Бұрында бір жолаушы жол жүріп келе жатып, бір үлкен далаға түсіп келе жатса, күн ауып бесін шамасы болғанда қасқырдың сырттаны ере бастайды. Күн кеш болып намаздыгер болғанда әлгі қасқырдың сырттаны бір ұлып жіберген екен елу шақты қасқыр жиылып қалады. Бейшара жолаушы шын ажалының жетуін білген соң көздің ұшында қарайған ағашқа қарай атын босатады. Сол шабыспен қасқырларға жеткізбей ағашқа барып, атын ағаштың түбіне қоя салып, өзі шыбын жанын қорғалау үшін үлкен ағаштың басына шығып кетеді. Әлгі жерде ашуына шыдай алмай келген қасқырлар қуып келісімен жолаушының атын жеп қояды. Сонымен қатар қасқырдың сырттаны әр уақытта ұлып-ұлып омырауымен ағашқа сілкініп-сілкініп қарғып барып, бес-алты қадам қашығырақ жерге барып жатады. Сол кезде елу қасқырдың бәрі бірдей ағаштың түбін тырмалап, бір мезгілдерде ағаштың түбін босатып қояды.
Жолаушы сорлы өзінен үміт үзіп енді «өлмеген нем қалды айдалада қасқырларға жем болып, сүйектерім жапанда қуарып» арманда болып, ағайын, қарындастарын да көре алмай, ең болмаса, ішіндегі арманды айтып, қоштасып, кетерде дүниесі құрғыр тар болды. «Жапан далада тілсіз мақұлықтың талауына түсіп, ақыры ажалым осы қасқырлардан жететін болды-ау», — деп терең ойға түсіп, жүрегіне у толып, қу өмірден күдерін үзіп, ағаштың басында отыра береді. Айдалада жалғыз өзінің зарлағаны қабыл болып, бір күншілік жолда бір байдың сырттаны бар екен. Сол ит түн мезгілі ауқат құйып жатқанда аузын шалп еткізіп жұлып алып, азырақ тыңдап тұрып, қасқырлардың жолаушыны ортаға алып жатқанын сезіп ауқатын ішпей жүгіре жөнеледі, бір күншілік жолдан сырттан иттің даусын естіп елу қасқыр жоқ болып кетеді. Тек қана сырттан қасқыр жолаушының қасында жата береді. Бір мезгілде таң сарғайып атып келе жатқанында сырттан ит жүгірумен ағаштың қасына келеді. Бұл ит аулынан шыққанда байдың атқосшысы бір атқа мініп, бір атты жетегіне алып шыққан екен. Бір уақытта екі сырттан бір-біріне бата алмай тұрғанда ағаштың басындағы жолаушы «неде болса жерге түсейін» деп, ағаштың басынан жерге қарап түсіп келе жатқанда, ағаштың түбіндегі ит адамға бұрылып қарай бергенде, сырттан қасқыр келіп иттің басын жұлып тастайды. Сөйтеді де адамға қарамай, өз жөніне кете береді.
Мұңды болған жолаушы атынан айырылып, оның үстіне жанына себепкер болған иттен және айырылып, қатты уайымға түсіп отыра береді. Айдалада мінейін десе аты жоқ, ішейін десе ауқаты жоқ, тағы да болса жақын арада ел жоқ, одан ауыр ойға түсіп отырғанда күн сәске түс болғанда, бір атты жетектеп, бір атты мініп, бір адам шауып келеді. Оны көріп жолаушы «бір өзім едім, маған да жолдас келе жатыр» деп қуаныш қылып отыра береді. Жаңағы келген адам келісімен отырған жеріне қамшымен тартып-тартып өтеді. Сөйтеді де жолаушыға:
— Сен осы итке әйт демедің ғой, әйт дегенде қасқыр өлер еді, — дейді. Жолаушы менің әйт демегенім рас, — дейді. Одан соң азырақ сөйлесіп неде болса болды ғой, енді ауылға қайтамыз дейді де, бір атқа мінгізіп, өзі итін өңгеріп, араға бір күн қонып, баяғы байлы ауылға келеді. Бай үйден шығып ит аман ба деп сұрай бергенде, иттің өлігін көріп ит өліп қалған екен деп, үйіне отыра береді. Келген соң жолаушының мән жайын сұрап, жолаушыға қарап, «сен маған қайтсең де өз итімдей ит тауып алып келіп бересің» деп бұйрық етеді. Жолаушы бейшара да бетін қайтармай тауып берейін дейді. Сонан соң бай қолына сырттан қасқырдың құйрығын беріп, қай ауылға барсаң осы құйрықты қолыңа алып жүр. Сырттан ит болса осы құйрықты тістеп алады. әшейін иттер болса осы құйрықты көрген соң тұқымдары құрып қашып кетеді дейді. Сонымен жолаушы астына ат мініп, төрт ай ауыл қыдырса да, иттің бәрі безіп кетіп жүріпті, бір уақыттарда бесінші айға аяқ басқанда бір ауылға барса, иттерінің бәрі қашып кетеді де, жалғыз-ақ жарлы адамның күшігі бар екен. Сол ит жүгіріп келіп жолаушының қолындағы құйрықты тістеп алады. Сол жерде дуана болған жолаушы күшіктің егесімен тамыр болып, астындағы мініп жүрген атты беріп, күшігін алады. Сөйтіп, төрт жарым ай жүріп, баяғы байдың үйіне келеді. Бұған бай да қуанып, «бұл ит әлгі итімнен мың есе артық екен» деп, қуаныш етіп, жолаушының қызметіне рахмет айтып киіндіріп, астына жақсы ат беріп, қалтасына пұл салып еліне жібереді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі