Эссе және өлең-жыр байқауы

Бүгінгі замандағы Шұға бейнесі

Белгілі жазушы Бейімбет Майлиннің Шұға белгісі романын оқымаған қауым жоқ шығар. Шоқтығы биік туындының халыққа әсер еткені даусыз. Қыздың бойында тек қана келбеті шырайлы болуы емес, қылығы, тәрбиесі де жоғары деңгейде болу керектігі жөнінде баяндалады. Ажарлылық пен мінездің көркемдігі бірдей көрініс тапқан. Шұға бейнесі көпшілікке үлгі бола білді. Сөйлеген сөзі мен жүрген жүрісі арқылы шынайы болмысының қандай екендігін анық байқаймыз.

Ал енді бүгінгі замандағы Шұға бейнесі қандай? Байсалды, ұяң, ақылына көркі сай қыздар осы күні кездеседі ме? Әлде уақыттың өзгеруіне байланысты қара көздеріміздің жоқ болғаны ма? Осы сауалдарға жауапты бірге іздеп, бір тоқтамға келейік.   

Әрине, бұрынғы кезең мен бүгінгі күнді салыстыру мүмкін емес. Екі жақтың бірлесе қайнасуы екіталай. Дегенмен де ғасырлар тоғысындағы оқиғалар желісін жақындастыратын жақтар ерекше көрініп тұрады. Қазіргі кезде Шұға тәрізді сабырлы, жайдары мінезді қыздар да бар. Алайда, дәл өткенгі тарихтағыдай болмағанымен, тағдыр тәлкегі талай мәрте орын алады. Кез келген қыз баланың бойында ар,ұяттың болуы - текті отбасынан шыққанын, ата-анасының тәлім-тәрбиесін алғандығын, ешбіреудің ала жібін аттамағанын дәлелдейді. Әлі күнге дейін ондай қыз атаулылардың бары қуантады. Мәселенің түп-тамырына үңілетін болсам, Шұғаның басынан өткен хикаясы - өз заманының оқиғасы. Бүгінде іштей жақсы көріп, сырт көзге байқатпау көп кездеспесе, оны мүлде жоқ деп айтуға да болмайды. Өз шынайы сезімін білдіре алмай, жасырып жүргендер де біршама. Сол жанмен бақытты бола алатынын сезінсе де, оған айтуға жүрексініп, қор болып қаламын деп ойлаушылар да бар. Екі жүрек бірге соғып тұрғанмен, тілге жүгінуге батылдары жетіңкіремей, осалдықтарын танытатындар жолықпай қоймайды.

Көпшілік жастар осы кездері “Махаббаттың, яғни сезім тілі - үнсіз тіл” дегенге сенеді. Яғни көзбен, яки жүрекпен тілдесу керек деседі. Ал соны бір жүрек сезінсе, екіншісінің мұны білуге қауқары жетпей қалады емес пе?! Сондағы анықтайтынымыз, екі жастың махаббаттары берік емес екендігі. Өйткені, біреуінің еш сезімі жоқ немесе ол оны жанардан байқамаған. Өкініштісі де сол ғой. Кей кезде көзбен көрмей, жүрек тіліне мән берген дұрысырақ. Ұғына алмаса, өз шешімі деп қабылдаса керек. Өткен ғасырдағы Шұғаның ойын, қабылдаған шешімін қазіргі қоғам қыздарының кейбірі құптаса, басқалары  жақтырмай қарағандай болады. Әр заманның өзіндік тарихы, өмірі бар ғой. Оны да ұмытпай, қатты сыни көзбен қарамаған жөн. Сол сәттегі Әбдірахман мен Шұғаның сезімі қаншалықты мықты болса да, олар әрі қарай бақыты үшін күреспеді. Бір орында тоқтап қалып, қандай шешім қабылдау керектерін білмей, жолдары екі айырылады. Әбдірахманның Шұға қайтыс болғандағы тартқан азабын, жазылған соңғы хатындағы терең ойын, тек шынайы ниетті жан пайымдауға лайықты деп санаймын.  

Ата-анасының разылығын, батасын алмай, қос жұптың бақытты болуы екіталай демекші, Шұға уайымнан құса болып, ауруға шалдығып кетеді. Қазір ондай оқиға желісі түгелімен жойылған жоқ, қайткенмен де азайған. Өйткені, жастар өз еріктерімен өмір сүруге дағдыланды. Үлкендердің рұқсатын алмай-ақ, қанша қарсы болғанына қарамастан пікірлерін, жеке тұжырымдарын ұстанады. Мұнысы дұрыс, не болмаса бұрыс екеніне мән беріп жатқандары шамалы. Ғасырдың ауысқаны соншалық, ұлттық дәстүрге негізделген құндылықтарымыздың бірі - жасы үлкендерге сыйластықпен қараудың да қадірі қалмаған. Әркімнің өз шындығы мен жеке көзқарасы қалыптасқан қоғамда кез келген жанның түсінігі бөлек болады. Сол себепті, санаспай қалып, біреудің пікіріне мән бермеу осыдан туса керек.  

Кез келген адам өз тағдырының негізгі кейіпкері, әрі қожайыны. Өмірінің қандай сипатта өрбитініне де жалғыз өзі себепкер болып табылады. Лайым дұрыс шешім қабылдап, жаңсық қадамдардан іргемізді аулақ ұстайық. 

Қасиет Бахкерейқызы


Қарап көріңіз



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

×