Өлең, жыр, ақындар

Жансебіл

— Сарыөзекке баратын кім бар?.. Сарыөзекке баратын кім бар?..

Жер түбінен шыққандай құмығып естілген дауыс жолаушыларды еріксіз жалт қаратты. Алдымен вагон жағалап ілбіп келе жатқан кең-мол етекті орыс кемпір көрінді. Одан соң кішкене дөңгелектері ұршықтай зырқыраған қоларба көзге шалынды. Арба үстіндегі құндақтаулы қазақтың екі аяқ, екі қолы жоқ екенін де жұрт содан соң барып байқады. Вагон терезелеріне үміттене тесілген мүсәпір жанның дауысы төбе-құйқаны шымыр еткізерліктей жалбарынышты еді.

— Сарыөзекке баратын кім бар?.. Сарыөзекке баратын кім бар?..

Кемпір белін жазуға тоқтап, бір күрсініп алды да, иығына батқан жіпті толғай тартып, ілгері қозғалды. Жұрттың өздеріне аяушылық танытқанына еті үйреніп кеткен тәрізді. Ығысып жол бергендерді елең қылған жоқ. Қолтығынан демеп жібергісі келіп ұмсынғандарға бұрылып қарап та қоймайды. Өзі ыңғай білдірсе, шалды арбасымен қоса пойыздың мына басынан ана басына дейін тік көтеріп апарып тастау бұларға түк емес. Өйтсе шалының көңілі жасып қалатынын әуелден-ақ сезген. Отынға барып келгендей, шәниіп жатысын қарашы, тіпті. Айғайлауға да ерінеді, о, құрған.

Бұл енді шалын еркелеткен түрі. Әйтпесе, ол сорлының пойыз тоқтап тұрғалы бері жағы семген жоқ. Сарыөзекке баратын біреу табылса, бірге ілесе кететіндей жанығады. Көзінің алдындағы күлтілдеген ісігі тарқап, сарғайған өңіне ептеп қан жүгіріп қалыпты. Кескен томардай кеспелтек дене дауыстап үн қатқан сайын зілсіз талпынады.

— Оу, жұртым, араларыңда Сарыөзекке баратын ешкім жоқ па? Түкірсең түкірігің жететін жерден әрі аспай, қадамы қатып қалған бұл неғылған ел?!

Ғаріп шал өнбес тірлігінен түңілгендей күңіреніп кетті. Оған да құлақ асар жан болмаған соң, үнін жұтып, амалсыз ауыз жапты. Қайтып жақ ашпай, түпсіз аспанға тесірейіп, жүзі сұрланып, безеріп жатып алды. Манағы өз сөздерін қайталап: "Сарыөзекке баратын кім бар?.." — деп сарнаған кемпірдің дауысын да естігісі келген жоқ. Көкейінде есейген шағынан бергі бар ғұмырын бірге өткізген кемпірін бөтенсігендей, соншама жыл жіпсіз байлаған суық өлкені жатсырағандай тосаңдау бір сезім пайда болды. Бұдан қырық-елу жыл бұрын өлім жазасына кесілген он адамның түн ішінде тап осы стансаға жеткізілгені де қос қабат есіне оралған. Үкім орындаушылардың өздерін вагоннан желкелеп түсіргені, табандары жерге тиісімен орманға қарата шұбыртып әкеткені күні бүгінгідей көз алдында. Қашан стансадан алыстап кеткенше асықтырып, мылтық ұшында ұстап еді. Үңірейген ұңғыны сүрінген жерде жауырынға тіреп, зәрелерін ұшырған. Мың өліп, мың тіріліп, қалың қарағайлы орманға жеткен соң да жетіскендері шамалы. Ажал аузында жандарын шүберекке түйіп, қалың орманды түкпірлеп ұзай берген. Маңдай тұстан ағарып атар таңды ғана медеу тұтқан, үміт еткен.

Дәм-тұзы таусылуға таянған адамның арайлы таң шапағын бір көріп қалғысы келетіні несі?! Түн қараңғылығын серпіп тастап, алыс көкжиектен саумалдап құйылар ізгілік нұрын аңсай ма, әлде. Әйтеуір мына жарық дүниеде қара күш пен қаскөйліктен басқа қайырымдылықтың барына да көздері жетсе, көңілдері тыншығардай болады. Өзінің артында қалып бара жатқан қимас тіршілікте ізгілік нұрының сөнбеуін тілейді. Сол кездегі оның өмірге деген жүрек қанындай ып-ыстық махаббатын тілмен айтып жеткізу қиын. Ол үшін енді жан дүниесін сәулелендірген ізгілік нұрынан қымбат ештеңе жоқ секілді. Етігіне жабысқан ми балшықтан аяғын әрең суырып, желең көйлегін сұп-суық жел кернеп, өлімге бет алып бара жатқан адамның ізгілік нұрына соңғы рет табынуы шығар, бәлкім, бұл.

Жол бастаушы омырауын қымтанып, мойнын ішіне тартты. Үстіндегі қара киімді осы жолға әдейі таңдап кигенге ұқсайды. Тұтқындар оның түрін әлі анықтап көрген жоқ. Белі қындырдай, иығы қушиған арық кісі. Екі қолын қалтасынан шығармаған күйі, шалшық суды шалпылдата кешіп барады. Екпіндеп, аршындай адымдаған жүрісінен жаңылатын емес. Қалай қарай бұрылатынын, қашан, қайда тоқтайтынын өзі ғана біледі. Оның табан тіреген жері кісендері шылдырлаған ақ кебінді бейбақтарға дүниенің шетімен бірдей. Бұлар өздерінен бұрын атылғандардың рухымен сол жерде қауышады.

Қара киімдіні өкшелеп келе жатқан жауырыны қақпақтай шойқара жігіттің ұлты қазақ. Өңгелерінен денесі ірі болған соң, көгенқосақтың алдына әдейі шығарған. Маңдайы жарық азамат былайғы өмірде де топ бастайтын серкедей еді. Көлеңкесінде қалған біреу сыртынан саусағын шошайтып жіберді. Саусағы сыңғырдың саусағын неге сындырмады бір талдап?! Бүйтіп итжеккенге сүйретілгенше, сол жерде жастығын неге ала жатпады?!

Ол қолындағы кісенін шықырлата жұлқып қалды. Қара киімді жол бастаушының жауыры дір ете түскендей болды. Екеуі әлденені іштей ұғысты. Бірақ, осы қимылымен бұл не айтты, анау қалай қабылдады, анау не айтты, бұл қалай қабылдады, оны екеуі де анық болжай алған жоқ. Тек қара киімді оқыс қимылдан тіксінгендей, аяғын тез-тез басып ілгері кетті. Тізесінен төмен түскен ұзын қара сулығынан сорайған бойы одан сайын ұзарып көрінді. Шойқара қазақ оны осы жолы артына қарар деп күткен. Жол бастаушы иығын манағыдан бетер қушитып, жағасын көтеріп алды.

Шойқара ту сыртынан біреудің күбірлеп сөйлеген дауысын естіді. Өзін қолдап, тағы біреу қолындағы кісенін шылдырлатты. Оған тағы біреу қосылып, басқалары оны іліп әкетті. Артына жалт қарап, арып-ашқан тұтқындардың арасынан шаттана шамырқанған біреудің ақсары жүзін көрді. Бір көзі шытынаған оймақтай көзілдіріктің ар жағынан отты жанарлар жалт ете қалғанға ұқсады. Ақырын, бірақ бірқалыпты естілген кісен шылдыры көгенқосақты бойлап, үндесе, жалғаса барып, қарауытқан орман арасына, түн қойнауына жұтылып кетіп жатты.

* * *

Ол пойыз доңғалақтарының дүрсілін елден бұрын естіді. Аяқ-қолдан айырылғалы бері құлағы сақ. Үйде жатып түзден дыбыс аңдытып қойған құсалы өмірдің мазағы болар. Әйтеуір, тықыр еткенге алдымен өзі бас көтеретін. Келгенді күтіп, кеткенді шығарып салуға дәрмені жоқ. Ондай өлшеусіз бақытты тағдыр маңдайға жазбаған. Жұрт жапырыла қараған жаққа ол да мойын бұрды. Шойын жолға тас кенедей жабысып алған жыланқұрт шұбатылып жақындай берді.

Жер тітіреп, шалдың қоларбасы да дір-дір етіп барып басылды. Атам заманғы ескі пойыз алыс жолдан арығаңдай, арса-арсасы шығып, соңғы күшін сарқа итіңдеп келіп, итиіп тоқтады.

— Әй, тарт!.. Тартсаңшы!..

Шал пойыз жүріп кететіндей талпынып, айғайлап жіберді. Кемпір қапылып, орнынан екі ұмтылып әзер тұрды. Биылғы көктем оны жылдағыдан көп әлсіретіп тастағаны екен. Сірә, енді оған да дүниенің шеті көрініп қалған шығар. Бойына шақтап жинаған көр-жерін анда-мұнда тықпыштап жүргені тегін болмады. Әділетіне жүгінсе, одан бұрын өзінің жамбасы жерге тиюі керек. Әйтпесе, ғаріп шалдың күні қараң. Қыл аяғы сәлеміңе дейін сатулы қазір. Кемпір өлсе, бұған қарайтын басқа кім бар.

— Мына неменің үні неге өшті? Тірі ме өзі?

Кемпір бүгежектеп, артына қайырыламын дегенше біраз жұрт пойызға да мініп болып қалды. Ақырын жылжып келіп, тілерсегінен қаға тоқтаған қоларба онсыз да әрең тұрған байғұсты жалпасынан түсіре жаздады. Шал дегбірсіздене, арбасын селкілдете бұлқынып, кемпірдің екі аяғын бір етікке тыққандай қылды. Ол шалына алара бір қарап алды да, қоларбаны жұлқа тартып, вагон жағалатып сүйрей жөнелді.
— Қайырымды жолаушылар, маған Сарыөзекке баратын біреуді тауып беріңдер. Ешкімнің ақысын жемеймін. Жүгімді арқалатып әуреге де салмаймын. Қайырымды жолаушылар...

Жоқ қой, бұлардың арасында Сарыөзекке баратын ешкім жоқ. Болмаса, ғаріп шалдан ақы дәметпей-ақ, қолын беруге әркім дайын. Әне, ана біреуі қайыр-садақа тастап кеткісі келіп, қалтасының түбін қақты. Арба сүйреген бүкір кемпірдің қайыр сұрап жүрмегенін байқап, қолын тез тартып алды. Шалды мүсіркегендей, жанынан өтіп бара жатып, бетіне сонша тесілді.

— Көрмеге қоюға алып шықты ма екен... Обал-ай тегі...

Мұндайда бүкір кемпір ештеңе естімегендей қалып танытып, үндемей құтылатын. Кемпірі естімеген нәрсемен шалдың да жұмысы жоқ. Аяқ-қолының саулығын малданған ақылы кем итке сөз шығындап қайтеді. Тарт-әй, кемпір, тарт. Тездетсеңші кішкене, құдай-ау. Өзің тілеп алған азаптан қайда қашасың енді. Қырық жыл сүйредің ғой. Тағы сүйре!..

— Сарыөзекке кімнің жолы түседі? Жөндеріңді айтыңдар. Ақысын төлеймін. Қанша сұрайсыңдар, ал. Бір адамның жолпұлын төлеуге шамам жетеді. Әй, кемпір, солай деп айтсаңшы мыналарға. Сарыөзекке дейін де. Сарыөзекке дейін.

— Несіне қайталай берем оның. Құлағы бар ел естіген де.

— Өй, қақпас, бұдан кейін пойыз жоғын білемісің.

— Түнде тағы біреуі жүреді.

— Түнге дейін тосарсың, атаңның басы.

— Е, тоспағанда...

— Сарыөзекке баратын кім бар?.. Сарыөзекке баратын кім бар?..

Ескі пойыз сілкініп қалып, орнынан тебіне қозғалды. Қос бүйірін тепкілеп, жүрісін жылдамдата түсті. Екпінінен жел тұрып, доңғалақтары дүрсіл қағып, жандарынан шұбатылып өтті. Үміті біржола үзілгендей, дауыстап жылап жіберді.

* * *

Көкжиекті алба-жұлба бұлт жаулап алыпты. Арбайған-жарбайған бір пәле көзге елестейді. Атып келе жатқан таң да ала-құла. Ол таң шапағын көре алмағанына кәдімгідей қапа болып қалды. Ендігі өмірінің бәрі осындай сұрқай дүние құшағында өтетіндей көрініп кетті. Қалғандарының ойыңда не бары беймәлім. Қосақтағы серігінің жирен мұрты, сары шашы үрпі-түрпі. Тірі өліктей түсі суық, қорқынышты. Жағы суалып, көзі шүңірейіп ішіне кіріп кеткен. Одан кейінгі тұтқынның да өңі қан-сөлсіз сұп-сұр. Көгенқосақты ұзартқан өңге тұтқындар да кәрден тұрып келгендей жан шошырлық кейіпте. Арыған, азған адамдардың жүзінен осы түні шексіз азапты бастан өткергендері аңғарылады. Қабақтарына қайғы қатып, қасірет қан жұттырғандай түнереді.

Оқ өтінде тұрғандай, тізесі дірілдеді. Жанарының отын шошына жалт еткізді. Дәп қазір бұған мылтық кезенген ешкім жоқ. Орман арасындағы шағын елдімекенге жанаса тоқтапты. Қара киімді жол бастаушы жүзін көрсетуге жасқанғандай әлі сыртын беріп тұр. Шеткі үйден басына қызыл орамал тартқан келіншек шығып, осылай қарай жүрді. Сәнденгені ме, бойын түзеп, аяғын қайшылап басады. Ескі таныстарын көргендей, еркелегендей, тым жайбарақат, сылқым. Қолдағы шылдырлаған кісеннен түк те тіксінбейді. Оның да еті үйреніп кеткен болды.
Мәссаған!.. Қаншауын әкелген?!. Біз еркек көрмегелі қашан. Бәріңді бірдей алып қалайын ба осы, ә?.. Жер жыртқызып, картоп еккізем... Сібір деген жердің қандай екенін білесіңдер ме?.. Мұнда қазір өңкей еркексіреген қатындар тұрады... Еркектердің бәрі қырылып таусылып болды... Соғысқандар да осы жерге келеді, қашқан-пысқандар да осы жерге келеді... Самогонымызды ішіп, ұзақ қысқа сақтаған азық-түлігімізді жеп, ақыр аяғында еркектерімізді атып кетеді...

Жұмыр иығынан жамылғысын төмен сырғытып жіберіп, шойқара қазаққа әдейі сүйкеніп өтті. Түнімен жол тосып, далада тұрғандай денесі таскесек. Оған қарағанда өз бойының кәдімгідей қызынғаны білінеді. Тынымсыз ұзақ жүргендіктен ептеп маңдайы тершіген. Аттай жарап, жұтына қалыпты. Әлде, әйел баласы сүйкеніп өткенге қунақ тартты ма. Әйтеуір, жарық дүниеде ас ішіп, аяқ босатқаннан басқа тағы бір қимасының бар екенін түйсінді. Айдалада кезіккен әйел баласының оқтау жұтқандай қақшиған жол бастаушымен әмпей-жәмпей бола қалғанын көріп, ішіне шоқ түскені де содан.

Екеуі әлденеге келіскен сыңайлы. Ежелгі таныстар ғой шамасы. Үй иесі жалғыз қайтқанмен, қабағы ашық, көңілді. Жол бастаушы бір қырындап, тұтқындарды алыстан орағытып барады. Өлім жазасына кесілгендермен жүздесуден әлі де тайсақтайтын секілді. Қарғыстан қорқа ма, онысы несі. Өмірде қайтып кездеспейтіндері де анық. Қан сасыған қарау тірлігінен жиіркенер, бәлкім. Тұтқындардың өзіне жеккөрінішпен қарағанын да ұната қоймас. Өлімге бас тіккен жандардың нұрсыз суық жанарларынан, қабарған түрлерінен шошып, жүрегі шайлықты ма екен.

Жол бастаушы екі бүктетіле еңкейіп, ішке кіріп кетті. Қыр желкеден үңірейе төнген ұңғылар төмен түсіріліп, тұтқындардың да мойны босады. Ажалдың жүзі тайғандай, еңселері көтеріліп қалды. Төргі бөлмеге аяқ жетпей, ауызғы үйдің дәліз жақ бұрышынан орын тиді. Ұйқыға мас болғандай, қосақ-қосағымен жалаңаш еденге айқаса құлап, қорылға басты. Жамбасына тас батқандай дөңбекшіп, көз ілмеген жалғыз өзі ғана. Түпкі бөлмеден естілген күбір-сыбыр одан бетер ұйқысын қашырды.

Құлағына сыңқ-сыңқ күлгендей, сыңсып жылағандай да бір үн келеді. Осы үн ақыл-есінен айырғандай, өз деміне өзі тұншығып, жұдырығын тістелейді. Еңбектеп барып, түпкі бөлменің есігін тырналағысы бар, тоқпақтап ұрғысы бар. "Қинамашы!.. Қинамай атып тасташы", — дегісі бар. Сонымен бәрі де ұмытылар еді. Таң шапағын бәрібір көре алмас. Күн бұлыңғыр, ауаны дымқыл сыз жайлаған. Алба-жұлба бұлт, ала-құла таң.
Сыңсып жылаған мына бір үн де маза бермеді.

* * *

— Атаңның көрі! Сен болмағанда, жаңағы пойыздан құдайына қараған біреуді таппаймын ба! Елге сәлемімді жеткіз демеймін бе!

— Мен не кесір жасадым саған?

— Білем мен сені. Сарыөзекке баратындарға әдейі жолықтырғың келмей жүр.

— Иә, ілесіп кетесің бе деп қорқам.

— Кетсем кете салам.

Айтарға сөз таппай, ашуға булығып, дымы өшті. Көпке дейін тіл қатыспады. Түнгі пойыз келгенше талай уақ. Кештің батқаны жаңа. Ел аяғы басылып, жым-жырт тыныштық орнаған. Бірлі-жарым жолаушы уақыт өткізе алмай бос сенделеді. Бұлар үйге қайтса, стансаға қайтып жол түсуі қиын. Аяғы сау адамға тиіп тұрғанмен, оларға мына станса жердің түбі. Шыдайды, шыдамағанда қайтеді.

Сырт кейпі шопырға ұқсайтын, кепкісі мыжырайған, былғары күртесі май-май жігіт ағасы жасқаншақтай келіп, жандарына отырды. Шал-кемпірдің жайын аңдағасын, жалпақ беті жайыла күлімсіреп, жылы шырай танытты. Кемпір үндемеді, шал да қабақ шытпады. Елеп келіп отырғанына рақымет қайта. Шалдың көзі ақырын-ақырын жылтырай бастады. Бірдеңеге іші жылып бара жатыр, байқайды. Сәлем беру кішіден, жөн сұрау үлкеннен. Әңгімені шал өзі бастады.

— Қазақсың-ау?!.

— Қазақпын!..

— Түрің айтып тұр...

— Қазір пойыз келіп қалады, ата.

— Елге кетіп барасың-ау?

— Иә, сіздің дауысыңызды естіп бұрылдым.

— Қай жерге дейін барасың?

— Сіз айтып отырған жерге дейін.

— Сарыөзекке ме?

— Бұйырса.

— Не дейт?!.

— Сарыөзекке барамын, ата.

— Әй, кемпір, жабыс мынаған!..

Шал қуанғаны сонша, басы бұлғалақтап, быдықтады да қалды. Еріндері жыбырлап, ет-жақын туыстарының атын атап та жіберді. "Құндызбай, Әлхан, Мамытбек, Күлғайша", — деді. Құндызбай мен Әлханның бірі аға, бірі іні. Мамытбек деп жатқаны нағашысы. Күлғайша шеше орнына шеше болған үлкен әпкелері. Нағашысы жоқ та шығар қазір. Ойында тұрған тағы бір адамның атын атамады. Оны өзінің іші ғана біледі. Бар-жоғы он-ақ күн отасқан Жанайша ол. Қайын атасы колхоз белсендісі еді. Бәле-жаласы қара күйедей жұға кететін "халық жауының" үйіне қызын қайдан тұрақтатсын. Есімін ауызға алуға батпағаны да содан.

Кемпірі мұның не ойлағанын сезгендей, бүйірінен қаттырақ нұқып жіберді.

— Мына балаға жөніңді айтпаймысың.

Шал жақтырмай, қабағын түйді.

— Есіме түсіріп алайын, тоқташы.

Шал шынымен де сөзін жұптай алмай жатқан. Езуін әлі жимаған жолаушыдан қысылды. Жүзі жылы, момындау көрінеді, аманатын орындаудан қашпас. Ақысына жолпұлын ақтап береді. Екі-үш ауыз сөз арқалап апаратын жүк емес. Бірақ, сонда не айтарын, не деп сәлем жолдарын өзі де білмей жатқан жоқ па. Алдын-ала ойға түйгенін тауыққа шашқан тарыдай пышыратып алды. Іздеген адамы аяқ астынан жолыққанға есі шығып кетті. Бірдем үнсіз қалып, көңілі орныққасын барып қана тіл қатты.

— Балам, менің ел-жұртым сол жақта. Аты-жөнімді айтсаң біреу болмаса біреу білуге тиіс. Бұрын хабарласуға жағдай болмады. Кейінірек көршіміздің баласына хат жаздыртып ем, жауап келмеді. Жұрт жаңарып, үй ауысса да, ел аумаған шығар.

— Е, мұныңыз қиындау шаруа екен, ата. Адрессіз табуға да болар. Тек оған уақыт кетеді.

— Уақыт деген не тәйірі. Қырық жыл қоларбаға таңылып мен де жатырмын. Қапылып қайда асығасыңдар, түге. Көңілі шапса, сендей дені-қарны сау, қол-аяғы балғадай жігіт бәріне үлгереді. Меселімді қайтарма, балам.

— Жұмыс қой енді. Өкіметтің жұмысымен жүрміз. Сағатымызға дейін санаулы. Ешқайда бас бұрғызбайды.

— Қап!.. Қап-әй, ә!.. Түсі игіден түңілме деп... Қой, кемпір, болмады бұл. Менің арбамды пойыздың артына жалғап жібермесең, басқа амал қалмады. Құрығанда Сарыөзекке сүйегім жетсін.

Шал қатты қапаланып, көңілі тез суынды. Жолаушы оған селт етпей, ыржиып отыра берді. Көзін сығырайта сағатына үңіліп, пойыз келетін жаққа мойнын соза қарап қойды. Оның осы қимылынан үміттенгендей, шал тағы емексіген. Кемпір алдын орап кетті.

— Сарыөзекке дейінгі билеттің құны қанша?

Жолаушы ойланғандай, иегін қасыды.

— Біраз жер ғой. Қай-да-а...

Кемпір құнжыңдап, ішкі қалтасына қол жүгіртті. Сырты тілім-тілім болған ескі әмиянынан төрт бүктелген қағаз бен ортан белінен буылған бір қат ақша алды.

— Мә, балам. Мына ақшаны жолыңа жұмса. Ана қағазда біз білетін бұрынғы адрес жазылған. Сонымен тауып барарсың. Алдымен Құдайға, сосын өзіңе сендік. Өмір бойғы жинағанымнан кертіп беріп отырмын. Әйтпесе танымайтын адамға құрдан-құр ақша үлестіретіндей жағдайым жоқ. Осы шалдың бір қуанғанынан садаға. Тілегіміз саған аманат!

Шал кемпірінің сөзін бөліп, талпынып басын көтеруге әрекет жасады. Стансаға қарай жылдам жақыңдап келе жатқан жарықты жолаушы да көрді. Кемпірден қақшып алған ақшаны қойын қалтасына жытыра салып, жолға жиналғандай үсті-басын қаққыштап, орнынан тұра бастады. Жер танабын қуырып, жүйткіген пойыз стансаға маңдай тірегенде, кемпірдің көзін ала беріп, жылыстай жөнелді.

Түнгі пойыздың бұл стансаға тоқтамайтыны шалдың есіне сол кезде ғана сарт ете қалған. Манағының тақырға отырғызып кеткенін кемпірі де сезді. Аттандап айқайға басқан оның дауысын ешкім естіген жоқ. Жүрдек пойыз соңғы үмітін кескендей, жандарынан сыңғытып өте шықты.

* * *

Солқылдап жылағандай болды. Сыңқылдап күлген сияқтанды. Ояна келгенде осы үнді құлағы шалған. Жанын қоярға жер таппағандай тыпыршып, басын айқаса жатқан екі тұтқынның арасына тықпалады. Содан-ақ маза кетіп, көз іліндіре алмай қойды. Қапырық бөлмеде ауа жетпей, демі бітіп, ал кеп аунақшысын. Сүйретіліп сыртқа шыққанда ғана тынысы кеңіді.

Құрған қар, сылқым күліп, тағы сүйкенді. Манағыдай емес, бойы жылы. Денесі тығыншықтай, қол батпастай қап-қатты. Уыз иісі аңқып, танауын қытықтады. Әрі мұның өлімімен ойнап тұрғандай, қорланып та қалды. Бірақ, емексіген көңілін қытықтаған бірдеме бар. Өкшесін көтеріп, құлағына сыбырламақ болған келіншекке еріксіз еңкейді.

— Сені сатып алсам қайтеді?

— Сатып алатын мен саған өгізбін бе, не?

— Ақымақ, сенің құның қазір шібіштен арзан.

— Сөзінің сиқын...

— Құдай ақына, шын айтам. Түнде мыналардың артарынан құпия тапсырма келді.

— Ол не тапсырма?

— Араларыңда лагерде бүлік тудырмақшы біреулер бар көрінеді.

— Сонда не істемек?

— Ұйымдасып қашты деп, көздеріңді осы арада құртпақшы.

— Жала ғой. Бізді ешкім ештеңеге үгіттеп келе жатқан жоқ. Заң бойынша біз айдауға кетіп бара жатырмыз.

— Заңның қандай екенін біліп болған шығарсың. Алып қалсам, қашып кетпеймісің, соны айт одан да.

— Басың бәлеге қалмай ма?

— Менде жоғалтатын ештеңе жоқ.

— Сонда мені не үшін алып қалғың кеп тұр?

— Ұнап қалдың да!

Үй иесі келіншек сыңқ етіп күлді де, мұның жауабын тоспай бұрылып кетті. Келесі сәтте бұл оны есік көзіңде етігін майлы шүберекпен жалтырата ысқылап жатқан жол бастаушының жанынан көрді. Оның осылай қарай иек қаққанын байқап, екеуінің арасында өзі туралы бірдеңе айтылғанын жүрегі сезген. Жол бастаушы етік майлағанын қоя қойып, оқыс жалт қарағанда, кешелі бері жүзін жасырған адамның тірі аруақтай қуарған қан-сөлсіз бет әлпеті көз алдына тосылды. Адам бейнесіне еніп келіп тұрған ажалымен беттескендей әл-дәрменінен айырылып, арбауға түскендей аяқ-қолы жансызданып, қимылсыз қатты да қалды.

Соның арасынша: «Бізді лагерге жеткізбей, осы арада атады екен», — деген күбір-сыбыр көген жағалай жөнелді. Ол бірдеңе есіне түскендей жалт қарап, тұтқындардың арасынан кешегі көзілдірігінің бір көзі шытынаған ақсары жігітті іздеді. Анау да бұған сынай қарап тұрды да, басын изеп кеп жіберді. Мұның қоштасу белгісі екенін сезіп, іші қалтырап кетті.

Естен танғандай сүлей-сопа күйге бір түсті де, іші-бауырын қалтыратқан сол сезімнен қайтып арыла алған жоқ. Тағдырдың жазуына мойынсұнғандай, іштей өлімге дайындала бастады. Арыстай азамат екі иіні салбырап, күрт түсіп кетті. Туған-туыстарының атын атап, әрқайсысымен жеке-жеке қоштасты. Құндызбай мен Әлиханды аузыға алғанда, бауырларын қимай, жанарына бір тамшы жас іркілді. Жастайынан шеше орнын басқан Күлғайшадай алтын әпкесінің есімін атағанда, іші-бауыры езіліп, егіліп жылап жібере жаздады. Ер мінезді нағашысы Мамытбекті ойға алғанда барып қана жасын жұтып, буынын қатайтты. Одан кейінгі қоштасу сөздерін он күн отасқан жары, жұбайы Жанайшаға арнады.

— Қош, Жанайша! Бағыңды байласам айып менен, — деді. — Асқар таудай әкең бар. Ешкімнің талауына бермес. Басың жас қой. Теңіңді де табарсың, — деді. — Тек бір адамнан сақ жүр. Мені тергеген Байтілес сен барғанда көз сұғын қадағандай болып еді. Ол бізге бөтен. Ақ дастарқанымнан ас ішпегендей, тергеуде бойын аулақ ұстады. Жазықсыздан-жазықсыз өлімге айдатты, міне. Жау да бүйтіп қапыда қастық қылмас. Қасындағы жандайшабына да төрімнен талай орын босатып ем. Менің айтқанымды тыңдамай, жалақорға сенді ақыры. Бетіме қайнақ су шашты. Тырнағымның астына ине жүгіртті. Ондай тозақты көргеннен өлген артық. Өзім де соған белімді бекем будым. Түк те қайғырып тұрғам жоқ. Сені жау қолына тастап бара жатқандай өкінішті сезім ғана бар. Бағың ашылсын, жаным!.. Қош!..

Қош!.. Жанайша!..

Осы айтқанын ол үкім орындалар сәтте де қайталады. Өзіне қосақталған жирен мұрттының да қолын кеудесіне қойып, әлдене деп күбірлегенін құлағы шалды. Көгенқосақтың бойынан біреудің тұтқындарға арнап үн қатқанын, тағы біреуінің солқылдап жылағанын, есік тырнаған аш мысықтай ішін тартып өксігенін естіп, көңілі босады. Жанары жасаурап тұрып, қарсы беттен самсап көтерілген мылтық ұңғыларына жалтылдап шағылысқаи күн сәулесін көргенде, алғаш соншалықты мән де бермеген. Кенет, әлдене есіне түскендей селт етіп, мылтық ұшына анықтап қайта қарады. Жүрегі кеудесін ұрғылап, атқақтай соғып, аузына тығылды. Бұлт арасынан себездеген күн сәулесінің жылуын сезінгендей, тұлабойы шымырлап кетті. Шынымен де осы мезетте үкім орындалар жерге жап-жарық нұр саумалдап төгіле қалған. Өлім жазасына кесілгендерге табиғат-ананың көрсеткен ақтық шапағаты, ізгілік нұры еді бұл. Іле жай түскендей шатырлап, әлгі әдемі әсердің тас-талқаны шықты да, көз алдында мың-сан қызыл теңбіл ойнады. "Қош... Қош, Жанайша!" деуге ғана тілі келді. "Қош-қош, жарық дүние..."

* * *

Иә-ә, бұл жарық дүниемен сөйтіп қоштасқан. Үш күннен соң екі аяқтың орнында тізесі, екі қолдың орнында шынтағы шолтаңдап, кеспелтек томардай домаланып, өмірге қайта оралды. Жарасын шөппен емдеп, жас балаша мәпелеп бағып-қаққан әйелге сол кезде: "Құтқарғаның ба, қорлағаның ба? " — деп ренжігені есінде. "Арыстай азаматты ажалға қайтіп қиям?" — деп ол байғұс сықсыңдап жылаған сонда. Бертініректе: "Шыныңды айтшы осы, мен неге керек болдым?" — деді өзінің тірі қалғанын міндетсінгендей, бір жағы әзілге сүйеп, "Сопайып қашанғы жалғыз отырайын", — деп құтылды ол. Осы сауалын стансадан Сарыөзекке баратын адам таппай, бар ақшасын жөлікке тонатып қайтқанда, қоларбасында жұлдыз санап келе жатып және көлденең тартты. Шалына жауап беруге тоқтап, демін басқан кемпір жаулығының ұшымен жіпсіген маңдайын сүртіп отырып, аяқ асты қутындап күлмең қақты.

— Қайтесің қинай беріп. Еркегі жоқ үйдің ермегі қані?.. Қағынып тұрған кезіміз ғой, құрсын. Сен шал, жазғырма мені. Тірліктің мың қызығынан қағылсаң да, бір қызығынан құр етпедім.

— Е-е, бәрі өзің үшін екен де, жазған.

Шал біртүрлі көңілі жасып, қоңырайып қалды. Кемпірі кінәлі адамдай қипақтап, тұқшыңдап тұқыра берді. Шалының алды-артын қымтап жауып, жастығын оңдағанда да жүзіне тіктеп қарай алмады. Тек сәлден кейін арадағы ыңғайсыз әңгімені жуып-шайғандай жорта кейіген болып, шалына дауысын қатайта жекіп тастады.

— Қайдағы-жайдағыны еске салмай, жайыңа жатшы. Ол ит сені маған ақшаға сатқан. Басы бүтін еркекке саудаласқам мен. Аяқ-қолыңнан айырса, қашып кетпесін дегені шығар. Ана көрші кемпірдің сен құсаған біреуді самогонға айырбастап алып, үш айдан соң азабына шыдамай сайға домалатып жібергенін білесің. Бір шұқырға итере салсам, сұрауың жоқ еді сенің де. Өмір бойы асыраған азабымды айтсаңшы. Қартайып өлер шағында туыстарын іздей қапты енді. Келсін де алып кетсін керек қылса. Менің нем кетеді оған?!.

Кемпір бара-бара шындайын деді. Оның мына сөзін естіген шалды да ашу қысты. Таяқты көп жеген баладай шақарланып, үлкен ала көзі адырайып шыға келді. Үндемегенге төске өрлеп бара ма, қайтеді?! Сенің де жайың белгілі. Жақсылығыңды міңдет етпей-ақ қой. Ақыл-есім түзуде жансауға сұраған емеспін. Дені дұрыс бір еркек тапсаң, сен де менің көзімді құрта салатын едің. Менің бағыма, сенің сорыңа, ондай еркек бұл жаққа аяқ баспады. Осыған дейін мың өліп, мың тірілдім мен. Сол ма маған жасаған жақсылығың?! Сандалмай, жоғал!

Қоларбаны жұлқи тартып, ілгері қозғалған кемпір де әліне қарамай тасырайған шалына қыр көрсеткендей қаздаңдай жөнелді. Мұның көкейіндегі қыжылын айтқызбай-ақ ұққан, не деп тілдейтінін де біледі. Ести-ести әбден құлағын сарсылтқан боқтық бәрі. Бір есептен жан күйзелісін түсінуге де болар. Қырық жыл қоларбаға таңылып жату оңай деймісің. Соған төзген неткен қайсарлық бұл, ә?! Жаны темірден жаралған шығар тегі. Қап, манағы иттің алдап кеткенін қарашы. Сорлы шал бір қуанып қалатын еді. Қап!..

Кемпірінің табан астында жуасып қалғанын байқап, шалдың да ашуы сабасына түсті. Әрі-беріден соң арба алдында томпаңдаған бейбақты аяп, жаны ашып мүсіркей қарады. Сол күйі қоларба тал бесіктей тербетіп, жол бойы қалай қалғып кеткенін өзі де аңдаған жоқ. Әйтеуір, өң мен түстің арасыңда: "Сарыөзекке баратын кім бар?.. Сарыөзекке баратын кім бар?" — деп сандырақтай берді.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер