Шыңырау
(Қойылым)
(Сахнада жұпыны қараша үй. Төрде ауырып жатқан Құлжан. Жанында көзінің жасын орамалымен сүртіп, әйелі отыр. Баласы Теңсел асық иіріп, үні шықпай ойнап отыр. Осы кезде сахнаға әдемі киінген екі-үш бала шығады.)
1-бала:
- Қараша үйлі Қараш, тіккені күрке, асқаны бақыраш! (Тілін шығарып, басын қисаңдатып, қолдарын ербеңдетеді)
2-бала:
- Иті үрегеш, қызы күлегеш, ақ боз үйге кіре алмас, шоңқайма етік кие алмас, шөккен түйеге міне алмас! Ха-ха-ха! ( Мазақтайды. Орнынан атып тұрған кішкене бала жұдырығын түйіп, мазақтаған бұзықтарға сес көрсетеді. Кенет сотқар балалар арттарына жалт қарап, қаша жөнеледі.)
1-бала:
- Еңсеп келе жатыр, қашамыз! (Үшеуі Теңселге қарап тілдерін шығарып, маймыл секілді қолдарын ербеңдетіп, бастарын шайқап, қашып шығып кетеді. Сахнаға басы салбырап шыққан Еңсеп, қолындағы бос арқанды босағаға лақтыра салады.)
Анасы:
- Өтес бай не деді балам? Сауынға бір-екі інген бермеді ме?
Еңсеп:
- Өтес бай: «Қараштың қарнына қара көжеден басқа ас тұрушы ма еді?» - деп, келеке қып қайтарды. Түйесінің сүті түгіл, құдайдың қара суын татырмас сараң бай! (Өзі жерге сылқ етіп отыра кетеді. Осы кезде төрде жатқан әкесі Құлжан қырылдап, соңғы өсиетін айтады.)
Құлжан:
— Ал, балаларым, кетіп барам. Артында дәулет қалдырмады деп, әкелеріңе өкпелемессіңдер. Қара жер орнында тұрса, тышқан мен Қараш аштан өлмес, тіпті болмаса жер шұқырсыңдар. (Қолы сылқ етіп құлап, әлсіреп қалады.)
Анасы:
- Әкесі-ау, көзіңді ашшы? Кеткені несі?
Еңсеп:
- Әке, әкешім! Бірнәрсе деші...? (Жыламсырай сөйлейді. Сахнаға Құлжанның інісі Дәржан шығады.)
Дәржан:
- Құлжан, уа бауырым! Көзіңді ашшы..? Мен Дәріжан. Бірнәрсе деші...?!
(Перде жабылып, барлығы сахнадан кетеді.)
ІІ – сахна
(Сахнаға Дәржан мен Еңсеп қайта шығады)
Дәржан:
- Шырағым Еңсеп, әкеден айрылдың. Құлжан пақыр қасарыспа болғанмен ер жігіт еді. Есіл қайраты далаға кетті. Сүйегін орарға қара ала алаша зорға табылды. Шалқар дәулетке кенелтпесе де бала-шағаның қарнын ашыртпаған ата кәсіптен қол үзгеннен опа тапқан ол жоқ. Сен де әкеңшілеп, ата-баба ырзығын аяққа баспа. Қаршадай бауырларың мен анаң қалды. Мақұл десең сендерді көшіріп әкетем. Маған ер, жолымды ұста! Сен де құдықшы бол!
Еңсеп:
- Мақұл, ата! Бірақ.. қолымнан келер ме екен?!
Дәржан:
- Келмей.. Қаныңда бар кәсіп. Жинал, кеттік! Біраз жыл қолғабыс етіп, құдықшылықтың қыр-сырын үйрен. Кейін өзің атақшы құдықшы атанарсың!
(Екеуі кетеді. Арада біраз жыл өтеді. Сахнаға кәсіби құдықшы Еңсеп шығады. Жанында 3-4 жігіт)
1-жігіт:
— Апырай, мына байда иман жоқ екен, жетпіс құлаш шыңырауға бар болғаны жетпіс тоқты айдатыпты-ау?!
2-жігіт:
— Еңсепжан, біз анау Бөкен бай емеспіз. Ақыңды жемейміз. Ернектің үстінен шыңырау қазып берсең, жүз тоқтыны алдыңа саламыз!
3-жігіт:
- Еңсеке, мына Сәкеңе қазып болған соң, Үстірттің аузынан бізге бір құдық қазып берерсің? Алдыңа 120 саулық қой салып берерміз... Басқа ешкіммен пәтуаға келіспе!
(Еңсеп қасын керіп, ойланып, бірден жауап бермейді.)
1-жігіт:
- Мынау атақты Сағынай бай емес пе? Бұған не керек боп қалды Қараштардан?
2-жігіт:
- Әнеу күні «ақ жолдың бойынан құдық қаздырамын депті Сағынай» - деген еді қатын-қалаш. Сол сыбыс рас болмаса жара еді..?
(Сахнаға Сағынай мен атқосшысы шығады. Барлығы қол берісіп амандасады.)
Сағынай:
- Ассалаумағалейкум жігіттер! Мал-жан аман ба? Уа, Еңсеп інім! Келер жылы үлкен ас бермекші едім. Маған ақжолдың аузынан құдық қазып бер! Суы мөлдір, тұщы болса, алдыңа алпыс тоқтыны өзім санап салып берем. Уәдем – уәде!
Еңсеп:
- Уағалейкумәссәләм, байеке! Шыңыраудан құдық қазу – саздан су шығару емес! Бүкіл ауылдың жігіттерін жалдап, жетпіс-сексен құлаш жердің тасы мен құмын, 30 атанға кезек тартып, зорға қазамыз. Берсеңіз жүз тоқты беріңіз. Бермесеңіз мына Тәкеңмен пәтуаласып отырмыз!
Сағынай:
- Еее, шырағым! «Қырсық Құлжанның баласы қыңыр Еңсеп, қорасына мал бітіп, қоң жинағалы бері адам менсінбейтін болған. Тек ат-әбзелі келіскен, мал аямайтын атаққұмар байларға ғана құдық қазып береді» - деп жүр еді жұрт. Желдей есіп жүрген өсек тегін емес екен. Жомарт Алла қалың қазақтың маңдайына бір ғана құдықшы жазбаған болар?! Табылар тағы бір күрегіне береке дарыған құдықшы...
Еңсеп:
- Онда сол басқа құдықшыға өтініш жасай беріңіз, байеке! Қырсық Құлжанның қыңыр құдықшы баласын қайтесіз? (қабағын түйіп, теріс қарап кетеді)
Сағынай басын шайқап:
- Әлі алдыма жалынып келерсің Еңсеп! Сол кезде осыныңды есіңе салармын! Кеттік! (Сағынай жұлқынып шығып кетеді. Еңсеп жанындағы жігіттермен сахнаның келесі жағына кетеді.)
ІІІ – сахна
(Сахнаға екі жігіт шығады)
1-жігіт:
- Рас айтам, жұрт «Сағынай Қалпаққа ернектегі шыңырауды қазған ақысына түйеге бастатып жүз елу тұяқ атапты» - деп жүр.
2-жігіт:
- По, шіркін! Сағынай бай мәрттік жасаған екен?! Әлбетте, 150 құлаш жер қазса, мен де берер едім 150 тұяқты.
1-жігіт:
- Сағынай рулы елі боп, Қалпақты қолдарынан шығармауға бекініпті. Ол «Қалпақ қазғанның» тұсынан ешкімді өткізбеймін, суатымды сарқып, өрісімді тоздырасың деп көшке ұрынатынды шығарыпты. Байсал байдың екі қойшысын «құдығымнан неге мал суарасың?» - деп астауға таңып қойып сабапты. Содан бері екі бай ит пен мысықтай көрінеді.
2-жігіт:
- Не дейді? Бәсе, өткенде Байсал байдың бәйге торысын Еңсептің үйінің алдынан көріп едім? (сыбырлай дауыстап) Еңсеп, Қалпақтың қазған құдығын көріп, еңсесін тіктей алмай жүр еді, Байсал өтініш жасап, Үстірттен ең терең шыңырау қазып жатыр екен... Жұрт «Қалпақ қазған» атап кеткен құдықтан да терең құдық қазып, «Еңсеп қазған» атамақшы - дейді.
1-жігіт:
- Е, е, байғұс! Біресе Бигелді биге, біресе Шоңмұрын биге еліктеп, ат-тұрманын сәндеп, ойын-тойда қоңыр даусымен ән шырқап жүре бермей, Қалпақпен бәсекеге түспекші десейші...?! Қалпақ - жан-дүниесі қызғаныш пен дүниеқоңыздықтан ада, ашық, таза, жомарт жігіт. Мәрттің – ғұмыры ұзын, қабірі – нұрлы болады деуші еді жарықтық қариялар. Мен Еңсептің мына беталысынан шошиын дедім... Бір бәлеге ұрынбаса нетті?!
(Сахнаға 3-ші жігіт жүгіре шығады)
3-жігіт:
- Сұмдық болды жігіттер, сұмдық, сұмдық! Айтқан жерден жырақ! Бәлесі өзімен кетсін!
1-жігіт:
- Ау, шырағым! Адамның зәресін ұшырмай айтсаңшы?
2-жігіт:
- Не болды? Айтып өлтірсеңші...?!
3-жігіт:
- Е-е-е-Еңсеп, Үстірттен құдық қазып жатыр емес пе еді...?!
1-жігіт:
- Содан?
2-жігіт:
- Ия, қазып жатқан!
3-жігіт:
- Өте терең құдық қазыпты... Сұмдық терең!
1-жігіт:
- Су шығып па?
2-жігіт:
- Ау, шырағым, тез-тез айтшы міңгірлемей! Шаршатып жібердің ғой?
3-жігіт:
- Су шығыпты. Бірақ... (кемсеңдей жыламсырап) Еңсеп қайтып шықпапты... Суға тұншығып өлген дейді!
1-жігіт:
-Астапралла! Не дейді?
2-жігіт:
- Жаны Жәннаттық болсын жарықтық! (бетін сипайды)
1-жігіт:
- Бәсе-ау! Тегін шошынбам едім-ау! Осындай бір бәлеге ұрынарын білгем...?!
2-жігіт:
- Ееее, жарықтық Еңсеп-ай! Өз қызғанышы мен іштарлығының шыңырауына түсіп мерт болды десейші. Жүріңдер, «Еңсеп өлген» құдыққа барайық! Ол құдық енді «Еңсеп қазған» емес, «Еңсеп өлген» атанып кететін болды ғой. Еее, жалған дүние! Жалт-жұлт етіп өтесің де, кетерсің –ау бізден де!
3-жігіт:
- Жігіттер, мынау Еңсептің даусы емес пе? Тыңдаңдаршы...
(Сахнада Ж.Жексенұлының домбырамен орындаған «Ойламаңдар жігіттер» термесі орындалады. Барлығы домбырамен шырқалған қоңыр үнге құлақ түріп, бір-бірін қолтықтай сүйеп, сахнадан кетеді. Бір минуттан кейін барлығы қайта шығып, көпшілікке сәл бастарын изейді.)
Соңы.
(Ә.Кекілбаев повестінің желісі бойынша. Сахнаға ыңғайлап, драматургиялық өңдеу жасаған: Г.Қасенбай.) 10.10.2024 жыл
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Нарша Булгакбаев
- Нарша Булгакбаев
-
- Архимед
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі