Өлең, жыр, ақындар

Тапқыр бала (I нұсқа)

Өткен күндердің бірінде Орал өзенінің екі бетінде екі бай сұлтан тұрыпты. Оң жақ бетіндегісінің аты — Бегалы, сол жақ бетіндегісінің аты Топай екен. Бұлар ылғи бір-бірімен айтысып, барымталасып, шабысып, бақ таластырып келіпті. Бір күні Топай отырып:

«Менің асыл тұқымды арғымақ биелерім өзеннің арғы бетіндегі Бегалының жабы, жаман айғырларының кісінеген даусынан шошып, құлын тастапты. Бегалы асыл тұқымды құлындарымның бағасын төлесін, оған көнбесе, шабысуға даяр екенін айтсын», — деп Топай Бегалыға елші жібереді.

Бегалы бұл сөзді есіткеннен кейін, билерін шақырып алып, ішіндегі ең сөз тапқыш деген екі ақсақалын Топайға аттандырыпты.

«Барып билігін айтыңыздар, сөзден жығылсаңдар, өлген құлындарыңның бағасын төлеп қайтасыңдар», — деп тапсырады билеріне.

Екі шал Орал өзенінен өтіп, Топайдың аулына қарай жүріп келе жатып, кешқұрым мал қайтарып жүрген он сегіз-он тоғыз жасар балаға жолығады. Онан «Алдымызда жақын жерде қонатын ел бар ма?» — деп сұрайды. Күн қауысарға таянып қалған кез екен. Бала тұрып екі биге жөн сілтеп былай дейді:

— Алдыңызда, оңаша қашық емес жерде ақшамның үйі бар, онан өткесін әттегенай бар, ал қонам десеңіздер анау тұрған біздің ауыл, барып қоныңыздар, — деп жолдан шеткерілеу тұрған ауылдарды көрсетеді. Екі би тұрып:

— Шырағым, сіздің ауыл бізге қисық тұр екен, сондықтан ақшамның үйіне барып қоналық, — деп жүріп кетіседі. Күн батып, кешкі ақшам мезгілі болады, бірақ ел жоқ. Сонда біріне-бірі қарап ақсақалдар:

«Әттеген-ай, манағы баланың ауылына барып қонбағанымыз қате болған екен, әлде де болса сол баланың үйін тауып алып қоналық», — десіп аттарының бастарын бұрып алып, қайта жүріседі. Бала қариялардан бұрын келіп үйіне жеткен екен. Үйіне келе жатқан адамдарды танып, алдарынан шығады. «Қош келдіңіздер!» — деп екі қарияны аттан түсіріп қарсы алады. Түнде қонып отырған кезде бала бұл екі қарияның Топайға не үшін бара жатқанын сұрайды. Қариялар не себепті Топайға баратындарын жасырмастан айтысады. Бала тұрып:

— Топайдың өтірік дауына не деп жауап қайтарасыздар? —  деп сұрайды. Сонда екі қария тұрып:

— Біздің айтарлық еш дәлеліміз жоқ, өлген құлынның бағасын төлейміз де, — деседі. Сонда бала тұрып:

— Сіздер осы дауларыңызды маған тапсырыңыздар, Топайға жауабын мен берейін, менің малымды келгенше сіздер баға тұрыңыздар, — дейді. Екі ақсақал өзара кеңесіп, балаға ризалық білдіреді. Ертең тұрған соң бала алдымен түйеден бір үлкен қара бураны, қойдан бір үлкен ақ серкені алып қалады. Қара бураның бір жағына кебеже теңдеп, оның ішіне ақ серкені салып, екінші жағына топырақ салған қап теңдеп түйеге артады, өзі үстіне мінеді, қолына саржа /оқ жақ/ алады. Сөйтіп, Топайдың аулына аяңдап жүріп кетеді. Топайдың ауылы Көлтабанда отырады екен. Сәскетүс кезінде бала Топай аулының маңайына жақындап келеді. Бір шақырымдай жерден түйеге мініп келе жатқан адамды көріп, Топайдың аулының он-он бес қабаған иттері баланы қарсылап алады. Иттердің бірі түйенің артқы аяғыннан тістеп, бірі алдын кес-кестеп, барлығы қамалап алып түйені жүргізбей қояды. Сол кезде бала ызаланып саржамен бір-екі итті атады. Саржаның оғы қадалған иттер қыңсылап ауылға қарай қашады. Қалғандары да ыдырай бастайды. Қыңсылаған, атылған иттерді көрген Топай ауылының тентектері атқа міне-
міне салып балаға қарсы шауып, қамшы ойнатады.

— Бұл ауылға келген адам итті атпақ түгіл, қамшымен соқпайтын, сен қайдан шыққан адамсың, иттерге неге тиісесің, атаңа нәлет! — деп балағаттап, баланы сабамақ болады. Сонда бала тұрып:

— Ағатайлар, мені сабамаңдар, сөкпеңдер, ауылдарыңның сұлтаны Топайға алып барыңыздар, жауабын соған берейін. Мен Орал өзенінің арғы бетінен келе жатқан елшімін, — дейді.

Баланың мінген түйесін жетелеп келіп, баланы үйдің жанына қойып, ауылының жігіттері болған оқиғаны Топайға барып хабарлайды. Сонда Топай үйінде өздерінің билерімен бірігіп қымыз ішіп отыр екен.

— Біздің ауылдың итін атып жүрген кім, неткен көргенсіз? Өзін бері алып келші маған! — деп бұйрық беріп жатыр екен. Сол кезде бала түйесін шөгеріп, жүгін түсіріп серкені кебежеден шығарады. Түйені де, серкені де халықтың көз алдына көрсетіп жүкке байлайды. Сонан кейін Топайдың үйіне келіп кіреді.

— Өзің кімсің, қайдан келдің? — деп ақырады.

— Мен арғы беттегі Бегалының елшісімін, — дейді. Сіздің Бегалыдан талап ететін құлыныңыз бар екен, соның жауабын беруге мені жіберді, — дейді.

— Е, еліңнің үлкені құрыды ма, ақсақалы құрыды ма? Сендей ақымақ баланы шақырып па едім мен, неге келдің, сен не билік айтасың? — деп Топай қаһарланады, сонда бала айтады:

— Егер үлкен керек болса, анау байлаулы тұрған қара бура — менікі, сонан сұраңыз, ақсақал керек болса, сақалының ұзындығы жарты кез анау тұрған ақ серке — менікі, сонан сұраңыз. Ал билік керек болса, менен сұраңыз, жауабын берейін, — депті.

Сұлтан сасып сөз таба алмай қалып:

— Е, жүгірмек, ендеше менің иттерімде не атаңның құны бар еді, неге атасың? — деп айғайлапты.

— Сіздің иттерде менің көптен ала алмай жүрген өшім бар еді. Өткен жылы Орал өзенінің арғы бетінде күндіз осы қара бурамды мініп қой бағып тұрғанымда, бес алты қасқыр келіп қойға шапты. Сол кезде айтақтап ертеден кешке дейін айқайлағанда, осы иттеріңнің бірі маған көмекке келмеген, бүгін ауылға елші болып келгенде, менің түйемді жеп қоя жаздады, сонсоң аттым, — дейді бала.
—  Өзің қып-қызыл жынды екенсің, сенің өзеннің арғы бетіндегі айқайлаған дауысыңды бұл жердегі менің иттерім қайдан естісін, осындай да сөз бола ма екен? — деп Топай тағы ежірейеді.

— Айтқан сөзіңізге ие болыңыз, адамның дауысы айуанның дауысынан қаттырақ шығатынына сіздің таласыңыз болмас. Олай болса, Бегалының жабы айғырының өзеннің арғы бетінде жүріп кісінеген даусын сіздің асыл тұқымды биеңіз қалай есітеді? Қайсымыз жынды болдық? — дейді бала.

— Жұрт-ау, мына жынды жүгірмектің мені сөзбен жеңіп, жермен жексен жасағанын көріп отырсыңдар ғой! Енді менің Бегалыдан ешқандай талабым жоқ. Мынау жүгірмек келмей жатып менің екі жақсы итімді өлтірді, ұзақ аялдаса, біреумізге зақым жасар, тезірек еліне қайтарып құтылыңдар! — деп Топай би жігіттеріне бұйрық береді.

— Мені жынды дедің, жүгірмек дедің, бала дедің, бірталай сөзбен қорладыңыз. Ал менің сізге айтарым:

— Ақылдың жастан шығатынын, асылдың тастан шығатынын, күнәсіз адамды жәбірлеу мастан шығатынын бұдан бы- лай есіңізден шығармаңыз, би! — деп, бала үйден шығып кетеді. Осы сөзді айтқан бала Сырым екен.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз