терезем.
3-бала.
Жерім бай, қазған жерің табылған кен,
Мен неге басқалардан боламын кем?
Көп ұлтты Қазақстан – елім менің,
Достықтың берекесі – құқығы тең.
4-бала.
Қымызын саттым биенің,
Шұбатын іштім түйенің.
Араның жинар нәр-балын,
Нарықтың нарқын білемін.
1-бала (Отан-Анаға қарап).
Арманым көп, Жан-Ана,
Ғажайып жұмбақ айнала.
Сауалым қояр көп менің,
Жауабын айтар – Сіз ғана.
Балалар әр жолғы сұрақтарды бөліп айтады.
Кім салмақшы жолдарды?
Кім бақпақшы қойларды?
Кім қорытпақ темірді?
Кім жыртпақшы жеріңді?
Кім қорғамақ елімді?
Кім гүл екпек белімді?
Кім дамытпақ ғылымды?
Отан-Ана. Сауал қойғандарың дұрыс, балапандарым! Жауабы болсын, менің батам, сендерге.
Балалардың ортасына келіп тұрады. Қолын жаяды.
Тәуелсіздігің ұзағынан болсын,
Қуанышқа құшақтарың толсын.
Ел де, жер де сендердікі.
Еңбек тізгіні қолдарыңа мәңгілік қонсын!
Бетін сипайды. Музыка әуені. Әнұран орындалады. Пауза. Біртіндеп сахна жабылады.
Шымылдық
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі