Сиссилия Инхеньеросқа арналады
Тентек мінезінен басқа ауыз толтырып айтарлық қасиеті жоқ, Буэнос-Айрес маңынан шыққан тентек кедейдің жылқы жайылымынан тұрақ тауып, контрабандашылардың басшысы атануының ақылға сыйымсыз оқиға болып көрінуі де мүмкін. Алайда бұлай ойлайтындардың патша-көңіліне орай, Бальванер кварталының аңызды дақпыртына айналып, қисынға сай Риу-Гранди-ду-Сул маңында оқ тиіп өлген Бенхамин Оталораның тағдыры туралы айтқым келеді менің. Маған оның алаяқтық тарихы бүге-шігесіне дейін мәлім. Деректерім көбейген сайын менің хикаятым да толық әрі нақты бола түспек. Ал әзірге осы бір қысқа баянымның өзі де жеткілікті болуы мүмкін.
Бенхамин Оталоре 1891 жылы тоқсан жасқа толады. Бұл өзі аласа маңдайлы, таза да жарқын жанарлы, басктарға тән қайсар мінезді жігіт. Жекпе-жекте жолы болса, өзіне деген сенімі де оянып шыға келмек. Қарсыласының желкесі үзіліп, өзінің туған отанынан қашуына тура келсе де былқ етпек емес-ті. Жергілікті каудильо оған әлдебір уругвайлық Асеведо Бандейраның атына хат жазып береді. Қайыққа мінген Оталора жарқылдаған найзағай астында дауылды айдынға түсіп, сапар шегеді. Келесі күні-ақ ол Монтевидео көшесінде жүрген-ді. Жасаған ісіне өкінгені, не өкінбегені де белгісіз. Асеведо Бандейра болса ұшты-күйлі жоқ. Түн ортасында Пасодель Маоинодағы альмасендердің бірінің қасындағы шарапханада мал айдаушылар арасында дау туындайды. Қанжар жарқылдаған. Оталораның да өзгеріп сала беретін тұсы осы ғой. Оған кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екенінің де құны көк тиын. Жұрт музыка мен карта ойынынан елірсе, бұл сабаз қатер сезінсе болды - масайрап сала бермекті. Аяқ асты төбелеске араласып, пончо мен қара қалпақ киген, адамға бағытталған пеонның соққысын да қағып үлгіреді. Бұл адам Асеведо Бандейраның нақ өзі тұғын. (Мұны біліп қалған Оталора әлгі хатты жыртып тастайды, Асеведоға бас игісі келмейді). Бандейра қайратты да мықты адам еді. Сәл еңкіш көрінетіндей алдамшы әсерге бөлейтін-ді. Оның сақтыққа бейім бетінен негрге, еврейге, үндіске тән, ал мүсінінен маймыл мен жолбарысқа тән сипаттар аңғарылар еді. Шекесінен маңдайына қарай тартылған тыртығы да сыртқы болмысының бір ерекшелігі тұғын. Қара қылдай қайратты мұртының өзі бір керемет.
Ішімдіктің әсерінен немесе кесірінен туған жанжалдың басталуы қалай тез болса, аяқталуы да сондай жылдам. Оталора да көп ұзамай-ақ әлгілермен бірге ішіп, көңіл көтеруге аттанады. Таң ата олармен ескі қаладағы бір үйге де барады. Олар үй сыртындағы патиода - тақыр жерге ер-тоқымдарын төсей салып, ұйықтауға жатады. Оталора еркінен тыс осынау бір түнін мұның алдындағысымен салыстырған. Қазір өз достарының ортасында еді ол. Белгісіз, беймәлім ахуалда емес, аяғы кәдімгідей жер басып тұрғанды. Рас, көңіл түпкірінде аздаған ұяты да оянған сияқты ма-ау... Буэнос-Айреске деген қимастығы және жоқ. Тал түске дейін тұяқ серіппей ұйықтағысы бар еді оның. Алайда артығырақ ішіп қойып, Бандейраға тиіскен адамның оятып жібергені. (Оталора біртіндеп есіне түсіре бастаған. Басқалармен бірге тоқтаусыз, түні бойы ішкен сабаз да осы адам болатын. Бандейра болса оған қасынан орын беріп, шараппен сыйлаған-ды) әлгі адам Оталораға қожайынның шақырып жатқанын айтады.
Подъезге тіке шығатын бөлмеде (Оталора подъезге тіке шығатын бөлмені бұрын-соңды көрген жоқ тұғын) оны қызыл шырайлы, жирен шашты әйелмен бірге Асеводо Бандейра күтіп отырған. Асеведо оған бір рөмке шарап құя отырып, есі шыға мақтай жөнеледі. Тағы да бір рөмке шарап құйып "батыр жігіт екенсің!" дейді. Ең соңында өздерімен бірге Солтүстіктен мал қуып әкелуге ұсыныс жасайды. Оталора келіседі. Таң ата атқа мініп, Такуарембоға сапарға шығады.
Сөйтіп Оталораның шақырайған жазық даладағы аттың тері аңқыған ауыр күндері көп жаңа өмірі басталады. Осынау бір жаңа тіршілігі ол үшін оңай емес-ті. Біз (әлбетте, оның ішінде осы теңеуді келтіріп отырған адам да бар) теңіз түбінде ғұмыр кешіп, теңіз сиқырлап тастағандар ат тұяғының тарсылына толы жазық көрсек болды құлай берілеміз. Оталора да жәмшіктер мен балық аршушылар кварталында өскен бала ғой. Бір жыл өтпей-ақ ортаң қолдай гаучо болып шыға келеді. Атқа нық отыруды, үйірлеп жылқы айдап, мал союды, бұғалық лақтырып, шу асауды амалсыз тыпырлатуды үйреніп, ұйқы мен суыққа, жел мен ыстыққа, ысқырып мал қууға көндігіп алады.
Кәсіпке жаңа үйреніп жүрген кезінде Асеведо Бандейраны бір-ақ мәрте көреді. Алайда оны ұдайы қасында жүргендей сезінеді. Өйткені, "Бандейраның адамы" болу дегеннің өзі -онан қорқуды ұқтыратын-ды. Бұл топта әлдекім, әлдеқалай ерекшелене қалса "Бандейра бұдан да жақсы жасар еді!" дейтін тәртіп бар тұғын. Бандейраны Куарейманың келесі жағалауында, Риу Гранди-ду-Суалда туған деген сөз бар. Туған жері бір жағынан оның беделін түсіретіндей болып көрінгенімен, сансыз қиын соқпақтар торлаған осынау ми батпақты, өтуі қиын аймақтың қорқынышы Бандейраның гаучолар алдындағы қадірін де арттырғандай. Уақыт өте келе Оталора негізінен контрабандадан тұратын Бандейра әрекеттерінің сан-салалы екеніне көз жеткізеді. Оның ішінде мал ұрлау - жалшыға тән шаруа. Сөйтіп, Оталора контрабандист болуғa бел буады. Бірде оның екі жолдасының шекарадан өтіп, бір топ канья әкелуі керек болады. Оталора солардың бірін қасақана төбелеске арандатып, жаралайды да орнына өзі аттанады. Онда мақтан сүйгіштікпен бірге жағымпаздық та бар болатын. "Мейлі, қожайыным біліп жүрсін! Мына уругвайлықтарының бәрін қосса да жалғыз маған жетпейді!" деп ойлаған ол.
Араға жыл салып, Оталора Монтевидеодан бір-ақ шыққан. Жағалауды бойлай жүріп, олар қалаға, сәл кейінірек қожайынның үйіне жетеді. Бұл жолы Оталораға қала тым үлкен көрініп кетеді. Адамдар ер-тоқымдары мен әбзелдерін үй артындағы патиоға салады. Күндер өтіп жатады. Бандейра болса жоқ. Ол ауырып қалыпты, деген қауесет шығады. Жалшы негр шынында да мате құйылған шәйнегін ұстап, Бандейраның жоғарыдағы бөлмесіне жиі қатынайтын. Бір түннің іңірінде осы бір шаруа Оталораға да жүктеледі. Әуелде намыстанғанымен қуана келіседі ол.
Қара көлеңке бөлме іші шашылып жатқан-ды. Батысқа қараған балконы бар бөлме толы қамшы, құрық, қайыс, пышақ пен мылтыққа толы. Ескі айна да тұр. Бандейраның өзі шалқасынан жатып, ұйқыға кірісіпті. Ара-тұра ыңырсып та қояды. Кешкі күннің шапағы жүзіне түсіп тұр. Кеңінен жайылған ақшыл төсекте Бандейраның жүзі күңгірт әрі кішкене болып көрінеді. Оның аппақ шашын көрген Оталора басшыларының әлсірегенін, қалжырағанын да айқын аңғарады. Өздерінің түкке тұрмайтын осындай шалға тәңірдей табынып жүргендеріне намыстанады да. Қанжарын бір-ақ сілтеп Бандейраны ана дүниеге аттандыра салуды да ойлайды. Ізінше қабырғадағы айнадан жирен шашты әйелдің кіріп келе жатқанын байқайды. Жартылай жалаңаш, жалаң аяқ әйел оған сап-салқын көздерін қадап тұрған-ды. Бандейра да орнынан тұрған. Ол төңіректегі ахуал туралы сұрап қойып, алдындағы матесін таусып ішеді. Қасындағы әйелдің шашын сипауды да ұмытпаған Бандейра. Ақыры, Оталораның кетуіне рұқсат берген.
Бірнеше күннен соң қожайыннан Солтүстікке жүру туралы пәрмен түскен. Олар шексіз-шетсіз жазықта жиі кездесетін оңаша усадьбаға келіп жетеді. Төңірегінде не ағаш, не бұлақ жоқ. Күні-түні оттан да ыстық күн аяусыз күйдіріп тұр. Іргеде әбден арыған, бабы жоқ аттарға арналған қорасы да бар. Бұл усадьба "Ақырғы дем" аталатын-ды.
Оталора мал айдаушылардан көп ұзамай Монтевидеодан Бандейраның келетінін естіп білген. "Неге?" деген сауалдың тууы да таңды. Түсіндірген: "араларында гаучоға айналып, түбі бастық болғысы келіп жүрген біреу бар-мыс..." Оталора оның қалжың екенін де түсінген. Алайда осы бір адам өлтіретін қалжың оған ұнай қоймаған-ды. Сәл кейінірек Бандейраның әлдебір үкімет адамымен жанжалдасып қалғанын, оның бұларға көмектесуден бас тартқанын да естиді. Бұл жаңалық Оталораның құлағына майдай жаққан...
От қару салынған жәшіктер, әйелге арналған күміс леген мен құмыра, асыл тас қадалған шымылдық жеткізілген. Күндердің бір күні томсырайған құздардың тасасынан пончо киген, сақалды салт аттының да сұлбасы көрінді. Асеведо Бандейраның бұл оққағарының аты Улопиано Суарес болатын. Бұған құлықсыздау бразилиялық мәнермен тіл қатады әлгі. Енді Оталораның басы қатсын. Оның бұл пиғылын жеккөрінішке, әлде жай ғана тұрпайылыққа баласа ма? Бірақ бір нәрсеге көзін жеткізеді: Мақсатқа жету үшін Суареспен дос болуы керек екен!..
Бенхамин Оталораның мұнан соңғы өміріне Асеведо Бандейраның оңтүстіктен алып келген құйрық-жалы қара, торы аты қатты әсер етеді. Тоқым орнына жолбарыс терісі жабылған бұл аттың әбзелдері таза күміс тұғын. Осынау бір жүйрік ат иесінің құдіреттілігін де әйгілейтін-ді. Жүрегі онсыз да жаман ойға толы, оның үстіне қызыл шырайлы әйелге деген құмарлығы бар жігітіміздің көкейіне бұл ерекше ат қосымша қызғаныш ұялатқан. Өзі көзін құртқысы келіп жүрген адамның негізгі мақтаныштары жаңағы сұлу әйел, ат пен күміс әбзелдер еді.
Оқиға да дәл осы тұста күрделене түскен. Қалжыңдап отырғаны, әлде шын айтып отырғанын аңғару қиын Бандейраның адамды ойынан шатастырып, еңсесін түсіре білетін де ерекшелігі бар болатын. Оталора алдында тұрған қиын мақсатын жүзеге асыру үшін оның осы бір қасиетін пайдаланып қалуға тырысады ғой. Біртіндеп Асеведо Бандейраны биліктен ығыстырмақ болған. Қатерлі жорықтар барысында Суареспен де достасып алады. Ақыры, оған өз жоспарын жайып та салған. Суарес оған көмектесуге уәде береді. Бұдан соңғы оқиғалар да қым-қуыт. Маған солардың кейбірі ғана мәлім. Оталора Бандейраның ырқынан шыға бастайды. Оның бұйрықтарын орындамауға айналады. Жобасы, мұндайда қастандықтарға жазмыштың өзі тікелей араласып, оқиғаның барысын жылдамдата түсетін тәрізді. Бір күні түс әлетінде Такуарембоға тақау маңдағы далада Риу-Трандиден шыққан адамдармен атыс болғаны. Адамдарды Бандейраның орнына Оталора бастап шыққан. Сол шайқаста оның иығын оқ тескен. Алайда сол түні "Соңғы демге" ол Бандейраның торы атын мініп оралған-ды. Атышулы жолбарыс терісінен жасалған тоқым жаралы жаңа қожайынның қанына малынған... Сол түннің таңын Оталора сабаз қызыл шырайлы әйелдің қойнында атырған, ақыры. Осынау оқиғаның келесі бір баяны басқашалау. Онда оқиға барысының бір күнде жүзеге аса қоймағаны айтылады.
Дейтұрғанымен, Бандейра әлі де басшы саналатын. Өмірі орындалмайтын бұйрықтарын толассыз беріп жатқан-ды. Бенхамин Оталора ерінді ме, әлде аяды ма, әйтеуір оған тиіспейді.
Осынау оқиғаның ақтық көрінісі 1894 жылдың жаңа жыл түнінде жүзеге асқан. Сол түні "Соңғы демнің" тұрғындары қуырылған қой еті мен ішімдікке қарық болған. Әлдекім гитараға қосылып, тоқтаусыз милонга шырқайды. Үстел басындағы шала мас Оталораның қуаныштан басы айналады, дүние. Осы бір бас айналдырарлық той - оның ақтық қызығы еді. Томаға тұйық Бандейра түнгі тойды үнсіз ғана бақылап отырған. Сағат түнгі он екіні соққанда ол есіне бірдеңе түскендей орнынан баяу көтерілген. Бандейра қызыл шырайлы әйелдің есігін қаққан. Осыны күтіп тұрандай ол да есігін айқара ашып, жартылай жалаңаш, жалаң аяқ күйінде бөлмеге енген. Бандейра өткір де сүйкімсіздеу дауыспен бұйыра сөйлейді:
— Буэнос-Айрес тұрғыны! Екеуіңнің бір-біріңді сүйетіндерің рас болса - оны жұрттың көз алдында бір аймала!
Әйтпесе жазалайтынын айтады. Әйел тайсақтайды. Ақыры, оны екі адам екі қолынан ұстап, Оталора жаққа лақтырған. Бет-аузын жас жуған байғұс әйел Оталораны кеудесінен және бетінен сүйген. Ульпиапо Суарес револьверін суырды... Оталора ана дүниеге аттанбас бұрын мына бір ақиқатты біліп кетті, ақыры: Оны о баста-ақ сатқан екен! Бұл пақыр өлім жазасына алдын-ала кесіліпті! Махаббат, билік пен жеңіс бақыты оған уақытша ғана беріліпті! Өйткені, ол сол кездің өзінде-ақ өлген адамның санатында тұғын. Өйткені, Бандейра оны - сол кездің өзінде-ақ тірі өлік санаған...
Суарес шүріппені жеккөрінішпен баса салды...
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі