Өлеңдер Бөлімі

Атаның ақтық сөзі

Әулие баба күз түсіп, жапырақтар сарғая бастаған шақта өзінің ежелгі, ескі мекені — қырық жыл қызығын көрген Қызылтас маңындағы Қалпақтас қойнауында (кейініректе Ереншінің сайы аталған тұста) Алланың аманатын беріп, дүние салыпты. Ол былай болса керек. Жылқысын түгендеп, Кемерашыдан жоғары Сардоңғал асып, Текеліге қарай бет түзеген шағында, кіші анамыздың үйінде отырып:

— Болды, қайталық. Дәуренім өтті, талқаным таусылуға таялды, — дейді.

Жиылған жұрт бұған сенер-сенбестерін білмей, аң-таң болысады. Назарлары би атаның өзінде. Ажары айдай, ауырып-сырқамаған жанның бұл сөзіне қайран қалысады. Сол сәтте Есекеңнің өзі:

— Байқап тұрмын, батырып айтпасам, барлығыңның нанатын түрлерің жоқ. Әлемде ақыл-естен сезімтал ештеңе жоқ. Ес жоғалмаса, ел болады, ұрпақ өседі. Сондықтан өз жандарыңды өздерің қастерлеп, қадірлеп, тыңдай білсеңдер, жаман болмайсыңдар. Менің нұрым ұрпағымның жүзінде жүретін тәрізді. Соған қуанып отырмын. Ұлы тәубәм де —  сол.

Сендер, көп қарайламаңдар, үлкен үйге хабаршы жіберіңдер. Мен барып жеткенше, түгел жиылсын, бақұлдасып кетейін, — дейді.

Бұдан соң атына мініп, сол маңдағы ең биік төбеге шығып:

— Елімнің құты, ерлерімнің панасы: Сардоңғал, Сарноқай, Қора, Шажа, Сандықтас, Сартөр, ұлы Алатау, қош, қош болыңдар бәрің де, қош! — деп үш мәрте дауыстайды да, батысқа — Қызылтасқа қарай атының басын бұрады.

Жеткен хабаршыдан құлақдар болған ел екі кештің арасында күтіп отырыпты. Дастарқан басына бата жасап болып:

— Бұған да шүкіршілік, қош болыңдар, халайық... Менің жаназамды шығарып болған соң, сүйегімді ақ атанға артыңдар да, басын бос жіберіңдер. Ол қай жерге барып шөксе, сол жерге жерлеңдер. Бар аманатым осы! — депті де, ұясына қона берген күнмен бірге нұрланып жатып, ұлы баба көз жұмыпты.

Артындағы ұрпағы ата аманатын мүлтіксіз орындап, ақ атанға артылған мәйітінің артынан еріпті. ол қазіргі Қызылжар қабағына барып шөккен екен. Сол жерде қазір қасиетті бабаның бесінші ұрпағы жаңартып салған бесінші ескерткіш-кешен алыстан көрінеді.


Қарап көріңіз

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

×