Өзіме де обал жоқ. Шәйнекті сексеуілдің шоғына қойып нем бар еді. Бұл үйде шаң шұң ұрыстың басталары анық. Оны ішім сезеді. Апам қырман басында. Соғыстың жан алып, жан беріс шағы ғой. Ағайым Әсет малатасқа мінеді. Бойы менен сәл қалқыңқы, ап-арық. Жасы он үште. Екі жас үлкен. Апамның әмірі бойынша оның есімін атауға қақымыз жоқ. «Аға» дейміз.
— Еркек атанғаныннан айналдым. Осы үйдің басы-көзі осы. Түтін түтетер жалғызы, — деп апам Әсеттің мерейін көтеріп отырғаны.
— Біз ше? — деймін апаммен қарсыласып. Бізі — Насиха, Әсия және мен.
— Тәйт ары. Еркектің аты еркек. Кешегі жау жағадан алып, елді шапқанда қолына қару алып, қарсы тұрған да осылар. Әне, майданға да солар кетті, — дейді апам мені тиып тастап. Апамның көршідегі Оспан деген баланы жолын кеспей өткізіп жіберіп, сонан кейін қозғалатыны сондықтан шығар. Үш қыздың — мына біздің қарсылығымыз апам үшін түкке тұрмайды. Бірді айтып, бірге кете беріппін ғой. Апам түскі шайға үйге ораларда, шәугімді божылдата қайнатып, шәйнекке шай шығаратын әдетім. Көршінің үйінен әкелген сексеулдің шоғының қырсығы. Шаршап келген апамның қаймақ қатқан күрең шайды жайғасып отырып сілтейтіні бар. Дастархан жайып, ошақ басына қайта оралдым. Шәйнектің қақпағын ашып жіберсем. О, сұмдық! Шәйнектің іші бос. Мұнысы несі? Түбінде қою боп баттасқан сама ғана. Шәйнекті көтере бердім. Масқара. Ұстарамен кескендей түбі айналып түссін де қалсын. Зәрем ұшты. Апамның:
— Аруағыннан айналайын, енемнің көзі ғой. Бұл шәйнекті атам Антон-Шеркестен әкеп берген. Сыйлы адамдар келгенде ғана ұсталатын, — деп отыратыны есіме түсті. Не істерімді білмей састым.
Уақытқа берік апам да кеп жетті. Жасаулы дастарханның жанына кеп, белбеуін шешіп жайғасып отыра кетті.
— Әу үрпиісіп отырғандарың не? — деді ол бұрыш-бұрышта жайғасқан бізге қарап. — Жайшылық па? Бізде үн жоқ. Апам сасайын деді.
— Шай әкелмейсіңдер ме? Шаршап та, шөлдеп те кеттім. Орнымыздан қозғала қоймадық. Апамның қою қабағы түскиіп, жүзі сұрғылт тартты.
— Көздерің ісіп тұр ғой. Жылағансындар ма? — деді ол. Басымды шайқадым.
— Майданнан хат келді ме? — Жоқ.
— Тух, — деді апам енді жайдарыланып. — Қатты қорқыттындар ғой, түге. Бірдемені бүлдіргенсіндер-ау, ә. Апам жылы жымиды. Апамның мінезі бірде бұлт, бірде ашық аспан.
— Әу, неге үндемейсіңдер, түге, — деді апам. Енді бір сәт зорлана күліп.
— Ел іші тыныш, бейсауат хабар жоқ. Үй орнында, тамақ тоқ, киім бүтін. Құдайға енді не жазып ек. Қанды соғысты бүкіл ел боп бастан өткеріп отырмыз. Жеңіп жатырмыз.
— Ал, aпa ұрыспайсыз ба? — дедім.
— Е, неге? — Қатын ашуланса қазан қайнатар, — деді апам.
— Уәде ғой.
— Ей, мынау не деп отыр-ей. Мен қашан айтқанымнан тайып едім, — деді апам. Батылым жетер емес.
— Сыдықбек мұғалімдерің екілікті қонжитқан-ау, — деді апам көзін сығырайтын.
— Жоқ, бүгін Әсия да, Нәсиха да бес алды.
— Жарадындар, жігіттер, — деді апам көңілденіп.
— Әй, қыздар әлгі ағайларың өгізден жығылып (Әсетті меңзеп отырғаны)...
— Құдай сақтасын.
— Әу, адам өлтірсендер де айтсаңдаршы, тегі.
— Aна шәйнектің түбі айналып түсіп қалды, — дедім басымды бәйгіге тігіп. Ендігі сәтті күтіп, тым-тырыс қалдық.
— Өзіміз де таңбыз, — деді Нәсиха.
— Шәй шығарайын десем, ішінде су жоқ, — деді Әсия. Апам кекжие қарады. Енді бір сәтте көзінен ашу оты жарқ етіп, сойқан басталар деп күттік.
— Тух, соншама зәремді ұшыратындай не жазып ем, сендерге. Бұл дүниеде мәңгілікке қалатындай не бар. Адам да өледі, көл де құрғайды, тау да мүжіледі. Енемнен қалған көз еді. Уақыт келді. Сынды. Солай емес пе, қыздар, — деді апам самбырлай сөйлеп. Бірақ апам шәйнекті күресінге лақтырып жіберген жоқ. Екіді мен ақшамның ортасында көршідегі Байжайлау ұстаның үйіне барып мыс сым темірмен құрсаулатып алып келді:
— Әсеттің әйеліне беремін, — дейді кәдімгідей күрсініп. Сонан соң абдыра сандықтың аузын аша бастады.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі