Өлең, жыр, ақындар

Қызылордадан — әлемдік ғылымға: әлемдегі жалғыз кванттық офтальмолог Мұхит Құлмағанбетов

"Қызылордадан — әлемдік ғылымға: әлемдегі жалғыз кванттық офтальмолог Мұхит Құлмағанбетов"

Өз ісіне адалдық пен жаңашылдыққа ұмтылыс – нағыз маманға тән қасиет. Осындай талаптарға толық сай келетін тұлғалардың бірі – дәрігер әрі жас ғалым Мұхит Құлмағанбетов. Ауылдан түлеп ұшқан қазақ жасының бүгінде әлемдік ғылым кеңістігінде танылып, Еуропаның жетекші жоғары оқу орындарының бірінде студенттерге дәріс оқуы – табандылық пен білімге деген шынайы құштарлықтың айқын дәлелі. Мұхит Құлмағанбетов халықаралық ғылыми қауымдастықта белсенді еңбек етіп, түрлі елдерде өтетін конференцияларда тың зерттеулерін ұсынып келеді. Ғылым мен медициналық тәжірибені қатар алып жүрген жас маманның басты мақсаты – адам денсаулығына қызмет ететін жаңа әрі тиімді шешімдер ұсыну.

                                     

Мұхиттың ғылым жолына түсуіне отбасының әсері ерекше. Оның ата-анасы 1991 жылы Мұхит дүниеге келген кезде Қарағанды медициналық институтында білім алып жүрген. Көп ұзамай жас дәрігерлер отбасы Қызылорда облысындағы Қалжан Ахун атындағы шағын ауылға қоныс аударып, Мұхит сол жерде бастауыш білім алады. Ал 2002 жылы отбасы Тереңөзек аудан орталығына көшіп келеді. Жас жігіттің Малайзияда «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алу мүмкіндігі болғанымен, ата-анасы алыс елге жіберуге қарсы болады. Осылайша, 2009 жылы Мұхит Алматы қаласындағы С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің студенті атанады. Университет қабырғасында ол үздік оқып, орташа үлгерімі 4,0 жүйесі бойынша 3,98 көрсеткішке жеткен.

 Бакалавриатта бес жыл білім алған соң, хирургия бағыты бойынша екі жылдық интернатураны Қалқаман ықшамауданындағы №7 қалалық клиникалық ауруханада тәмамдайды. Дәл осы кезеңде Мұхит өз кәсіби жолын қайта қарап, классикалық хирургиядан гөрі ғылым мен технологияға негізделген офтальмология саласын таңдауға бел буады. Қазақстандық офтальмолог скальпельден бас тартып, ғылым жолын таңдап қана қоймай, халықаралық деңгейде мойындалған жетістікке қол жеткізді. Оның жобасы 2025 жылы ICT Startup Award – Hardware and Deviceноминациясы бойынша үздік деп танылып, SLOPE атты инновациялық құрылғысы алтын жүлдеге ие болды. Қазылар алқасы бұл жобаның медицина саласы үшін маңыздылығын жоғары бағалады.

Жаңа құрылғы көздің тор қабығында жасқа байланысты пайда болатын ауруларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Диагностика барысында ешқандай хирургиялық араласу, дәрі-дәрмек немесе ауыр процедуралар қолданылмайды. Ауруды анықтау тек жарық пен толқын технологиялары арқылы жүзеге асады.

Соқырлықтың алдын алу жөніндегі халықаралық агенттік мәліметінше, әлемде шамамен 285 миллион адам көру қабілетінің нашарлауынан зардап шегеді. Оның 19 миллионынан астамы – балалар, ал 39 миллион адам мүлде көру қабілетінен айырылған. Мамандардың айтуынша, егер дер кезінде дәрігерге жүгініп, қажетті алдын алу және күтім шаралары жасалса, бұл жағдайлардың 80 пайызының алдын алуға болады. Айта кету керек, кванттық технологияларды офтальмология саласына енгізу идеясы Мұхит Құлмағанбетовке Канаданың Ватерлоо университетіндегі Кванттық компьютерлеу институтында қызмет ететін әріптестерімен бірлескен жұмыс барысында келген.Қызылорда өңірінен шыққан жас ғалымның бұл жетістігі – қазақ жастарының ғылым мен инновация саласында әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті екенін дәлелдейтін жарқын үлгі.

“Journiverse” білім беру орталығының оқушысы: Әбубәкір Аружан


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз