Сонау бағзы замандарда қыс қазіргіден де суық, қазіргіден де қаһарлы болыпты. Бір ғажабы, ол кезде қар жаумаған екен. Жердің беті ақ көрпеге оранбай, қап-қара күйінде қатып-семіп жатыпты. Қабағы қатулы Қыс болса, өзінің сарайының терезесінен төмендегі мүлгіген тыныштықты үнсіз бақылап, тоң боп қатқан тақыр жерге ұзақ қарайды екен.
Қыстың Қар деген жалғыз ұлы болыпты. Ол өте сезімтал әрі мейірімді екен. Бірде Күз мезгілі кезегін Қысқа беріп, күн енді суыта бастаған шақта Қар балақай төменге көз жіберіп, жылтырап жатқан әлдебір оттарды көреді. «Бұл неғылған от?» деп ойлайды Қар. Жақын барып көргісі келеді. Сөйтіп, жерге түседі. Қасына барып қараса, от дегені алқызыл гүлдер екен.
— Неткен әдемісіңдер! — дейді Қар оларға тамсанып.
Гүлдер болса, бастарын төмен салбыратыпты.
— Біз әбден тоңдық. Қара суық өн бойымыздан өтіп барады. Көп ұзамай мүлдем үсіп қаламыз, — дейді олар мұңайып.
— Қандай өкінішті! Неге бір жерге жасырынып қалмайсыңдар? — дейді Қар.
— Біз жүре алмаймыз ғой! Тамырымыз жердің астында. Әттең, қалың көрпеміз болса… Соны жамылып жатып, суықтан сақтанар едік, — дейді гүлдер.
Қар оларды қатты аяп кетеді. Сарайына оралған соң, анасына болған оқиғаны баяндап береді.
— Балам-ау, қайдағы бір гүлдерге жаның ашығаны қалай? Жер бетінде гүл деген көп! Бірі солса, екіншісі өніп шығады, — дейді. Артынан қабағын түйіп, қаһарына мініп:
— Айтпақшы, сен ол гүлдерді қайдан көрдің? Ертең-ақ үсітіп, мұз сүңгіге айналдырайын! — дейді.
Мұны естігенде мейірімді Қар баланың көңілі босап, көзіне мөлтілдеген жас келіпті. Ол сарайдың алдына отырып алып, ағыл-тегіл жылайды. Көзінен аққан әрбір тамшы жас кіп-кішкентай қаршаға айналады.
Содан бері қыста аспаннан қылаулап ақ ұлпа жауады екен. Адамдар оны қаһарлы Қыстың мейірімді баласының құрметіне «қар» деп атап кетіпті. Жапалақтап жауған қар жердің бетін жауып, қалың көрпеге айналады екен. Нәп-нәзік дала гүлдері сол көрпенің астында жатып, қыстан аман шығатын болыпты.
Ерте көктемде сүр қардың астынан қылтиып шығатын бәйшешектің басы неге иіліп тұратынын білесіңдер ме? Бұл оның гүл біткенді ажалдан құтқарған Қар балаға алғыс айтқаны екен.
Орыс тілінен аударған Бағдат Мәжитов
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі