Өлең, жыр, ақындар

«Құрметке лайық мамандықтың қадірі қайда жоғалды?»

     Ұстаз — жүрегіне жылулық нұрын сеуіп, адам жанына ізгілік дәнін егетін аяулы тұлға. Адам баласының санасында қадір тұтып, құрметтейтін қасиетті ұғымдардың бірі де, бірегейі де — ұстаз. Қазақ үшін «ұстаз» сөзі қашанда киелі ұғым болған. «Ұстаздан тәрбие алған», «ұстаз алдын көрген» деген тіркестердің өзі «ана тәрбиесін алған» деген мағыналармен астасып жатады. Алғаш әріп танытып, өмірдің қыр-сырын ұғындырған, сан түрлі құбылысты түсінуге жол ашқан, адамгершілікке баулыған мұғалімнің бейнесі әр адамның жүрегінде мәңгі сақталады. Ұстаз — білімнің шамын жағып, шәкіртін өмір атты кең ғаламға қанаттандырып ұшыратын тұлға. Ал шам болып айналаңа жарық шашу оңай емес. Ол үшін өзің жанып, өзің еруің керек.

Ендеше, бар ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған ұстаздардың еңбегі бүгінгі қоғамда қалай бағаланып жүр? Неге олардың ауыр жүк арқалаған иығына жыл сайын жаңа міндеттер арта береміз? Ұстаз тек білім беруші ғана емес, психолог, тәрбиеші, ұйымдастырушы, кейде ата-ананың орнын басатын тұлғаға айналып бара жатқан жоқ па? Қазақстанның білім беру саласында бүгінде 484 788 педагог-әйел қызмет атқарады. Педагогтердің 82,1 пайызы — әйелдер. Бұл деректерді Оқу-ағарту министрлігі ресми түрде жариялаған.

Олардың ішінде:

  • 100 750 педагог — мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында;

  • 334 641 — орта білім беру ұйымдарында;

  • 2 444 — түзету-білім беру ұйымдарында;

  • 13 113 — қосымша білім беру ұйымдарында;

  • 29 025 — техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында;

  • 3 815 — арнайы білім беру ұйымдарында еңбек етуде.

Бұл сандардың артында қаншама тағдыр, қаншама жауапкершілік тұрғанын ұмытпауымыз керек. Отбасы мен мектептің арасындағы байланыстың әлсіреуі, тәрбие салмағының басым бөлігі ұстазға жүктелуі — бүгінгі білім саласының ең өзекті мәселелерінің бірі. Баланың мінез-құлқы, тәртібі, тәрбиесі, білімі үшін бірінші кезекте мұғалім жауапты сияқты қабылданады.

Ұстаз — қоғамның айнасы. Ұстаздың қадірі төмендесе, болашақтың да бағасы кемиді. Сондықтан ұстазға қойылатын талаппен қатар, оған көрсетілетін құрмет те, қолдау да тең болуы тиіс. Құрметке лайық мамандықтың қадірін қайта жаңғырту — тек ұстаздың емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті.

“Journiverse” білім беру орталығының оқушысы: Ырғызбаева Жансая 


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз