Өлең, жыр, ақындар

Ел анасы

Екінші үзілістен соң партаға жайғасып, мұғалімді күтіп отырғанбыз. Есік сықырлай ашылды да, басына қоқайтып жаулық тартып, кимешек киген, жасыл пүліш камзолды, тарамыс қара кемпір көріңді. Біз орнымыздан тұрып, жамырай сәлемдестік.

— Аман болыңдар, құлындарым, — деді әжей, басын изеп.

— Сендердің сабақтарынды тексеруге келдім. Балалар бір-біріне қарасты. Көбіміз аң-таңбыз. Сөйткенше мұғалима кіріп келді де, әжейді қолтықтап соңғы бос партаға әкеп отырғызды. Сонан соң:

— Ал, балалар, Әсем әжелерің сендердің білімдеріңді тексеруге келді, — деді, жадырай қарап.

Ауылдың үлкен-кішісі әжейді түгел сыйлайтын. Тіпті Төлеубек атаның атынан түсіп, оған әжейді мінгізіп, үйіне апарып салғанын өз көзіммен көргенмін. Колхоз бастығы Аманбек ағай да ол кісіні көрсе, машинасын тоқтатып сәлемдеседі.

Бір түсініксіз жері — Әсем әжейдің бүгінгі біздің сабағымызға кіруі. Біздің арамызда ол кісінің немересі, тіпті жақын ағайынның балалары да жоқ. Қара кемпір көзіне көз әйнегін киіп, алдындағы балаларға қарай қалды да, қалтасынан кішкене жазу кітапшасын алып шықты. Жанымда отырған Бейсет мені шынтағымен түртіп қалды.

— Нағыз инспектор сияқты.

— Ал, Қабдолдаева, сен тақтаға шыға ғой, — деді мұғалім. Шашына қызыл бантик байлаған сынып старостасы мұғалиманың сұрақтарына мүдірмей жауап берді. Артынша екіншісі, үшінші бала шықты. Олар да ойдан шықты. Кезек Бейсетке келгендегі түрін көрсең. Көзі бадырайып, басы салбырап кеткен, еңсесі түсіп, тақтаға сүйретіліп зорға жетті.

— Сабақка дайындалған жоқпын, — деді дүңк етіп.

— Қойдың кезегіне барып едім...

— Дұрыс болмаған...— деді мұғалима қабағын түйіп.

— Әсем әжей келіп отырғанда мұның ұят. Бейсет тұқырая қалды.

— Мұның атасы жақсы азамат еді, — деді күтпеген жерден Әсем әжей.

— Майданнан қайтпады...

Әжей ауыр күрсінді. Біз аңтарыла қарап қалыппыз. Мұғалима Әсем әжейді қолтықтай жетелеп өз орнына отырғызды.

— Ендігі сабақтың кезегі сіздікі,— деді құрметтеп.

— Сабаққа залалым тиген жоқ па?— деп сұрады әжей.

— О, не дегеніңіз! Сіздің өмір жолыңыздың өзі үлкен сабақ емес пе!

— Олай болса тыңдаңдар, — деді Әсем әжей тамағын кенеп қойын.

— Мен осы ауылда туып, өскен адаммын. Шешемнен жастай айырылын, жетімдік көрдім. Кеңес үкіметі қамқоршы болды. Сауатымды ашып,
хат таныдым. Алғашқы коммумарларды құрыстым. Онда осы Талдысайды он екінші коммуна деп атайтын. Бас-аяғы елу шақты үй еді. Жер жыртып, егін салдық. Түрксибтің темір жолын тарттық. Ел шетіне жау кіргенде ер азамат қарап жата ма? Осы ауылдан 58 азамат аттанды. 58-ден 8-і ғана оралды. Бірі ақсақ, бірі шолақ... Станция басында: «Әй, жеңгей артымда болашағым қалып барады. Бас-көз болыңыз, ақырғы тілегіміз осы! — десіп еді көп жігіттер. Сол тілектерін орындауға күш салдым. Сендер солардың ұрпақтарысыңдар. Жаман оқуға тиіс емессіңдер. Менің міндетім-сендерді бақылау. Олар қалдырған аманатты мен көзімнің тірісінде орыңдауға міндеттімін. Оқуларыңды жақсы оқыңдар.

Бейсет шиедей болып қызарып кетті. «Әсем апа» деп жұрттың құрметтей атайтынына еңді көзі жетті. Тоқсанға келген шағында да Әсем әжей ел аманатын арқалап жүр екен. Біз әжейдің қажымас қайратына сүйсіндік.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз