Өлең, жыр, ақындар

Заман жақсылары – еріктілер

      Еріктілер (волонтерлер) – қараңғы өмірге сәл де болса жарық сыйлайтын жандар. Аты айтып тұрғандай, олар адамдарға көмектескені үшін ақы алмайды. Керісінше, мұқтаж жандарға қол ұшын созып, табиғатты қорғап, қоғамды жақсы жаққа өзгертуге үлес қосады.

«Волонтер» сөзі алғаш рет 1600 жылы қолданысқа енген. Бастапқыда соғыс кезінде майданға өз еркімен аттанған адамдарды осылай атаған. Ал 1970 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы жанынан «БҰҰ волонтерлері» атты халықаралық ұйым құрылды. Оның басты мақсаты – әлемдегі еріктілерді біріктіріп, олардың қызметін дамыту. Сол жылдан бастап жыл сайын 5 желтоқсан – Халықаралық еріктілер күні ретінде аталып өтеді. Қазақстанда 2020 жыл «Еріктілер жылы» деп жарияланды.

                                                                 

Волонтер болу үшін міндетті түрде кәмелет жасқа толу шарт емес. Себебі бұл қызмет жасына, жынысына, біліміне немесе материалдық жағдайына қарамайды. Ең бастысы – жақсылық жасауға деген ниет пен шынайы көмек көрсетуге дайын болу. Қазақстанда және өзге де мемлекеттерде жас еріктілердің басын қосатын ірі ұйымдардың бірі – UNICEF (United Nations International Children’s Emergency Fund), яғни Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры. Бұл ұйым 1946 жылы 11 желтоқсанда Екінші дүниежүзілік соғыстан зардап шеккен Еуропа балаларына көмек көрсету мақсатында уақытша ұйым ретінде құрылған. Алғашында «Балаларға көмек көрсететін халықаралық төтенше қор» деп аталды.

Бүгінде БҰҰ Балалар қоры тек соғыс салдарынан жапа шеккен балаларға ғана емес, ашаршылық, індет, босқыншылық жағдайындағы елдердің балаларына да қолдау көрсетеді. Қордың штаб-пәтері Нью-Йорк қаласында орналасқан. Қазіргі таңда ұйымға 50-ден астам мемлекет мүше. Қазақстанда UNICEF 1994 жылдан бастап жұмыс істейді және бұл ұйымға 15 жастан бастап қабылдайды.

2025–2026 жылдардағы статистикаға сәйкес, волонтерлік қызметтің ең танымал 5 бағыты анықталған:

  • мұқтаж жандарға киім-кешек пен азық-түлік арқылы көмек көрсету – 18,7%;

  • қаланы тазалау жұмыстарына қатысу – 13,8%;

  • мәдени және спорттық іс-шараларға атсалысу – 10,9%;

  • экология саласындағы қызмет – 10,6%;

  • қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету – 8,2%.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда 300 мыңнан астам адам волонтерлік қызметпен айналысады.

“Journiverse” білім беру орталығының оқушысы: Рысбекова Майра


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар