Өлең, жыр, ақындар

Абайды «ұлықтап» жүрген XXI ғасыр

Бүгінгі таңда ел арасында: «Абай осы заманда өмір сүрсе, әрі кетсе блогер болар еді» деген алып қашпа әңгімелер тарауда. Мұндай таяз ойдың қоғам арасында таралуына кім себепкер болды? Қазіргі күннің сәніне айналған, байып кетудің жолын халыққа үйретіп жүрген тендер мен бизнес маманы Нұрлан Байділдә қазақтың ұлы ақыны Абай туралы өз ойын осылай тұжырымдаған болатын. Жақсыны да, жаманды да оңай сіңіретін біздің табиғатымызда бар қасиет. Өкінішке орай, кім көп ақша тауып, атаққа ие болып жатса, сол адам жастар үшін үлгі. Оның арғы жағында, шын мәнісінде, қалай болып жатқаны кімде-кімді болсын қызықтырып жатқаны шамалы. Ғаламтор желісінде Нұрлан есімді отандасымыздың сөздері, көп нәрсенің байыбына бара қоймайтын жастарға ұнап-ақ кетсе, ес білгелі бері Абайды жоғары қойып келген үлкен кісілердің жағасын ұстатқаны анық.

Аталмыш жағдайға байланысты оқиға өткен жылы басталған болатын. Тақырып тарқатылды, өз уақытында айтылды, сонымен бітті деп ойлаған едік. Бірақ, күні кеше Youtube желісінен белгілі бір бағдарламаны тамашалап отырғанда журналист 18-19 жасар бірнеше қыздардан осы жағдайға қатысты пікір білдіруін сұраған болатын. Таңқалдырған жайт, олардың барлығы бір ауыздан, Нұрлан Байділдәнің пікірін тілге тиек етіп, онымен толығымен қосылатындықтарын айтқандығы. Бірі: «Абайдың қара сөздері біздің заманымызда маңызсыз, яғни актуалды емес» десе, енді бірі: «Ұлы ақынның қара сөздерін білу міндетті емес» деп өз сөздерінде айтып қалды. Демек, бүгінгінің жастары, барлығы болмаса да, бір қатары отандық бизнесменнің сөздерін қолдайды. Мені ашындырған да осы жағдай болатын.

Абай өз қара сөздерінде атап өткен «адамгершілік, еңбек, жан мен тәннің тазалығы, жүрек, қайрат, ақыл мен ғылым, естілік» деген ұғымдар ешқашан өз маңызын жоғалтпақ емес. Себебі, бұл дүниелердің барлығы, адам жоғары бағалайтын кез-келген құндылықтан жоғары тұрмақ. Ол мейлің тас ғасыры болсын, мейлің, технологиялар жоғарғы деңгейде дамыған дәуір болсын, адами құндылық пен мораль әрдайым алдыңғы қатарда тұратыны даусыз.

Ұлы ақын, әрі философтың қара сөздері біздің әдебиетіміздің алтын мұрасы іспеттес. Сол қара сөздермен өсіп, сол қара сөздермен сусындап келеміз. Түгелдей 45-ін жатқа білмесек те, ақынның жеткізгісі келген ойын ұғындық, мәнін түсіндік. Мұнымен тоқтап қалмай, қолымыз қалт еткен шақта ақынның шығармашылығын зер салып оқып тұрамыз.

Осы жағдайға байланысты, көпшіліктің пікірін білгім келіп Instagram әлеуметтік желісіндегі өз парақшамда сауалнама жүргізген болатынмын. Сауалнама жасар алдында өзім көрген бағдарламадан осы жағдайға қатысты видеоүзінділер мен Н. Байділдәнің ғаламтор желісіндегі сұхбаттарын жарияладым. Нәтижесі бойынша, желі пайдаланушыларының 71%-ы бұл жағдайды «өрескел қателік» деп есептейді, ал 29%-ы отандық кәсіпкермен келісетіндіктерін жасырмады. Бұл көңіл көншітерліктей нәтиже емес.

Бүкіл әлем жоғары бағалаған Абай философиясын, бір күнде тендермен айналысып жүрген бизнесмен жоққа шығарды. Ең бастысы, ол—қазақ азаматы. Бұл бүгінгінің тілімен алғанда «хайп» па, әлде заманымыз бен адамымыз жаңа жат арнаға бет бұрып барады ма? «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деп дана халқымыз бекер айтпаса керек. Не де болса, біршама өсіп келе жатқан ұрпақтың санасы бір сәтте уланғаны анық. «Болашақ жастардың қолында» деп еліміз сенім артып отырған шақта, болашағымыз үшін алаңдаймын.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер