Асқар таулар, биікпін деп шіренбе, Сен де бір күн жермен-жексен боларсың. Мақтымқұлы «Ерте, ертеде, ешкі құйрығы бөрте екен, қырғауылдың құйрығы ұзын екен, мұзға барып қонған екен, шаты айырылып өлген екен...». Қарттар ертегісін осылай бастайтынын талай естуші ек. Сол көкелердің жолымен біз де қалам ұстап, қарманып көрелік. Жер-дүниеде тіршілік атаулы пайда болып, жан-жануар жер басып, ін қазып, өсімдік атаулы бой түзеп, әлемде өмір сүру деген ұстаным қалыптасқанда жалпақ даланың үстіне тау қоныс теуіп, асқаралы шыңдары бой түзеп, толқыны жағаға ұрған теңіз, көлдер дүниеге келіпті. Адам атаулы үсті-басын жүн басқан, бір-бірімен ым арқылы сөйлесіп, арқар, бұғы, құлжа, тауешкі аулап күн көріпті. Хайуан атаулы жолбарыс, арыстан, сілеусін, қасқыр адамдардың тірлігін көріп, үйреніп, әлі жеткендерге үстемдік жасаған екен. Құстардың қос қанаты, жауларынан құтылу үшін қажетті қаруы болыпты. Десек те олар екіге бөлініп, бүркіт, ителгі, қаршыға өз қандастарын ұстап, жемтік етіпті. Ирелеңдеген жылан улы тілімен шағып, қала бере, тышқандардың ініне кіріп қорек қылыпты. Өмір тауқыметі бұларды жауынан құтылып, қаракет жасауға үйреткен екен. «Жаудың» да жауы шығып, үкі мен жапалақ жыландарға түнде қырғидай тиіпті. Түлкі өте айлакер аң атанып, қорбаңбай аю бүлдіргенге тойып, араның балына тояттап өмір сүріпті. Достыққа, бірлікке не жетсін. Бірте-бірте қасқыр тобырымен, бұғы табынымен, арыстан мен жолбарыс батырлығымен, ептілігімен аты шығыпты. Арыстан аң патшасы, бүркіт құстар ханы аталып, қатыгездігімен, жыртқыштығымен ерекшеленіпті. Мұхит пен теңізде кит билікші екен. Өмір бір орнында тұрмайтыны белгілі. Алға жылжиды.
Ғасырлар өтіп, жылдар жылжып, айлар адымдап, апталар асығып, қас-қағым сәттер өткен шақта қазіргіден де асқар биік тұлғалы Тау төменге көз тастап:
— Ау, халайық! Маған қараңдар, — деп гүрілдеп қоя беріпті.
Таудың мінезі белгілі, бір орнынан қозғалмай, еңбек етпей, жалқау атанғаны әлемге аян. Беткейіне өскен қарағай, шырша, арша, емен, бүлдірген, итмұрын, таңқурай, қымыздық, моншақтай мойыл, қойтастар құлағын тігіпті, арқар, бұғы, құлжа, тауешкі басын көтеріпті. Жапалақ, үкі, тоқылдақ, бүркіт, ителгі, қаршыға бұтаққа қоныпты. Кекілік, ұлар, жайбасар аю мен қасқыр бөлтірігімен апанынан шығыпты. Шықылықтаған суыр, ақырған арыстан, шұбар жолбарыс тауға таңдана қарайды. Тіпті таудан құлап аққан ерке бұлақты мекендеген ханбалықтардың үйірі де үнсіз қалысты.
— Білсеңдер, мен әлемдегі ең алыптың бірімін, төмендегі даланың жайылып жатқаны да сонша қызық па? Шалқыған теңіз деп мақтайсыңдар кеп... Жүзін көрсетпейтін кит пен балықтар кімнің шікірәсі. Сондықтан маған тәжім етіп жүріңдер. Маған қызмет етуге тиіссіңдер. Қараңдаршы, бұл дүниеде менен сұлу не бар. Менен биік кім? Айтыңдаршы, — деп бір тоқтады.
Аңдар да, құстар да, жәндіктер де, өсімдіктер де бір-біріне қарасты. Алғашқы тілге келген бүркіт еді.
— Иә, Тау мырзаның айтқаны шындық. Сонау шыңның басына ұя салып, ұрпақ өсірген мен оған бас иемін, — деп ол қанатын қомдап басын иді. — Таудың апанында інім бар. Қонжықтарыма пана. Қыс бойы жылы жерде ұзақ ұйықтаймын. Рақмет саған, Тау мырза, — деді қорбаңдаған аю гүрілдеп.
— Шынымды айтсам, Тау болмаса, менің күнім не болар еді. Таудың тасын қашап ін қазамын. Екі аяқты адам да, тіпті арыстан мен қасқыр да, қу түлкі де маңыма жолай алмайды, — деді ата суыр.
Кенет суды сылдырлатқан форель-балық тілге келді.
— Ау, мырзалар! Тау өзені лайланбайды. Сондықтан да мен дүниедегі ең тәтті де ерке балықпын. Тау мырзаның құдіретін де ұмытпаған жөн, — деді ол.
— Әне, көрдіңдер ме? Мойындайтын шығарсыңдар, — деді Тау қомданып. — Мені ешкім орнымнан қозғай алмайды. Тұрған бойымда әлемдегі үлгі тұтар дүниемін. Мен сияқты адамдар да биік болғысы келеді. Ағаштар да бойлап өседі. Анау керікті айтсаңшы. Маған тартпақ боп, қанша тырысса да орта жолда қалып қойыпты. Пау, дүние!
Таудың тәкаппарсып, тірі тіршілікке паңдана қарағаны Табиғат-Ананы қатты ашуландырды. Дүниеде әр заттың, тірі дүниенің досы мен қасы барын ұмытқан Тауды тәубесіне келтіруге бел буды. Бұлай бола берсе дүниенің бүлінетініне көзі жетіп, аз-кем ойланды. Осы бір сәттерде тауды мекендегендердің ішінен күңкілдеп Тауды сөз ете бастаған еді.
— Бұл Таудың өктемсігені соншалық, менің сызылтып салған әніме де құлақ салмайтын болды. Табиғат-Ана да: «Менің биік тұғырым, бәріңнен еңселі. Жер дүние оны мақтан тұтады», — деп мақтағаннан бір жазған жоқ, — деді жел аузын қомпаңдатып.
— Нағыз жалқаудың өзі емес пе! Жатыпішер, еріншектің дәл өзі, — деді кемерді жарға соққан теңіз дүңкілдеп. — Әуелі мені де жақтыруды қойды. Менің сәулем болмаса, Тау жарқылдап аса сұлу көрінер ме еді, — деді күн тұнжырап.
— Аяғанды білмейді екен. Әлсін-әлсін бұлтымның балағын сұйылтып, жаңбырымды төгіп, шаң-құйыннан ада қып, анасынан туғандай етіп, сәби қалпына келтірсем де, жақпаймын бұл Тауға, — деді бұлт ашуланып. Әңгіменің ұзын-ырғасы Табиғат-Ананы одан сайын ашуға жетеледі.
— Мен сенің өнеріңді көрейін, — деді ол. Әп-сәтте жел қаһарына мініп, дауылға айналып, онсыз да әрең тұрған құздардың тасын құлатып, ағаштарын жапырып салып, артынша қазбауыр бұлттарын төндіріп, найзағайын жарқылдатып, аңғар-аңғарларды атқылап жөнелді. Әр жерде от тұтанды. Аңдар мен құс атаулы пана таппай сенделді. Кемпірқосақ көрінгенімен, күн көрінбей, Тауды қараңғылық басты. Енді бір сәтте күн суытып, қалың қар жауды. Сөйтіп мақтанған Тау тастары домалап, сай-сайға толып қалды. Күн де қаһарына мініп, жазда ыстығын төгіп, өсімдік атаулы қурап салды. Аңдардың тірі қалғандары жерге қашып, жабайылары адамдардың қолына үйреніп, арқар — қойға, тауешкі үй ешкісіне айналды. Жабайы аңдар хайуанаттар бағын мекен етті. Сол кезде барып Тау тәубесіне келіп, Табиғат-Анадан кешірім сұрап: — «Асқанға — тосқан» болады екен. Анашым, енді мұндай теріс жолға түспеймін, — деп ант-су ішіпті. Ана әрқашан кешірімді ғой.
— Әй, Тау балам! Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен бірге адас. Қолыңмен істегенді мойныңмен көтер, — депті Табиғат-Ана. Тауды басқа балаларының алдында бас идіріп, келісімге келтірген екен. Сөйтіп Тау осы күнге дейін қалпын сақтапты. Міне, балалар, ауыл қарттарынан естіген ертегімнің бірі осы.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі