Забой іші тұнып тұрған қою шаң болатын. Дем алудың өзі қиын. 12-14 сағатқа созылған жұмыс үстінде тіреусіз забойдың төбесіне шытынап /жарыла төніп/ тұрған көмір породосының астында қалып қояр ма екеміз деп үнемі қауіптеніп жүресің. Оның үстіне соңымыздан жүрген бақылаушылардың бізге ақырған дауысы да ауаны жаңғырықтырады. Олар және шын болсын, өтірік болсын «аз кінәлі болдың» деп есептесе-ақ, шалажансар болғанынша сабайды. Николай Немков деген бақылаушы болды. Оның қолында үнемі қорғасыннан өзек салып өгіздің жон терісінен өргізген білеуіт қамшысы болады. Забойға түсті-ақ сол «құралын» қолданады.
Бір күні жұмыс аяқталған кез еді. Өн бойымыздан тер құйылып, шаршаған біздер аздап отырып дем алдық. Бір уақытта көктен түскендей Немков шыға келсін. Ол:
— Немене бітіріп тастап отырсыңдар ма? Бәріңді қуайын ба осы жұмыстан? — деп арғы-бергімізден сыпыра боқтай келді.
— Бақылаушы мырза! — деді сол жерде шанашы Мұстафин дейтін жолдасымыз жасқана сөйлеп. — Қайдан біз жалқау боламыз? Үнемі алақанымыз үлдірегенше жұмыс істейміз. Сау жер болмайды.
Сол-ақ екен, неге екені белгісіз, Немков бұрынғыдан бетер қаһарлана түсті. Бар күшімен әлгі жұмысшыны қолындағы дойырымен сабай бастады. Сабалау қолындағы бұзау тіс дойыр қамшының сабы сынғанда ғана аяқталды. Соққыға жығылған адам өзінің көңілсіз лашығында айдан артық жатты, содан соң ғана жұмысқа шығуға шамасы келді. Амалы қанша сорлының, тағы да оны аштық айдап забойға түсірді...
Барлық жұмысшылардың соңынан үздіксіз бақылау жүргізілетін. Бас есепші Запевал деген есепшілікпен қоса, тыңшылық жұмысты да жүргізеді. Ол кімнің не істеп жатқанын бақылап, не айтып жатқанын тыңдап тыным таппай жүгіретін де жүретін, егерде біреу-міреудің бастықтарға қарсы ұнамсыз сөздер айтып жатқаны құлағына шалынса-ақ, қожайындарға жеткізеді... Ол адамға жазалаушы күттірмей-ақ жетіп келетін.
Немков «көңілін көтеруден де» қашпайтын. Кейде ол лавкаға барады, оның қорқаулығын біле қоймаған жұмысқа жаңа түскендер көзіне түсе қалса-ақ, ол оларды лавкаға шақырады. Оның әмірімен шақырылған жас жұмысшыларға көйлек, пальтолар көрсетіледі. «Көңіліне не ұнаса, соны алуына болады» деп өзі тұрып ұялмай таңдап алуға үгіттейді.
Ол бақытсыздар қуанады, бар тәуірінен таңдап алып киінеді де шексіз алғысын айтып, кетуге ыңғайланады. Немков өңеші жыртылғанша қарқылдап күліп, әлгі «игілік көрсетіп, жақсылық жасаған» адамын қамшының астына алады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі