Эссе және өлең-жыр байқауы

Тағам салған құмыра

Жапон ертегісі

Бір князьдің ақ шыныдан жасаған қымбатты құмырасы болыпты. Мұндай ілуде ғана кездесетін құмыраны Қытайдан алдырған десетін жұрт. Князь құмырада хош иісті, өте дәмді тағам ұстайды екен. Құмыра мойнының тарлығы сонша, үш-төрт саусақ зорға сияды. Князь анда-санда ғана құмыраға саусағын сұғып, әлгі тағамнан алып жеп жүріпті.

Князь есігінде Дзия деген кәрі қызметші жүріпті. Ол князьдің бала кезінен бері осы есікте келе жатқан көрінеді. Дзия әбден қаусап, қартайып, ақылынан да адаса бастаған екен. Бір күні князь құмырадан бірдеңе алып, таңдайын қаға тамсанып жеп жатқанын Дзияның көзі шалып қалады. «Мынау аса тәтті бірдеңе екен» деп ойлаған Дзия шімірікпестен князьге:

—  Азғантай маған да берші, — дейді.

— Өй, бұл жай ғана нәрсе ғой, — дейді іші қимай князь құмыраны қызметшіге ұсынып жатып.

Дзия князьге рақмет айтып, құмыраның аузына қолын апыл-ғұпыл сұғып жібереді. Сонан соң қайта суырып алайын десе, қолы құмыраның аузына кептеліп қалып, қайта шықпай қояды. Құмыраға не болғаны белгісіз, әйтеуір, қолды әбден обып алып, тыпыр еткізбейді. Соры қайнаған қызметші қалай безілдесе де, ештеңе істей алмайды. Неғұрлым қолын өзіне қарай тартса, құмыра соғұрлым оны қыса түсетін тәрізді болады.

Князьдің зәресі ұшып, дереу көмекке басқа қызметшілерін шақырады. Қызметшілер құмыраға жармаса түсіп, жабыла жұлқылай бастайды.

— Қолым, ойбай, қолым, — деп шыңғырып жібереді қызметші. Оның бажылдағанына қарамай, басқа қызметшілер құмыраны одан да қатты жұлқылай түседі. Сөйтіп тұрғанда салдыр еткізіп, құмыраның күл-паршасын шығарады.

— Алда, құмырам-ай, — деп санын бір соғады боп-боз болған князь.

— Еһе, еһе-һе-һе, оның есесіне қолым аман қалды, — дейді қызметші қуана жымиып.

Тұрғандар қараса, толы бір уыс тағамды қызметші мықтап уыстап алған екен, сондықтан қолы құмыраның аузына кептеліп қалыпты.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Қарап көріңіз



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

×