Қазақстандық білім беру жүйесі мен халықаралық стандарттар арасындағы алшақтық

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2025-ші жылғы 26-шы қыркүйекте өткен мәжілісте «Біз ҰБТ халықаралық ЖОО-на оқуға түсуге мүмкіндік беретін placement test секілді халықаралық тестке айналатын модельді қабылдағымыз келеді» деп хабарлайды. Бұдан бөлек өз сұхбаты бірінде: «Біз ҰБТ-ге қатысты реформа қабылдауымыз қажет. ҰБТ өз алдына қойған міндетін 100% орындады. Ендігі реформа міндеті – сапалы білім және білім ордасы трансформациясы» дейді. Ендеше халықаралық стандартқа сай түрленген тест білім беру жүйесіне қандай өзгеріс әкелмек? 

Бұдан ертеректе қазақ даласында білім алу медресе оқуын тауысумен ғана шектелетін. Сәл кейін қылышынан қан тамған кеңестік жүйе орнады да, елді жаппай ағарту қауырт кезеңінде Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы сынды қайраткерлер білім ошағының отын жақты. Сауатсыздықты жою мәселесі орасан мәнге ие болуынан алғашқылар бірі боп Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті құрылды. Бүгін де аталған мекемеде білім алушы саны академиялық инфрақұрылым тұрғысынан алғанда студенттерге берілген жоспарлы орын шегінен асады. Реконструкция жайына келсек, бұның әжептәуір уақыт алатыны анық. Осы арада Қазақстанда ашылған шетелдік оқу орындары филиалы біздегі ҰБТ-ді оқуға қабылдау көрсеткіші ретінде қарастырмайтыны тағы бар. Оқуға тапсыратын білімгерлерге қоятын талабына ағылшын тілін игергенінің дәлелі есебінде жүретін IELTS 6.0 немесе TOEFL емтиханы баллы, портфолио (жеткен жетістігі,қоғамдық жұмыстағы белсендігі), SAT және сұхбаттасу, сондай-ақ мотивациялық эссе кіреді. Демек, ұлттық бірыңғай тестілеу халықаралық стандартқа сәйкес студент қажеттігін өтей алмауда әрі жедел арада реформа жүргізілу керегін айқындады .

«2025-ші жылдың 1-ші қыркүйегінен бастап барлық білім беру мекемелерінде кешенді білім беру жүйесін қамтитын «Адал Азамат» бағдарламасы енгізіледі. Бағдарлама патриотизмді, азаматтық жауапкершілікті, ұлттық бірегейлік пен мәдениетке құрметпен қарауды тәрбиелеуге бағытталған» – деп хабарлады Білім және ғылым министрлігі. Жоғары оқу орындарынан өзге білім алушыларда іргелі түсінік қалыптастыратын орта білім де реформалауды бастап кетті. Әзірдің өзінде мектеп бағдарламасы күрделігі оқытушы мен оқушы арақатынасын мұнан шиеленісті қылды. Тіптен түлек атанған жас өрен мектептен ілгенін университет аталатын ұяға қонғанда кәдеге жарата ала ма, әлде оқу орнында меңгергенінен өмірде іске асыра ала ма, бұл да аса толғанатын жай!

Бұл сұрақ жауабын Швейцария студенттері оқуы үлгісінен тапқан болдық. Жастар арасында жұмыссыздық деңгейін мейлінше төмен етіп тұрған ерекше дүние дуалды оқыту жүйесі. Мұндағы оқу ордасы тұжырымдық сипатпен қоса тәжірибені ұштастыра академиялық негіз қалыптастырып қана қоймай, кәсіби даярлықты биік деңгейге көтереді. Швейцарлық 15-16 жастағы жеткінге таңдауы түскен бағытқа сай алуан компанияда стажер ретінде тағылымдамадан өту мүмкіндігі қарастырылған. Ондай жүйемен 70%- дан аса мектеп жұмыс істейді. Аяғында білім алғанын айғақтайтын бір жапырақ қағаз табысталып қана қоймай, ұжымішілік бәсекені арттыратын машық қалыптасады. Қазақстан бөгде ел моделін өн бойына түгел дарыта алмаса да, мақсат өзгенікін өзімдікі деп алу емес, жаһандық тенденция мен ұлттық тәлім үлгісін жарасым табатындай жұптастыру. 

Қазақстандық білім беру жүйесі мен халықаралық стандарттар арасындағы алшақтық елішілік білім саласындағы түйткіл мәселе бірі. Біз келтірген алшақтық алдымен оқыту бағдарламасы мазмұнынан, бағалау критерийінен және де инновациялық технологияларды қолдану деңгейінен аңдалады. 

Жаһандану дәуірінде елдің бәсекеге қабілеттігін айқындайтын бас фактор бірі білімгер саны емес, білім сапасы. Халықаралық стандарттарға жақындау уақыт еншісіндегі ұлттық даму стратегиясы дәлдігінен көрініс таппақ, бастысы осы бағыттан жаңылмау!

 

 

 


WhatsApp Telegram

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз