Өлең, жыр, ақындар

Баймұрат қарттың әңгімелері

Баймұрат қарт аудан орталығынан шетірек, Жем өзінінің бойынан қыстау салып, жазы-қысы сонда немерелерімен отырады екен. Өзі сөзге ұста, жаны жомарт, келім-кетімге дастарханы да мол, инабатты, халық сыйлайтын адам болыпты. Сол кісі айтты деген 1-2 әңгіме:

***

Соғыс аяқталар кез шамасында біздің ауданға Аудандық советке председатель болып бір кісі келген екен. Бір күні әлгі председатель Баймұраттың атағын естіп, сәлемдесуге арнайы іздеп, үйіне барады. Баймұрат ақсақал келген қонақты жылы қабылдап, ешкі сойып, (ол кезде жеке адамға ұсақ жандық бола бермейді) қонақасы береді. Келген қонағына бар мәзірін, жоқ жайын айтып, шығарып салып тұрғанда қонақ қайта-қайта «рахмет» айта беріпті. Сонда Бәкең қарт:

— Ешкі сойып бергенде осынша рахмет айттың, қой сойып берсем, үйден шықпайтын иттің бірісің-ау, — деп, қонақтың шектен тыс жалпылдағанын жаратпай қалыпты.

***

Бәкең қартайып сексеннен асып қайтыс болыпты. Науқасы жанына батып өлетін шағы таянғанда туған балалары, немерелері қасында болыпты. Алпысбай деген баласы әкесінің жағдайы нашарлаған соң:

— Әке, жаман айтпай жақсы жоқ, олай-бұлай болып кетсең, қай молаға қоямыз?» — деп сұрапты. Аталарының қауымы қашығырақта болса керек. Қиналыңқырап жатқан Бәкең қарт қайратын бойына жиып:

— Не деп тұрсың? Енді маған қай мола қалың беріп, қатын әперер дейсің, осы жерге қоя сал, — депті.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз