Өлең, жыр, ақындар

Абай

Абай Құнанбайұлы 1845 жылы 23 тамызда Семей облысының Шыңғыс таулары баурайында дүниеге келген. Әкесі Құнанбай заманының озық биі, Қарқаралы уезінің аға сұлтаны болған, анасы Ұлжан орта жүздің Арғын тайпасының Қаракесек руының шешендікпен, тапқырлық, әзіл әжуамен аты шыққан шаншарлардың қызы, ел арасына ақылдылығымен, шешендігімен танылған.

Абайдан зор үміт күткен әкесі Құнанбай оны Семейдегі Ахмет-Риза медресесіне 3 жылға оқуға жібереді. Соңғы оқу жылдары үш айдай “Приходская школада” орысша оқып алады. Оқып жүрген Абайды әкесі ел ісіне араласуға қасына шақырып алады. Осылай жүріп, ел жайын, халық жайын аңғарады.

Құнанбайдың және оның айналасындағы атқамінерлердің ел ішіндегі озбырлық қылықтарына жиіркене қарайды. Әкесіне қарсы шығады, жолдары екі айырылады.

Құнанбай бірде Абайға үш мін тағады, оған Абай саналы түрде жауап береді. Құнанбай сөзден жеңіледі. Құнанбай жолы-ескі дәстүрді берік ұстанған жол, Абайдікі- жаңа заман салты, яғни, әлем мәдениеті мен білімін игеру еді. Ол кейбір ескі салттарға мүлдем қарсы болады. Шығыс, батыс мәдениетінен үлгі алады. “Әлемге көзімді ашқан- Михаэлис”, -дейді Абай. Сол арқылы А.С. Пушкин, Н.А. Некрасов, Л. Толстой, И.А. Крылов, Ф.М. Достоевский, М.Ю. Лермонтовтармен танысады. Батыс әдебиетінен Гете, Дж. Байрон сияқты ақындарды оқып, Дрепер, Спиноза, Спенсер, Льюс, Дарвин сынды ғалымдардың еңбектерін зерттейді. Шығыс классиктері Низами, Сағди, Науаилерден де тәлім алады. Осылармен санасып, еліне дұрыс жолды көрсетуге тырысады, орыстың ғылымын халқына үлгі етеді.

Абай 10 жасынан бастап өлең жазады. Бастапқыда өлеңдерін Көкбай атынан жариялап жүреді, тек ⅩⅨ ғасырдың 80 жылдарынан бастап қана өз атынан жариялайды, ақын ретінде танылады. Сондағы жазған алғаш өлеңі- “Жаз”. Көкбайдың айтуынша, алғаш өз көңілінен шыққан өлеңі. Ақындық талантын танытқан- “Қансонарда” (1882).

Абай өлеңдерінің тақырыбы: өнер-білім, табиғат, еңбек, адамгершілік, қоғам, ел болыстарын сынай жазған, Әбдірахман, Оспанға арнаған өлеңдері және тағы басқалар. Сонымен бірге төрт поэмасы : “Ескендір”, “Масғұт”, “Әзім әңгімесі”, “Вадим” бар. 1890-1898ж. Қара сөздерін жазады (45 қара сөз). Бұл ақынның саяси- әлеуметтік, философиялық,діни көзқарастарынан тұрады.

Абай өлеңдерін алғаш 1909 ж. Санкт-Петербургта балалары Кәкітай мен Тұрағұл бастырып шығарады (140-тай өлеңі мен “Ескендір”, “Масғұт” поэмалары).

Абай мұраларын зерттеу шын мәнінде, Ә.Бөкейханов. А. Байтұрсынұлы, М.Дулатов мақалаларынан бастау алады деуге болады.

Қара сөздері ең алғаш 1918 ж. Семейде шыққан “Абай ” журналында жарық көреді. Кейіннен орыс, қытай, француз, т.б. көптеген әлем тілдеріне аударылады.

“...Оның артына қалдырып кеткен мұрасы елі мен жұртының рухани өміріндегі қай бұрылыстар мен қай құбылыстар тұсында да айнымас темір қазық, адастырмас құбыланама болып қызмет етіп келеді”,-дейді жазушы Ж. Ысмағұлов.

Расында, Абай ұстанымы- қазақ ұстанымы. Президентіміз Қ.Ж. Тоқаев та осылай дейді. Абайдың жолымен жүрсек, айтқан сөздерін ескерсек еліміз оңалады деген пікір айтады.

Абай- әлемдік мойындалған ұлы даналар қатарындағы тұлға.

2019 жылы мамыр айында Қ.Ж. Тоқаев Абайдың 175 жылдығын жоғары деңгейде тойлауды бекітті. Бұл 2020 жылы іске асатын болады. Өткізу жөніндегі арнайы комиссия құрылды.

Қорытындылай келе Абай сөзі мен мұралары- ел есінде мәңгі сақталатын асыл қазына. Мағыналары өте терең, әрі ең дұрыс, адастырмас жол - сол Абайда!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз