Өлең, жыр, ақындар

Агрессия теориясы. Инстинкт (теория З.Фрейда, К. Лоренца), ынталандыру (Берковиц теориясы); қозу теориясы (теория переноса возбуждения Зильманна), оқу (теория А.Бандуры)

Кіріспе

Адам қоғамда өмір сүргендіктен, оның мінез-құлқы әртүрлі жағдайда өзгереді. Әдетте біз бір-бірімізге түсіністікпен, сыйластықпен қарауға тырысамыз. Бірақ кейде адам ашуланып, біреуге қарсы шығады, дөрекілік көрсетеді немесе зиян келтіруге бейімделеді. Осындай жағдайды ғылымда агрессия деп атайды. Мен https://farabi.university/ студенті ретінде осы тақырыпқа мақала жаздым.

Агрессия – тек ұрып-соғу немесе күш қолдану ғана емес, ол сөзбен тіл тигізу, ренжіту, біреудің намысына тию, тіпті жанама түрде зиян келтіруді де қамтиды. Күнделікті өмірде біз оны жиі кездестіреміз: отбасындағы ұрыс-керіс, достар арасындағы жанжал, мектептегі немесе жұмыстағы түсінбеушіліктер, тіпті көліктегі жүргізушілер арасындағы дау да агрессияға жатады.

Ғалымдар агрессияны түсіндіру үшін әртүрлі теориялар ұсынған. Бірі адамның бойында ол туабітті бар десе, екіншісі агрессия сыртқы жағдайлардан туады дейді. Үшіншісі денедегі қозумен байланыстырса, төртіншісі оны үйреніп алуға болады деп түсіндіреді. Осы жұмысымда мен сол негізгі төрт теорияны қарастырамын:

    1.    Инстинкт теориясы (З. Фрейд, К. Лоренц)

    2.    Ынталандыру теориясы (Л. Берковиц)

    3.    Қозу теориясы (Д. Зильманн)

    4.    Оқу теориясы (А. Бандура)

 

1. Инстинкт теориясы

Инстинкт теориясы бойынша агрессия – адамның бойында туабітті бар қасиет. Яғни біз оны өмірге келгеннен бірге ала келеміз.

З. Фрейдтің көзқарасы: ол адамның ішінде екі түрлі күш бар дейді – бірі өмірге құштарлық, махаббат, шығармашылыққа итермелейтін күш, екіншісі – қиратуға, жоюға итермелейтін күш. Соңғысы агрессия болып саналады. Егер адам ашуын іште сақтай берсе, ол өзіне зиян тигізуі мүмкін. Сол үшін агрессия сыртқа шығуы табиғи нәрсе.

К. Лоренцтің пікірі: ол агрессияны жануарлардағыдай, адамдарда да қорғаныс құралы деп түсіндірді. Егер адамда мүлде агрессия болмаса, ол өзін және отбасын қорғай алмайды. Бірақ адам мәдениет пен заң арқылы агрессиясын тежей білуі керек.

Мысал: біреудің сізге күшпен немесе сөзбен тиіскенінде, ішкі агрессияңыз оянып, жауап беруге тырысасыз. Бұл – табиғи инстинкт.

2. Ынталандыру теориясы (Л. Берковиц)

Бұл теория агрессияны “мақсатқа жете алмаудан” пайда болады деп түсіндіреді. Адам қалағанына қол жеткізе алмаса, көңілі түсіп, ренжиді. Бұл жағдайды психологияда фрустрация дейді.

Берковицтің ойынша, фрустрация өздігінен агрессияға әкелмеуі мүмкін. Бірақ егер қосымша арандату, әділетсіздік немесе басқа бір ынталандыру пайда болса, онда агрессия күшейеді.

Мысал: студент сабаққа дайындалып келді делік, бірақ мұғалім оған төмен баға қойды. Бұл студентті ренжітеді (фрустрация). Егер ол бағаның әділетсіз екенін сезсе, ашуланып мұғалімге қарсы сөз айтуы немесе дөрекілік көрсетуі мүмкін.

3. Қозу теориясы (Д. Зильманн)

Зильманнның көзқарасы бойынша, адамда пайда болған қозу (адреналин, толқу, шаршау) басқа жағдайға ауысып, агрессияға әкелуі мүмкін. Бұл құбылысты қозуды ауыстыру деп атайды.

Мысал: адам спорт ойнап келген соң денесінде әлі қозу бар болса, кішкене ғана ұсақ-түйек жағдайға шамадан тыс ашулануы мүмкін. Шын мәнінде, оның ашуы сол жағдайдан емес, денесінде сақталып тұрған қозудан туындайды.

Қарапайым тұрмыстық мысал: жұмыстан шаршап келген адамды үйде біреу болмашы нәрсеге ренжітіп қойса, ол қатты ашуланып кетуі мүмкін.

4. Оқу теориясы (А. Бандура)

Бандура агрессияны адамның табиғатынан емес, үйреніп алатын мінез-құлық деп түсіндірді.

Балалар үлкендердің іс-әрекетін бақылап, соны қайталайды. Егер адам агрессияны теледидардан, ойынынан немесе қоршаған ортасынан көп көрсе, ол да агрессивті болып кетуі мүмкін.

Мысал: Бандураның “Бобо қуыршағы” тәжірибесінде балалар үлкендер қуыршақты ұрғанын көріп, кейін өздері де солай істеген. Бұл агрессияның үйренілетінін дәлелдеді.

Қорытынды

Жалпы, агрессия – адам өмірінде жиі кездесетін құбылыс. Оның бір ғана себебі жоқ. Ғалымдар әртүрлі көзқарастар ұсынған:

    •    Инстинкт теориясы агрессияны адамның табиғи қасиеті десе,

    •    Ынталандыру теориясы оны реніштен, әділетсіздіктен көреді.

    •    Қозу теориясы адамның ішкі толқуы мен шаршауы агрессияға себеп болуы мүмкін дейді.

    •    Ал оқу теориясы агрессияны ортадан, еліктеуден үйренуге болатынын айтады.

Агрессияны толық жою мүмкін емес, себебі ол адамның табиғатында бар. Бірақ оны бақылауға, дұрыс арнаға бұруға болады. Спортпен шұғылдану, өнермен айналысу, өз сезімін дұрыс жеткізе білу – агрессияны басқарудың тиімді жолдары.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

    1.    Фрейд З. Введение в психоанализ.

    2.    Лоренц К. Агрессия: так называемое зло.

    3.    Берковиц Л. Агрессия: причины, последствия и контроль.

    4.    Зильманн Д. Теория переноса возбуждения.

    5.    Бандура А. Социальное научение.

 

 

 

Жиенбекұлы Нұрасыл


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз