Бірде тікен тонды кірпі тіміскіленіп далада келе жатса, алдынан ін қазып жатқан көртышқан кезігіпті.
— Әй, көртышқан, бермен келші! Әңгімелесейік! — дейді кірпі.
— Ол не әңгіме? — дейді көртышқан таңғалып.
— Жай әңгіме емес. Саған бір іс тапсырайын деп едім. Келісіміңді бересің бе? — дейді кірпі оған.
— Ол істің пайдасы болса, неге бермеске?! Әрине, беремін, — дейді көртышқан.
— Өте пайдалы іс! Екеуміз бірлесіп мына ен далаға егін салайық. Сен жер қаз, мен дән егейін. Күзде шыққан егінді теңдей етіп бөліп аламыз, — дейді кірпі.
— Келістік онда. Бұл ұсыныс маған ұнап тұр, — дейді көртышқан.
Сөйтіп екеуі іске кіріседі. Көртышқан жер қазады. Кірпі ары-бері аунап жүріп, жерді тегістейді де, оған бидай дәнін себеді. Күн-түн демей, еңбек етеді. Арада айлар өтеді. Сары күз де келеді. Кірпі мен көртышқан еккен егін бітік шығып, дән толы масақтар иіліп, жайқалып тұрады.
Екі дос егінді жинап алып, бөліске салмақ болады. Бірақ кірпі уәдесін орындамайды. Өзіне бір қап бидай алады да, көртышқанға жарты қап бидай береді.
— Әй, кірпі, мұның қалай?! «Күзде өнімді теңдей бөлеміз деп едің ғой! Сөзіңде неге тұрмайсың?! — дейді көртышқан ашуланып.
— Өйткені, мен көп жұмыс істедім. Көрмейсің бе, жерге дән егем деп жүріп, инелерімді сындырып алдым, — дейді кірпі.
— Ал мен ше? Жер қазып жүріп, тырнақтарымды сындырдым, Міне, көр сеңбесең! — дейді көртышқан.
Екеуі ары дауласады, бері дауласады. Ақыры бір-бірін жағадан алып, арпалыса кетеді. Осы кезде оларды бір түлкі көріп қалады. Ол келе салып, алысып жатқан кірпі мен көртышқанды ажыратып жібереді.
— Сендерге не болған? Неге таласып жатырсыңдар? — дейді оларға түлкі.
Кірпі мен көртышқан болған істі түлкіге түгелдей баяндап береді.
— Әй, сендер де болмайтын іске таласады екенсіңдер! — деп түлкі миығынан күледі. Сөйтеді де, кірпі мен көртышқанға мынадай ақыл айтады:
— Қарап тұрсам, кірпі көбірек жұмыс істепті. Әбден шаршаған екен. Оған енді жақсылап демалу керек. Сондықтан кірпіге бидайдың сабанын берейік. Үстіне жатып, ұйқысын қандырсын. Ал бидайды он бөлікке бөлеміз. Оның бір бөлігін көртышқан алады. Қалған тоғыз бөлігін осы дауды әділ шешкенім үшін мен аламын.
Кірпі мен көртышқан түлкінің айтқанына көнеді. Сөйтіп қу түлкі бидай толы қапты арқалап, жөніне кетеді. Көп ұзамай кірпі мен көртышқан алданып қалғандарын түсінеді.
— Досым-ай, екеуміз бекер дауластық. Көрмейсің бе, дауласамыз деп қу түлкіге алдандық. Бүкіл еңбегіміз зая кетті, — дейді көртышқан.
— Оның рас. Түлкі бізді алдап соқты. Әттең, бәріне мен кінәлімін. Бидайды екеумізге теңдей етіп бөлсем, мұндай болмас еді, — дейді кірпі.
Кірпі қателігін түсініп, өкініштен өзегі өртеніп, орманға кетіпті. Содан бері кірпі мен көртышқан бірлесіп егін екпейтін болыпты.
Орыс тілінен аударған Бағдат Мәжитов
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі