Біздің үйде әркімнің өз сағаты бар. Әкемнің сағаты көршілердің әтештерімен күнде майдан ашып, таң бозынан елдің шырқын бұзатын, қызыл айдарлы, күміс қанат, ақ әтеш. Әкемнің еншісі-кәдімгі қалтадан түспейтін күміс шынжырлы, сырт етіп жабылатын қорабы бар дөңгелек сағат. Қалабай досынан осыдан он жыл бұрын қалап алған жиырма екі тасты Швейцариялық дүние. Онымен қоймай, бір минут алдыға кетіп, не артқа қалған емес. Шешемнің сағаты білезікке ұқсаған түймедей ғана. Ол оны көп тақпайды. Шифонердегі қалың қара көйлегінің қалтасының
қожасы. Ал менің меншігім-терезенің алдынан түспей, күні-түні тық-тық соғып, анда-санда кілтпен бұрап қоймаса, лезде жансыздана қалатын, ескі қоңырау сағат. Әжем кейде өзінен-өзі ұршық иіріп отырып:
— Бекен-ау, мына шырылдауықты сен туғанда алғанбыз. Сенімен түйдей жасты, — дейтіні бар.
Шындығында шырылдауық десе, шырылдауық. Ертеңгісін ұйқының нағыз тәтті шағында, бөлмені басына көтеріп, безілдеп қоя береді. Сан рет шошып оянған кездерім бар. Бірақ қоңыраулы сағат уәдесінен тайып көрген емес. Дәл сағат ертеңгі жетіде орныңнан атып тұрғызады. Әжем баяндағандай тұр-тұрдан хабар келсе, ұйқыдан маза кетеді.
Бүгін де дәл солай болды. Көзімді тырнап ашып орнымнан тұрып, мектепке дайындалдым. Әкем жақында ғана, алыс сапардан оралып, үйде демалып жатқан. Геологтың тынымсыз еңбегі қажытып тастағандай.
Кенет көзім стол үстінде жатқан шынжырлы сағатқа түсті. Қолыма алып, құлағыма тоссам, сырт-сырт соғады. Қорабын ашсам стрелкалары алтындай жарқылдап, көздің жауын алады. Қызығып кетіп қалтама салдым. Апыл-ғұпыл әжем қайнатқан шайдан ішіп, мектепке тайып тұрдым.
Алғашқы сабақ басталғанда балаларға көрсетпей сағатымды ашып қарадым.Тура ертеңгі сағат сегіз. Мәлике апай да байқаған жоқ, көңілді екен. Балалардан сабақ сұрай бастады. Сағатты белгілеп отырмын. Бағлан тура үш минут, он бес секунд жауап берді. «Жарайсың, бестік баға алдың» деймін күбірлеп. Сынып старостасы үш минут, төрт секунд жауап берді. Сәл мүдірді. Төрттік баға алды. Көксеген бір минут та
жауап бермеді. Екілікті иеленіп, орнына отырды. Менің көршім Сабыртай, Есіркеген...
Енді бір сәтте Мәлике апай жаңа бір сабақты бастап кетті. Уақыт болса өтіп барады. Жанымда отырған Көксегенді нұқып қалдым.
— Апай, он бес минут ауыз жаппай сөйледі, — дедім сыбыр етіп.
— Мақтаншақ, — деді ол маған одырая қарап.
— Не дейсің? — дедім ашуланып.
— Бас біреу, құлақ екеу,— деді ол тілін шығарып.
Қытығыма тиіп кетті.
— Екілікті саған мен қойған жоқпын, — дедім тілімді безеп. Көксеген ай-шай жоқ мұғалімге көрсете қолын көтерді.
— Апай, апай, Сұлтанов маған сағатын көрсетіп сабақ тыңдатпайды, — деп тақ етті ол. Мұндай аяқ асты оқиға болады деген кімнің ойында бар. Мәлике апай маған жақыңдап келді.
— Ойпыр-ау, біздің сыныптан да мақтаншақ балалар шығады екен-ау,— деп күлімсірейді ол.
— Сағатына мақтанады,— деді Көксеген айылын жимай. Құлағыма дейін қызарып кеткен шығармын. Төмен қарап тұқия бердім.
— Оңдай сағатты біз де көрелік,— деді Мәлика апай қолын созып. Жан мұрынның ұшына келді. Масқара, енді не істедім? «Ойнақтаған тайлақ от басады деуші еді», әжем. Әкеме не дедім? Мәлике апайға сағатгы ұстатып қала бердім. Көксеген жеңісін тойлағандай мәз-мейрам. Маған көз астымен қарап, ыржың-ыржың етіп күледі.
Мәлике апай сағатты үстел үстіне жайымен қойып, сабағын ары қарай жалғастырды. Шым-шытырық ой құшағына ендім де кеттім. Мені қай сор түртті екен. Әкемнің мінезі қатал, егер мектепке шақырып қалса, бетіне қалай қараймын. Әншейінде:
— Әй, бала! Мақтаншақ болу, көрсеқызарлық ер жігітке жараспайды. Сабырлық, биязылық адамның көркі, — дейтін ол. Мұндайда уақыт шіркін шаршаған аттай ілбіл жүріп алды.
— Сұлтанов сабақты зейін қойып тыңда, — деп апай ескерту жасады.
Қайтіп қана тынши аларсың. Қазір қоңырау соғылып, сабақ бітісімен Мәлике апай сағатты алып, мені алдыға салып, мұғалімдер бөлмесіне апарады.Одан кейінгі жай белгілі. Жан-жақтан сұрақ жауады. Сағаттың кімдікі екені анықталады. Әжемді директорға шақырады. Сөйткенше қоңырау шыр ете қалды. Балалар маған ала көзімен қарап, сыртқа беттеді. Бұл сәтте бөлме ішінде Мәлике апай екеуміз қалдық.
— Бөкен, бері кел, — деді ол жылы күлімсіреп. Басымды жерден алмаған күйі мұғалімнің столына жақындадым.
— Қалқам, сен жақсы оқитын оқушысың. Тәртібің де жаман емес. Сені үлгі тұтамыз. Солай емес пе?— деді апай. Басымды изеуге батылым жетпеді.
— Анаң бүкіл ауылға белгілі дәрігер. Ол көптеген балаларды, адамдарды емдеп жазды. Біз оны мақтаныш тұтамыз. Бұл айтқаным жалған емес шығар?
Бұл жолы мақұлдай басымды изедім.
— Әкең де ел сыйлаған азамат. Геолог, құм аралап, тау кезіп ел байлығы-кен іздейді.
— Дұрыс қой. Ол да мақтауға тұратын жан.
— Ия,— деймін енді күбірлеп.
— Мен білуімше мына сағат әкеңдікі. Сен оны білдірмей қалтаңа салып мектепке алып келдің. Балаларға көрсетіп мақтанғың келді. Солай ғой?
Мәлике апаның көріпкелі бар сияқты. Құдды ертеңгісін біздің терезеден бәрін қарап отырғандай айтып отыр. Басымды изеймін.
— Ал, енді былай, Сұлтанов,— деді сөзі қатқылданған Мәлике апай.
— Мынандай әкеден, шешеден туған бала да дұрыс болуы қажет. Мына сағатынды алып қалтаңа сал. Сонан соң ойлап көр.
— Рахмет, апай,— дедім сыбырлап. Тамағыма әлде не кептеліп қалған сияқты. Шындығында ұстаз атаулы Мәлике апайдай-ақ болсын. Кейде адам баласы қателеседі ғой.
Сондайда қол ұшын беретін жан табылсашы. Сағатты тыңдасам сырт-сырт соғады. «Уақыт бір орында тұрмайды. Алға жылжиды» дейтін сияқты.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі