Өлең, жыр, ақындар

Абай мұрасы – қазақтың ұлттық қазынасы

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,

Жоқ – барды, ертегіні термек үшін.

Көкірегі сезімді, тілі орамды,

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін...

Ойымды ақын, ағартушы, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, фиолософ Абай атамыздың осы бір өлең жолдарымен бастасам деймін. Осы өлең жолдарынан ақынның әр өлеңін, әр шығармасын жастарға мұра етіп, олардан үлкен үміт күтіп, үлгі көрсетіп жазғандығы көрінеді. Ақынның жас ұрпаққа айтар ақылы да, уағызы да аз болмаған. Ол халық тәжірибесі танытқан шындықты айта отырып, жастарды адамгершілік жолға, адал достыққа үгіттейді. Ұлы дананың қай шығармасын алып қарасақ та, оның астарында сарқылмас қазына, үлкен тәлім – тәрбие жатыр. «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, не қызық бар өмірде одан басқа», - деп ең әуелі адам баласы адам болып қалу керектігін баса айтқан. Өз заманында да сан түрлі оқиғаның куәсі болып, жемқорлық, әлімжеттік сынды жаман қасиеттерге қарсы тұрып, сол қасиеттерді ұрпақ бойынан көрмес үшін адамдықты, адалдықты тереңнен жырлап, толғана насихаттаған. Абай шығармаларын оқыта отырып, ұрпақты Абай үлгісінде тәрбиелеу – ізгілікке, имандылыққа, адамдыққа, биік адамгершілікке бастайтын жол.

Заман ауысып, уақыт алға жылжыған сайын халқымыз ғұлама Абайдың рухани дүниесіне терең бойлып, оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түсуде. Ұлы бабамыздың шығармашылығы бүгінгі заман талабына сай қайта түлеп, жыл өткен сайын жаңғырып ұрпақ тәрбиесінде өзіндік үлес қосып келеді.

Абайдың жазған шығармалары эстетикалық немесе сезімге, адамның рухани әлеміне әсер ету құралы ғана емес, ақынның шығармашылық шеберханасынан қазақ халқының ұлттық болмысы мен салт – санасы, тұрмыс – тіршілігінің суретін танып, жалпы мәдениеті туралы  көп мағлұмат алуға болады. «Адамды адам қылатыны – сезім, ой, рух, білім, өнер,адамгершілік, сана, әрекет»,- деп айтып кеткен ғұлама халық өміріне, ұлт болашағына бей – жай қарамаған. Осылардың бәрі болса, адам өз – өзімен табыстырады, өзін өзгемен жарыстырады, қала берсе халық игіліген сай келтіреді.

Ойшыл ұлы ақын білім алу саласына да өз көзқарасын болашақ ұрпаққа үлгі болсын деп, білімнің екі түрі болады деген ұғым білдірген. Білімнің біріншісі – материалдық түрі; екіншісі – рухани. Бұл Абайдың өзінің зерттеген ұғымдары. Абай ұғымдарының, оның шығармалырының, өлеңдерінің қайсысын зерттеп талдасақ та, берер үлгі – өнегесі, көрсетер тағылымы өте зор.

Абай өзінің туған халқымен мәңгі –бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы қалың елін қазағын жаңа биіктерге, асқар асуларға шақыра береді. Абайды оқу арылы, оны әлемге таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Абай мұрасы – адамды адам етіп тәрбиелеудің жан – жақты дамыған тұлға қалыптастырудың қайнары. Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті, теңдесі жоқ, алтын қазынасы. Осындай ақынымыздың, батыр, дана, біртуар бабамыздың ұрпағы болғанымды мақтан тұтамын...     

Ақтөбе обылысы, Хромтау ауданы

«Абай негізгі мектебі» КММ-нің

дене шынықтыру пәнінің мұғалімі

Молшылық Кенжебек Молшылықұлы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер