Өлең, жыр, ақындар

Т.Нұрмағанбетовтың «Анасын сағынған бала» әңгімесін талдау жолдары

Ақмола облысы «Көкшетау қаласы білім  бөлімінің  №1 Красный Яр орта мектебі» КММ
қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі  Жангалиева Раиса Булатовна

Т.Нұрмағанбетовтың «Анасын сағынған бала» әңгімесін талдау жолдары

Тынымбай Нұрмағанбетовтың «Анасын сағынған бала» әңгімесіне талдау жасауды бастамас бұрын 5-сынып оқу бағдарламасына шолу жасап өтсек дұрыс болады.   

5-сыныпқа арналған "Қазақ әдебиеті" пәнінің базалық білім мазмұны:

1) түсіну және жауап беру:

әдеби шығарманың фабуласы мен сюжеттік дамуы, кейіпкерлер портреті мен образы, шағын көлемді үзінділерді мәнерлеп оқу, жатқа айту, әдеби шығарманың тақырыбы мен идеясы;

2) анализ және интерпретация:

салыстыра суреттеулер мен қарама-қарсы суреттеулерді табу, шығармадағы тілдік бейнелеу: теңеу, эпитет, ауыспалы мағынадағы сөздер, қайталау, өлең құрылысы, эпикалық шығармадағы автор бейнесі, көркем шығармадан алған әсерін сипаттап авторға хат, өлең жазу;

3) бағалау және салыстыру:

шығарманың тарихи құндылығын бағалау, кейіпкерлерді шынайы өмірмен салыстырып бағалау, әдеби эссе, сыни хабарлама жазудан тұрады.

Осы жоғарыда көрсетілген базалық білім мазмұнға сәйкес Т.Нұрмағанбетовтың «Анасын сағынған бала» әңгімесіне талдау жасау үшін  дағдыларды қалыптастыруға бағытталған оқу мақсаттар жүйесіндегі келесі оқу мақсаттарына тоқталып өтейік:

 Түсіну және жауап беру

1. Көркем шығарманың мазмұны мен пішіні

2. Әдеби шығарманың тұжырымдамасы

3. Көркем шығармадағы образ

4. Шығарма үзінділерімен жұмыс

5.1.1.1 әдеби шығарманың жанрына қарай фабуласы мен сюжеттік дамуын сипаттау

5.1.2.1 
әдеби шығарма
ның тақырыбы мен идеясын анықтау

5.1.3.1 
көркем шығарма
дағы кейіпкерлер портреті мен іс-әрекеті арқылы образын ашу

5.1.4.1 
көркем шығармалар
дан шағын көлемді үзінділерді мәнерлеп оқу, жатқа айту

Осы мақсаттарға жету үшін ең алдымен шығарманың мазмұнымен таныстырып, тақырып пен идеясын анықтатып, сюжеттік композициясын құрастыра отырып, шығарманың фабуласын табуға үйрету керек.

Ең алдымен оқушыларға келесі проблемалық сұрақтар ұсынылуы керек:

1. Бала анасын неге сағынады?

2. Әр ана баласының қасынан табылады, ал бұл әңгімеде оқиға қалай дамиды?

3. Автор не себепті осы әңгімені «Анасын сағынған бала» деп атаған?

4. Әңгіменің мазмұны қандай оқиғалардан тұрады?

Осы сұрақтарға жауап беру арқылы оқушыларға әңгіменің сюжеттік композициясын құрастыруға жетелейміз.

Сонымен қатар  әңгіменің тақырыбы мен идеясын анықтау мақсатында үзінділерді оқыту арқылы басты мәселелерге назар аудартамыз.

Мысалы:

1.Төмендегі  үзінді арқылы автор не айтқысы келді?

Бала енді арман-мақсатына жеткендей елеуреп тұрып:

— Сосын екеуіміз базарға барамыз ғой, — деді тағы да.

— Базарға неге барамыз?

— Онда мамам бар емес пе?

— Иә, мамаңа барады екенбіз ғой.

— Мамамды тауып алсақ… әр жағында папамды, іздемейміз бе? Олар базарда бір-бірінен адасып қалған ғо Өйткені базар үлкен. Мамам айтқан     Алматының базарының мына шеті мен ана шетіне көз жетпейді деп… Құжынаған халық деп…

А) Бала базарда қыдырғысы келеді.

В) Баланың ата-анасын сағынуын білдіреді.

С) Баланың ата-анасының бірге болуын аңсауын білдіреді.

D) Бала Алматыға барғысы келеді.

2. Төмендегі үзіндіде автор қандай жағдайды суреттеп тұр?

... Бұрылып келіп сүйгеннен кейін, ол қатты жылап қалды. Әжем де жылады. Мен де жыладым. Атам ғана жылаған жоқ. Мамам-м… сосын ол кетіп қалды. Өйткені мінетін пойызының уақыты болып қалған.

Мамам кеткен соң, жеміс ағаштарын аралап жүріп атам да жылады. Ол солай… үнемі жұрттан жасырып жалғыз жылайды. Ал мен оны бәрібір біліп қоям-м…

А) Барлығы бірдей анасын шығарып салғанын.

В) Баланың анасымен қоштасуы бәріне ауыр тиетінін.

С) Анасының поезға кешігіп қалғанын.

D) Атасының ағаштарды аралап жүріп жылағанын.

3. Төмендегі үзіндіде басты кейіпкер Есмағанбеттің айтқан сөзінен не байқалады?

Енді Есмағамбеттің өзі іштей қатты састы. Сасқан себебі баланың сезіміне осыншалық әсер етіп, ендігі жерде оны Алматыға алып кете алмаса, ұмытылмас күнә болардай еді. Бірақ: “Алып кетсем, несі бар… алып-ақ кетемін. Мамасына табыстаймын. Тіпті біздің үйде де жүре береді. Онда қандай қиындық бар?” — деп өзін-өзі жұбатып барып, көңілі тынғандай болды.

А) Баланы Алматыға апарғысы келетінін.

В) Баланы Алматыға апарғысы келмейтінін.

С) Балаға берген сөзін орындау керектігін.

D) Баланы анасына апаратынын.

Осылайша үзінділерді оқи отыра, дұрыс жауаптарды анықтап, шығарманың басты идеясы қоғамдағы әлеуметтік өткір мәселе – ол ауылдағы жұмыс тапшылығына байланысты жастардың қалаға жұмыс жасау үшін кетуге мәжбүр болуы, сонымен қатар қиындықтарға төзе алмай жас отбасылардың бұзылуы, баспана мен балабақша мәселесіне байланысты балаларын ауылдағы әке-шешесіне қалдыру сынды мәселелерді автор алға тартады. Осының нәтижесінде анасының жырақта жүру себебінен кішкентай баланың анасын сағынуы әңгіменің атауына айналуын балалар түсінетін болады. Ана мен баланың махаббаты, баланың анасына деген сағынышы мен ыстық ықыласы – әңгіменің тақырыбы болатынын оқушылар анықтайды.

Шығарманың тақырыбы мен идеясын анықтаған соң шығарманың фабуласын табуға оқушылармен келесі кесте толтыру жұмысы атқарылады:

Бөлімі

Композициясы

Сюжеті

1

Оқиғаның басталуы

Есмағанбеттің ауылға келуі

2

Оқиғаның байланысуы

Әндеткен бала дауысы

3

Оқиғаның дамуы

Балаға берген уәде

4

Оқиғаның шиеленісуі

Сержанның сезімі

5

Оқиғаның шарықтау шегі

Бала үміті

6

Оқиғаның шешімі

Есмағанбеттің өкініші

Әлбетте бұл кесте толтырмас бұрын сюжеттік композиция желісі негізінде үзінділер оқу арқылы ой бөлісу жұмыстары жүргізіледі.

Мысалы:

1. Төмендегі үзінді оқиғаның басталуына жата ма?

Есмағамбеттің, бұл сапары ауылына төрт жылдан кейінгі оралуы еді. Содан болар, таңертеңгі поездан түскен бойдағы қарсы алушы туыстары, достарымен болған ұшырасудың ѳзі кәдімгідей у-дулы болды. Біреулері құшақтап, біреулері сүйіп, тағы біреулері осы бір алас-қапаста-ақ мұның, шаруасын айтып қалып жатты. Күтіп тұрған жеңіл машиналарға мінулері, сосын аудан орталығында тұратын немере атасы Балмағамбеттің үйінің ауласына келіп, түсіп жатуларының ѳзі абыр-дабырға, күлкіге толы қуаныш болып жатты. Бұл арада да құшақтасулар… Сүйісулер… Және поезда қарсы алғандары бар, аулада қарсы алғандары бар жапырласып, әлі де ауыз жиып болмаған абыр-дабыр әңгімелерімен, асып тѳгілген мол күлкілерімен түгел үйге кіріп, жаюлы дастарханға жағалай қонақтасып жатты. Алдымен шай ішіліп, сосын ет желінді.

2. Оқиғаның басталуы одан әрі  Есмағанбет пен Сержанның танысуымен жалғасады ма?

Мама-аа… мама-аа…

Сенсің ғой ең дана-а..

Мәңгі дос сен ғана-а… —

деп әндеткен сүйкімді бала дауысын естіді. Бірақ Есмағамбет олай бір, былай бір бұрылып, маңайынан бала кѳрмеді. Сѳйтсе, үстіне су жаңа ақ, футболка киген төрт жастар шамасындағы ер бала арнайы тіреу ағаштарымен керілген жүзім сабақтарының ұзына бойғы кѳлеңкесінің бір шетінде құммен ойнап отыр екен. Қолында ойыншық күрек… ойыншық шелек…

3. Оқиға дамуы Есмағанбеттің берген уәдесімен жалғаса ма?

Есмағамбет баланың басынан сипады.

— Тағы да иіскеші — деді бала осы сәтте сықылықтап күліп тұрып.

Есмағамбет баланың басынан кұшырланып иіскеді. Оның осы ықыласы да сезімін қозғағандай бала жайнап, куанып кетті.

— Шампунның иісін енді білдің бе?

— Білдім. Бұрқырап тұр.

— Бұрқырап тұр ма? Әлі иісі кетпеп пе?

Есмағамбет мейірленіп кетіп, баланың бетінен сүйіп, қатты қысып құшақтады. Сосын шын ықыласымен:

— Алматыға барасың ба? — деді.

Есмағамбет осылай деген кезде, бала “рас айтып тұрсың ба, әлде ѳтірік пе?” дегендей жалт бұрылып оның кѳздеріне ұзак қарады. Сосын сенгендей болып ақырын ғана:

— Барамын-н, — деді де, күрсінді. Баланың күрсінгені соншалық, ауыр болды ма, әлде ѳзі солай қабылдады ма, Есмағамбет те қатты толқып кетіп, баланы қайта құшақтады.

4. Оқиғаның шиеленісуі болатын үзіндіні оқып, өз ойыңмен бөліс.

Дәл осы сәтте Сержан шын бақытты еді. Ол асып-тасып сөйлеп келе жатып та аяқтарын кейде билеп басып, кейде өз-өзінен секіріп, секектеп, үнемі алда келе жатты. Баланың көңіл күйіне орай, Есмағамбет те көңілді еді. Бір жағынан, сәбиді осынша қуандырғанына іштей риза. Осы көңіл күйінің әсері болар, бір кезде атақты мақтаншақтардай:

– Әй, Сержан, осы сен оңашада шынынды айтшы… Қай атаңды жақсы көресің? — деп еді.

Бала ойланған жоқ. Тіпті Есмағамбет атасының осы сұрақты түбінде бір қоятынын біліп, әзірленген жанша:

– Ең жақсы көретінім Есмағамбет атам… Сосын Аязбай атам… ең соңынан Балмағамбет атам-м… — деді саңқылдай сөйлеп.

5. Оқиғаның шарықтау шегін анық көрсететін үзіндіні оқы.

Бала аяғына оралып, құшақтап, қолын алып жүргенде де басынан сипады ма, сипамады ма, анығы есінде жок,. Оның үстіне, үйге кірген бойда-ақ Балмағамбеттің:

— Әй, Сержанжан… атаң жолдан шаршап келген екен. Демалсын. Сен кѳп мазасын алмай, далаға ойна,— деген сѳзі де баланың меселін қайтарып тастағандай. “Сѳйтейін бе? Далаға ойнап кетейін бе? Менің ендігі жерде саған жақындауыма, еркелеуіме, кешегідей сѳйлесуіме болмай ма?” дегендей Есмағамбеттің бетіне аз уакыт жапақтай қарап босағада тұрды-тұрды да, амалсыз сыртқа шығып бара жатты. Бірақ есікті жабарда ол Есмағамбет атасының есіне әлденені салғандай болып тағы бір рет қарады. Сол сәтте баланың кѳздеріндегі әлгінде ғана ұшқын шашқан қуаныш оп-оңай күдікпен үмітсіздікке орын ауыстырғандай еді. Тіпті оның кѳздері енді болмаса жылап жіберердей боталап тұрды ма, немене…

6. Оқиға соңындағы Есмағанбеттің көңіл күйінен не байқадыңдар?

…Таң атарда барып кѳзі ілінген екен… Тағы да сол Сержанның, әнінен оянып кетті:

Мо-ома-а… мо-ома-аа…

Сенсің ғой ең дана-аа…

Мәңгі дос сен гана-а..

Мома-а… мома-аа…

“Құдайым-ау, дүниеде сәбидің дауысынан әдемі…сәбидің дауысынан ѳткен мұңды әуен бар ма ѳзі?” — деді ол ұйқылы ояу күйде де, бала алдында кінәлі боп, мүлдем жеңілгенін білдіргендей, басын оңға бір, солға бір бұрып, сонда да жай таппағандай мазасы кетіп жатып. 

Осылайша мақсатты түрде үзінділерді оқу арқылы оқушылар шығарманың мазмұнын толық түсініп қана қоймай, оқылым дағдысын дамытады.

Көркем шығарманың кейіпкерлерінің образын ашу олардың іс-әрекеті арқылы суреттелетінін оқушыларға осы үзінділерді оқыту арқылы іске асыру қажет. Төмендегі кестеге назар аударайық:

Кейіпкер

Кейіпкердің іс-әрекеті суреттелген үзінді

Кейіпкер іс-әрекетіне сипаттама жасау

Cержан

Сѳйтсе, үстіне су жаңа ақ, футболка киген төрт жастар шамасындағы ер бала арнайы тіреу ағаштарымен керілген жүзім сабақтарының ұзына бойғы кѳлеңкесінің бір шетінде құммен ойнап отыр екен. Қолында ойыншық күрек… ойыншық шелек…

Сержан төрт жастағы бала, өз бетімен ойнағанды жақсы көреді.

Сержанның жаңадан ѳсіп келе жаткан майда шаштары алақанына жұп-жұмсақ тиді. Бала да енді ѳзін еркін сезініп, еркелегендей болып, бұған денесін тиістіре беріп:

 — Басымнан иіскеші? — деді.

Бауырмал

Бала жіп-жіңішке саусақтарын кезек бүгіп тұрып:

— Бүгін-н… Сосын ертең-ң… Сосын арғы-ы күн-н… Сонда кетеміз гой.

Ақылды

Мамам айтқан… Алматыда жаз кезінде де түн суық болады деп…

Зерек

 

– Жоқ. Олар балмұздақ жемейді ғой. Бұл жерде кәрі кісілер балмұздақты қолдарына ұстамайды да. Сондықтан мен қалған балмұздақтарды Сағынай деген досыма беріп кетемін. Әрі көрші, бір үйден кейін тұратын… Оның балмұздақ сатып әперетін аталары да жоқ. Тіпті, мен оған Алматыдан келген атам сатып әперді деп, қазір-ақ біреуін берсем де болады.

 Мейірімді

Сержан образы

Сержан реалистік образ. Өйткені күнделікті өмірде кездесетін бала бейнесі. Сержан төрт жастағы бала, өз бетімен ойнағанды жақсы көреді. Ол бауырмал, зерек, ақылды және мейірімді бала.

Осы үлгіде әңгіменің барлық кейіпкерлерінің  образын ашуға болады. Жалпы әдебиет теориясын еске түсірер болсақ, образдың жасалу тәсілдері әртүрлі болғандықтан, образ түрлері де әр алуан болып келетіні белгілі.     

Образдың түрлерінің бірнеше (әдістік, тектік, тәсілдік) факторлары бар.

— Көркемдік әдіс тұрғысынан келгенде, образ екі түрлі: романтикалық образ, реалистік образ.

— Әдеби тек тарапынан келгенде, образ үш түрлі: эпикалық образ, лирикалық образ, драмалық образ.

Ал жалпы жасалу тәсілдеріне қарай образдың тағы да бірнеше түрі болады: юморлық, сатиралық, фантастикалық, трагедиялық, батырлық  және т.б. Көркем шығарманы талдау барысында шығарманың тіліне тоқталып кету маңызды. «Анасын сағынған бала» әңгімесін жазуда автор диалогты ұтымды қолданып, өз идеясын оқырманға ұсынады. Шығармадағы үзіндіден тілдік бейнелеу және суреттеу құралдарын көруге болады. Мысалы:

«…Ойларының ауырлығынан шығар, бір сәтте Есмағамбетке ѳзі жатқан купе іші де үрейлі сезінді. Поездың доңғалақтары да мұны өңмеңдеп қуып келе жатқан әзірейілдей…». Бұл жерде теңеуді көрсек, келесі үзіндіде «Тіпті, Сержан осы поезбен де қабаттаса жүгіріп келе жаткандай кѳрініп, отағасы орнынан тұрып, купенің терезесінен қараңғы далаға бірауық, қарап отырғанына не дерсіз…» әсірелеуді көруге болады. Автор әртүрлі сөз өрнектерін қолданғанын көреміз: «Мамам айтқан Алматының базарының мына шеті мен ана шетіне көз жетпейді деп… Құжынаған халық деп…», «... тіпті пойызды күтпестен-ақ құс болып ұшып кетердей алып ұшқан екпін бар еді. Ол-олма, сәлден соң Сержанның көздерінде үлкендігі бұршақтай жас тамшыларының пайда болғанын қайтерсің».

Қорыта келгенде 5-сынып оқушыларымен осылайша жұмыс жүргізілетін болса, алдағы уақытта көлемді шығармаларды оқуда жұмысты ұйымдастыру оңайға соғады. Сонымен қатар белсенді әдістер мен жаңа технологияларды қолдана отырып,  шығарманы жан-жақты талдап, мазмұнын толық меңгеріп шығуға мүмкіндік туады.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (9)

Айдана

Өте жақсы талданған жұмыс, мұғалімдерге өте пайдалы аөпарат

Аружан

осы әңгіме маған ұнап қалды

Маркен

Сабақтың әр кезеңі жақсы талданған,оқушылар материалды толық меңгеретінііне сенімім шексіз,жарайсыз,сіз нағыз ұстазсыз!

Ерасыл

Жақсы жазылған,түсінікті әрі пайдалы

Айгүл Досымбекқызы

Сабақтың талдауы жан-жақтан толық, мазмұнды. Сабақтың барлық кезеңдеріне терең ғылыми түрде талдау жасалған. Ұстазға шығармашылық табыс тілеймін

Алмагүл Ғосманқызы

Жоғары деңгейде талданған шығарма.Әңгіменің әр кезеңі бойынша берілген тапсырмалар оқушының деңгейін арттыруға,ой өрісін дамытуға бағытталған. Ұстаздың шығармашылық деңгейі арта берсін. Көптеген мұғалімдерге пайдасы тиері сөзсіз.!

Ризагүл

Оқушылар шығарманы түсінуі үшін талдау жасаудың маңызы зор. Бірақ көп жағдайда швғармаға дұрыс талдау жасау қиындық тудырып жатады. Берілген мақалада шығарма өте жақсы талданған. Мұғалімдермен осындай жақсы тәжірибемен бөліскен орынды. Өзге шығармаларды талдауда негіз етіп алуға боладв. Рақмет сізге!

Баян

Сабақтың жоспары жүйелі құрастырылып, жоғары деңгейде талданған.Мұғалімге берері көп мақала. Ұстазға шығармашылық табыс тілеймін.

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз