Құлан иектеніп атқан таң жапырағы селдір орманды алтын нұрға малшындыра бастады. Айнала мүлгіген ұйқыда. Тым-тырыс. Сәлден соң тау басынан күн де сығалады. Өзен жағасына бой түзеген қалың ағаш ішінен шыққан Тоқылдақ үні меңіреу тау ішін жаңғырыққа бөлеп жіберді.
— Тоқ, тоқ… тоқ, тоқ, тоқ… Күн шықты, енді ұйқы жоқ, — деп
Тоқылдақ ұшар басы аспанмен тілдескен дәу самырсынның қабығын қаққылап жатты.
— Таң атпай мазамды алған кім? — деді самырсынның ұңғылынан шыққан үн.
— Тоқылдақпын. Сен кімсің?
— Тиінмін.
— Тиін, Тиін! Жылдам киін, мойныңды бұр, орныңнан тұр, тоғайға жүр, өрік қақ, жидек тап, жаңғақ шақ!
— Қап, бәлем! — деп ашуға булыққан Тиін далаға шықты.
Тоқылдақ самырсыннан ұшып барып, қарағайға қонып, оны да қаққылай бастады:
«Тоқ, тоқ… тоқ, тоқ. Күн шықты, енді ұйқы жоқ».
— Таң атпай ерігіп жүрген қайсың? — деді ағаш ішінен шыққан шаңқылдақ дауыс.
— Тоқ, тоқ… Тоқылдақ деген менмін. Өзің кім болдың?
— Сусармын.
— Сусар, Сусар! Көлге жусар, ұйқыңнан тұр, мойыныңды бұр, тоғайға жүр, өрік қақ, жидек тап, жаңғақ шақ!
— Қап, бәлем! — деп күрек тістерін ақситып, сусар далаға шықты. Бірақ Тоқылдақ көрші шынардың бұтағын қаға бастаған еді.
— Тоқ, тоқ… Тоқ, тоқ, тоқ. Күн шықты, демек, ұйқы жоқ!
— Әй, бұл қайсың таң атпай мазалаған?
— Тоқ, тоқ… Тоқылдақ деген мен болам. Өзің кімсің?
— Күзенмін!
— Күзен, Күзен, суда жүзген!
Ұйқыңнан тұр, мойыныңды бұр, тоғайға жүр, өрік қақ, жидек тап, жаңғақ шақ!
— Қап, бәлем! Мына жағың қарысқырдың ызасы-ай! — деп Күзен далаға шыққанша, тоқылдақ шыршаның қабығын қаққылай бастады:
— Тоқ, тоқ, тоқ, тоқ, тоқ… Күн шықты, демек, ұйқы жоқ!
— Әй, дүрсілдеткен қайсың?
— Тоқ. тоқ… Тоқылдақ деген мен болам. Өзің кімсің?
— Кәмшатпын, Кәмшат!
— Кәмшат, Кәмшат, ала моншақ! Ұйқыңнан тұр, мойыныңды бұр, тоғайға жүр, өрік қақ, жидек тап, жаңғақ шақ.
— Қап, бәлем! — деп, тісін шақылдатқан Кәмшат далаға жүгіргенше, Тоқылдақ теректің бұтағын қаққылай бастады:
— Тоқ, тоқ, тоқ, тоқ… Күн шықты, демек, ұйқы жоқ!
— Бұл кім екен? — деген дауыс теректің түп жағынан естілді.
— Тоқ, тоқ… Тоқылдақпын. Өзің кім болдың?
— Менмін ғой. Қоян.
— Қоян, Қоян, жылдам оян! Ұйқыңнан тұр, мойыныңды бұр, тоғайға жүр, өрік қақ, жидек тап, жаңғақ шақ!
— Қап, бәлем! Жаңа ғана көзім ілініп еді, — деп Қоян інінен шыққанша, Тоқылдақ лып беріп еменге қонды.
— Тоқ, тоқ, тоқ, тоқ, тоқ… Күн шықты, енді ұйқы жоқ!
— Бұл кім тарсылдатқан? — Гүріл еменнің түбінен естілді.
— Тоқ, тоқ… Тоқылдақпын. Өзің кімсің?
— Мен бе? Мен Маймақ емеспін бе?
— Маймақ, Маймақ! Талтақ аяқ, ұйқыңнан тұр, мойыныңды бұр, тоғайға жүр, өрік қақ, жидек тап, жаңғақ шақ!
— Әй, мына Тоқылдағың рас айтады. Ұйқыға әлі ерте болар, — деп Маймақ аю апанынан шығып, шаруасына кірісті. Тоқылдақ басқа ағашқа ұшып кетті.
Балалар! Тоқылдаққа қай хайуанаттың ашуланғаны дұрыс та, қайсысынікі дұрыс емес?
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі