Өлең, жыр, ақындар

Қазақстанның теңгерімді әрі сындарлы сыртқы саясаты

Қазақстанның теңгерімді әрі сындарлы сыртқы саясаты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан халқына арналған Жолдауында атап көрсеткеніндей цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде мемлекетіміздің ұлттық стратегиялық мүддесіне сай келетін теңгерімді әрі сындарлы сыртқы саясаты әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан орнықты дамуымызға зор ықпал етіп отыр. Көптеген мемлекет Қазақстанмен достық қатынас орнатып, тиімді  ынтымақтастықты нығайтуда. Әлемде 200-ден астам мемлекет болса, бүгінгі таңда соның көпшілігі Қазақстанмен достық байланыстар орнатып, ынтымақтастық келісім-шарттарына қол қойды. Ашық, демократиялық саясат жүргізген Қазақстан шет елдермен достық қарым-қатынас орната білді. Қазақстанмен қарым-қатынас орнатуға мүдделі алыс-жақын елдердің бәрімен ынтымақтастығымызды  бағалаймыз. Еліміз сындарлы да сарабдал саясатының арқасында әлемдік қауымдастықта үлкен беделге ие болды. Мұның өзі, еліміздің халықаралық аренадағы абырой-беделі жоғары екенін және өзгелер бізбен санасатынын көрсетеді.  

Тәуелсіз Қазақстан дүние жүзінің көптеген елдерімен тең деңгейде дипломатиялық, саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастар орнатты. Қазақстан халықаралық қауымдастықта лайықты өз орнын алды. Біз маңызды халықаралық проблемаларды шешуге өз үлесімізді қосып келеміз. Еліміз Орталық Азияның көшбасшысына, халықаралық құрметті әріптеске, лаңкестікке, есірткінің жайылуы мен ядролық қарудың таралуына қарсы белсене күресетін мемлекетке айналды. Қазір жер жүзінде геосаяси текетірестер белең алып тұр. Әлем отқа оранып тұр, - деп айтуға болады. Соған  қарамастан Қазақстан бейбіт әрі эволюциялық жолмен дамып келе жатыр. Біз алға қойып отырған стратегиялық мақсатымызға жету үшін еліміздің бейбіт өмір сүруіне және тұрақты дамуына қолайлы сыртқы жағдай қалыптастыруымыз қажет. Бұл  - қазіргі аса күрделі геосаяси ахуал кезінде өте жоғары кәсібилікті талап ететін дипломатияның міндеті.

Қазақстан бейбіт және теңгерімді сыртқы саясатты  қатаң ұстанып келеді. Еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін нығайту, шетелдегі азаматтарымыздың құқықтарын қорғау, ұлттық мүдделерімізді ілгерілету, экономикаға инвестиция тарту – дипломаттарымыздың басты міндеті. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысын қатаң ұстана отырып, көпжақты ынтымақтастық орнатуға қашанда дайын екенін паш етіп келеді. Еліміз халықаралық қауіпсіздік және тұрақтылық мәселелерін шешуге белсенді атсалысады. Біз БҰҰ мен басқа да халықаралық ұйымдардың лаңкестікке, экстремизмге, заңсыз көші-қонға, климаттың өзгеруіне және өзге де қауіп-қатерлерге қарсы күресу жолындағы талпыныстарын, сондай-ақ БҰҰ-ның бітімгерлік қызметін, қарусыздануға қатысты бастамаларын барынша қолдаймыз, қарулы қақтығыстарды дипломатиялық жолмен шешу қажет деп санаймыз.

Осы жерде айтып кететін жағдай – биыл Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылуының 80 жылдығы. Бұл - әлем тарихындағы айтулы дата. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымына әлі күнге дейін еш балама жоқ. Оны көкейкесті халықаралық мәселенің бәрін әділ шешу жолындағы негізгі келіссөз алаңы болып қала беруге тиіс деп санайды. Бірақ БҰҰ-ны, әсіресе, оның ең басты органы – Қауіпсіздік Кеңесін реформалау қажет екендігін айтып келеді.

Біз әлемдік деңгейдегі дамыған елдердің қатарына қосылуға батыл қадам жасаудамыз. Қазақстанды дамыған, көркейген мемлекет ретінде көргіміз келеді. Экономикалық, мәдени, ғылыми дамуда озық мемлекеттермен қатарласуды көздеп отырмыз. Әлемнің өркендеген елдерінің технологиясын, ғылым-білімін, экономикалық механизмдерін игеруге үлкен талпыныстар жасалуда. Заманауи технологияларды меңгеріп, халқымыздың озық ойлы ұлттардың қатарына қосылуын қалаймыз. Төл тарихымызға құрметпен қараймыз. Ал келешекте кім болатынымыз тек қана өз қолымызда. Қазақстанның дербес дамуы салмақты, ұстанымы айқын. Осы бағытымыздан таймасақ, еліміз әлемдік деңгейдегі өзінің заңғар биігіне көтерілеріне сенеміз.

 

Сабырхан СМАҒҰЛОВ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер