Өлең, жыр, ақындар

"Қашықтықтан оқытудан" қашпаңыз!

Әлем күн сайын жаңаруда. Күн сайын түрлі жаңалықтар ашылуда. Күн сайын жаңа жобалар іске асырылуда. Күн сайын бұл өмірдің бізге дайындаған сыйы артуда. Сондықтан әр күнге жаңаша көзқараспен қарауға дайын болу керек.

Әлемдегі соңғы болған оқиғалар бүкіл адамзатты дүр сілкіндірді. Еліміздегі мегаполистердің карантинге жабылуы, жұмыстың тоқтауы, қоғамдық шаралардың кейінге шегерілуі – бәрі біздер үшін күтпеген жаңалық. Ал, ең үлкен өзгеріс – мектептердің қашықтықтан оқытуға көшуі. Әрине, бұл оқушылар тұрмақ, мұғалімдер мен ата-аналар үшін де қиындау болып тұр. Көкейде сауал көп. Дегенмен, іштегі қорқыныш, үрей, сенімсіздікке қарамастан алға қарай қадам жасау маңызды.

Білім беру бұл ел болашағы үшін аса жауапты үрдіс екені мәлім. Сондықтан білім беру саласына қай мемлекетте болмасын үлкен жүк артылады. Ал қазіргі жағдайда сапалы, ең бастысы нәтижелі білім беру үрдісін ұйымдастыру екі есе қиындай түсетіні анық. Десе де, барша әріптестеріме «қашықтықтан оқытудан» қашпауға кеңес беремін!

Қашықтықтан оқыту ерте ме, кеш пе бізге жететін еді. Өйткені бұл – заман талабы. Ақпараттандырылған ғасырда озық технологияның үздік жемістерін пайдалану – дамыған елдердің шешімі. Сондықтан еліміз үшін бұл да бір жаңа белес, жаңа шың! Ендеше, сіздермен қашықтықтан оқытуға арналған бағдарламалармен бөлісейін.

1. Google Classroom қосымшасы

Бұл қосымша компьютермен де, ұялы телефонмен де кіруге ыңғайлы. Ұялы телефон үшін алдын ала бағдарламасын жүктеп алу қажет. Мұғалімдер де, оқушылар да gmail пошта арқылы тіркелу қажет. Тіпті, мектепті де тіркеуге болады. Бұл мектеп әкімшілігі үшін мұғалімдер мен оқушылардың жұмысын қадағалап отыруға ыңғайлы болары сөзсіз. Мұғалім ретінде тіркелгеннен кейін сіз өз пәніңізге арнап арнайы курс ашу мүмкіндігіне ие боласыз. Курсты сыныптар мен пәндерге қарай бөліп ашуға да болады. Әр курстың өзінің КОДЫ болады. Оқушылар курсқа сол код арқылы тіркеле алады. Курста өтілетін тақырыпты күн сайын жариялап отыруға немесе алдын-ала дайындап, сабақ кестесіне сай күнді, уақытты белгілеп, жоспарлап жариялауға мүмкіндік бар. Яғни, бір сыныпқа арналған сабақтардың барлығын дайындап қойып, сабақтың шығатын кестесін белгілеп қойсаңыз, ол өзі автоматты түрде жарияланып отырады. Оқушыларға тапсырмаларды тест түрінде, бейнематериал немесе презентация түрінде ұсынуға болады. Әр тапсырма бағалау критерийлерін енгізе аласыз. Оқушылардан жұмысын жібергенде сізге хабарлама келеді және олар бір-бірінің жұмыстарын көре алмайды. Мұндай оқушымен кері байланыс жасау мүмкіндігі де қарастырылған. Әр оқушының жұмысына өзі ғана көре алатын жеке комментарий қалдыруға болады. Оқушы жұмысын дәптерге орындап, сізге суретке түсіріп жіберген жағдайда, оның қателерін белгілеп, пікір қалдыра аласыз. Ең бастысы, бұл қосымшада арнайы журнал болады. Кімнің қай уақытта тапсырғанын, қанша балл алғанын қадағалап отырасыз. Сонымен қатар оқушылардан келген файлдардың барлығы Google Дискте сақталады. Кез келген уақытта қолжетімді болады.

2. Learningapps қосымшасы

Бұл – сабақты түрлендіруге арналған қосымша. Дәстүрлі сабақтармен оқушылардың қызығушылығын төмендетіп алуыңыз ықтимал. Сол себепті Learningapps арқылы әр сабақты қызықты форматта өткізіңіз. Мұнда оқушыларды өзіңіз тіркеп, логин парольдерін үлестіруге немесе qr кодпен бөлісіп, оқушылардың өздігінен тіркелуіне болады. Арнайы бағдарлама жүктеудің қажеті жоқ, сайтқа кіріп, онлайн түрде қолдана бересіз. Ұялы телефон арқылы да кіруге болады.

3. Telegram

Иә, бұл – бәрімізге белгілі мессенджер. Барлық оқушының жылдамдығы жоғары ғаламторға шығатын мүмкіндігі жоқ. Бұл орайда месенджерлерді пайдалануға болады. Соның ішінде ең тиімідісі осы Telegram деп санаймын. Компьюер арқылы да, ұялы телефонмен де кіре аласыз. Мұнда канал ашып, оқушыларға сол каналдың сілтемесін жіберуге болады. Каналды күнделікті сабақтарыңызды, тапсырмаларды жариялап отырасыз. Бір пайдасы оқушылар мұндай жаза алмайды, тек бақылап, көріп отыра алады. Ал сұрақтарын жеке хат арқылы жолдайды. Сонымен бірге қысқаша сауалнама ұйымдастыруға да болады. 

Қазір қашықтықтан оқытуға арналған бағдарламалар өте көп. Дегенмен, бұл ұсынылған қосымшалар ең тиімді және қолжетімді деп санаймын. Ендеше, іске сәт, әріптестер!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (2)

Азамат Жұмасейітұлы

Интерфейсі қазақ тіліне аударыңдар, Тәуелсіздік тілден басталады !!!!

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер