Кейде өмірде күтпеген жерден мүмкіндік есіктері айқара ашылады. Мен мұны өткен жылы, 10-сыныпта оқып жүрген кезімде өз басымнан өткердім. Қарапайым ғана бір байқау ауылдан шыққан оқушыларды Дубайға дейін жеткізеді деп кім ойлаған? Барлығы «Зерделі Quiz» ұйымдастырған ұшқыр ой мен тапқырлыққа арналған республикалық байқаудан басталды. Алдымен мектебімізде іріктеу кезеңі өтті. Бес оқушыдан құралған команда болып, аудандық кезеңге жолдама алдық. Аудандық жарысқа барлық мектептен мықты оқушылар жиналды. Тапсырмалар бірінен соң бірі жалғасты: логикалық сұрақтар, тесттер, викториналар мен «ойлан тап» ойындары. Үзіліссіз өткен төрт кезеңнен кейін шаршаудың орнына жеңіске деген жігеріміз күшейе түсті.
Финал сәті… Зал іші тып-тыныш. Барлығы нәтижені күтіп отыр. Әдетте келесі кезеңге бір ғана команда өтетін. Бірақ бұл жолы күтпеген шешім шықты:
— Қазығұрт ауданынан үш команда облыстық кезеңге жолдама алады!
Сол сәтте бір-бірімізге таңданыспен қарадық. «Ә. Бектаев», «Қақпақ», «С. Сейфуллин» мектептері — бір ауданнан, бір мақсат жолында бірге аттандық.
Облыстық кезең әлдеқайда күрделі болды. Тапсырмалар ауыр, бәсеке жоғары. Бірінші кезеңнен кейін С. Сейфуллин мектебі жарыстан шығып қалды. Ал «Ә. Бектаев» пен «Қақпақ» мектептері мәреге бір қадам қалғанда, біз бір тапсырмада болмашы қателік жіберіп алдық. Сол сәтте «Дубай бізден алыстап бара жатқандай» әсер болды. Әр ұпай тағдыр шешіп тұрғандай еді. Дәл сол кезде біз бір шындықты түсіндік: бәсекелестік — бір бөлек, ал аудан намысы — бәрінен биік. Біз ойланбастан «Қақпақ» мектебіне қолдау көрсеттік. Залдағы ең қатты қолдау дауысы бізден шықты:
— Қақпақ! Қақпақ! Қақпақ!
Соңғы финалда жеке жеңіс емес, ортақ мақсат маңызды болды. Марапаттау сәті туды. Үшінші орын — «Ә. Бектаев атындағы мектеп». Бұл — біз. Жетекшіміздің қолдауы мен командалық бірліктің арқасында жеткен жетістік.
Ал республикалық кезеңге жолдама…
Дубайға жол — «Қақпақ» мектебіне!
Сол сәтте өзіміз байқамасақ та, жүрегімізді жылы сезім биледі. Бұл — бір мектептің емес, тұтас ауданның жеңісі еді. Жаз айында «Қақпақ» мектебінің оқушылары Дубайға барып, республикалық жарысты абыроймен аяқтап келді. Командалық ойынның шынайы үлгісін көрсетіп, еңбектерінің ақталғанын дәлелдеді. «Мүмкіндіктер мекенінде» олардың табандылығы жеңіске жетеледі.
Мен «Ә. Бектаев атындағы ЖББМ» оқушысы ретінде көрші ауылдың жетістігіне шын жүректен қуандым. Бұл оқиғадан мен:
командалық ойынның маңызын;
ұшқыр ойдың адамды биік белестерге жетелейтінін;
бүгінгі мүмкіндікті дер кезінде пайдаланудың қаншалықты маңызды екенін түсіндім.
Түркістан облысы,
Қазығұрт ауданы,
«Ә. Бектаев атындағы ЖББМ»
11-сынып оқушысы — Хамит Фариза
- Бернард Шоу
- Виктор Франкл
- Марк Аврелий
- Имам Әбу Ханифа
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі