Өлең, жыр, ақындар

Аударыспақ

Нартайлар «Теңге ілуді» көріп болып, келесі топқа бет алды. Мұнда да жарыс қызып жатыпты. Көрермендер қатарына келіп тұра қалды.

Басында не болып жатқанын Нартай білген жоқ. Бақылап сәл тұрған соң, бәрі белгілі болды.

Алғашында ол екі-екіден жұптасып арғы шетте қатар тұрған атты жігіттерді көрді. Әлденеге әзірленгендей тастүйін бекініп алыпты. Аттары да тықыршып, өздері де елеңдеп тұр.

— Мұнда аударыспақ болып жатыр екен ғой, — деді қасында тұрған бала.

Нартай мұндай сайыстың бар екенін естігенмен, нақты қалай өтетінін білмейтін. Сондықтан жақсылап көріп алғысы келді.

Арнайы киім киген атты кісі ортаға шығып, қатты дауыстап ойын ережесін баяндап өтті. Сосын қолындағы қағазға қарап, екі адамның атын атады. Аударыспаққа түсетіндер осылар екен. Қос жігіт аттарын тебініп, желе жортып ортаға шықты.

Оларға жақындаған әділқазы айнала жүріп, мұқият тексерді. Аса мән беріп қарағаны белдеріне байлаған белбеуі болды. Ұстап тұрып шірене тартты. Нартай түсінбей:

— Не істеп жатыр? — деп сұрады.

Қасында тұрған бала:

— Белбеулерін тексеріп жатыр. Бұл аударыспақ сайысында өте маңызды. Белбеу болмаса, басқа жерден ұстап, аттан аудару қиын. Не киім жыртылады, не сытылып шығып кете береді. Кейбіреулер белбеуді бос байлап қойып, қатты тартқанда, ағытылып кетеді. Сондықтан, қатал тексеру керек, — деп, тәптіштей түсіндірді.

Нартай басын изеді. Артынан:

— Белбеу деген белдік пе? — деп сұрады бәрін анық біліп алайын деп.

— Жоқ, белдік емес, — деді ана бала. — Бес-алты метр матаны ұзынынан шиыршықтап киімнің сыртынан белге орайды.  Оның бір ұшын оралған матаға жақсылап бекітеді. Сонда ол  босамайды. Бастысы, аударысқанда ұстауға қолайлы. Белбеу деген сол. Қара, басталды!…

Нартай алдыға ұмсына қарап еді, екі жігіт сарт-сұрт ұстасып қалған екен.

Екеуі де тас қылып бір-бірінің белбеуінен ұстапты. Жігіттер қарулы екен. Оңайлықпен берісер түрі жоқ. Екеуін екі жаққа тартып кетуге шамалары жетпеген аттар, шеңбер жасап айналып жүр. Бір кезде жігіттің біреуі аттың басынан асып барып жерге құлады. Оның артынан атының ертоқымы да сыпырылып түсті.

— Қап! — деді қасында тұрған досы санын соғып. — Тартпа үзіліп кетті. Обал болды.

Не болғанын сонда барып әрең аңдаған Нартай:

— Енді олар қайта аударыса ма? — деп сұрады.

— Оны әділқазы шешеді. Жоқ, мынау қайта аударыстырмайтын болды. Кісі көп қой өйткені…

Іштей сәл өкініп қалған Нартай:

— Бұл әділетсіздік қой. Тартпаның үзілуі жеңілістің себебі болмауы керек қой, — деді.

— Нақты қалай шешкенін білмедім. Бірақ, тартпаның әлсіздігіне иесі ғана кінәлі, бұл басы ашық нәрсе, — деді өте көп білетін қасындағы досы.

Нартай қисынға жығылып, үндемей қалды.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз