Оқыс соғып өтетін бір соқпа күй бар. Уақыт таңдамайды. Орай күтпейді. Кез келген сәтте тап береді де, есін аударып, есеңгіретіп кете береді... Жүзін анық көрсетпесе де, сонадайдан қылымси қарап, әлдебір сиқырымен жадылап алған хас сұлу еркінен айырып, жіпсіз матап, әлдеқайда жетектей жөнеледі. Ықтиярсыз ілесіп, соңынан ереді. Сәлден соң алдынан кездескен тамұқ түбіндей қараңғы түнекке барып енеді. Ары қарай ығына алған қуатты иірім кенет ұйығына тартып, батырып әкетеді. Көз алдында әлгі қыздың таңғажайып елесі, көңілінде ештеңе жоқ, жоғалып бара жатады... Әлден уақтан кейін өз-өзіне келгенде осының бәрінің өңі не түсі екенін айыра алмай мәңіріп тұрады. Аң-таң! Әрі-бері өткен адардардың өзіне шошына көз салып, үрке қарағанын байқайды. Аз болмаса, әлгілер бұрылып, тұра қашардай.
Біраздан бері айландырып алған осы хал дамыл-дамыл қайталанады. Соңына екі түрлі әсер қалдырып ылым-жылым сөне береді: қармаған сәтте беймәлім жаққа алып кететінін ойлап, бір қорықса, сондағы бір сұмдық рақатты жаны іздеп, жанып аңсайды. Келесі жолы оянбай қалатын шығармын деп ойлайды. Сол дәмемен өзін алдайды. Сәлден соң есін жиып, күйкі тірліктің ағысына қайта енгенде, бәрі сыпырылып артта қалады, көне сүрдегіне тағы түседі. Қанбайтын бір шөл қысып, қаңсыған қалпы қала береді. Қаталаған зарық қысқан ондағы күйін итке берсін! Шынын қуғанда, осы үшін... тек осы азапты тартпау үшін ғана оянбай қалуды үміт ететін. Бірақ, сұрамшының сүйген асын кім берген, арманы орындалмайтын.
Өтпей қойды! Бұрындары баста тұрмас баянсыз уақытпен бірге жылжып, жел қуған бұлттай ауып кете беретін қиындық осы жолы жүрісінен жаңылды... Не болғанын, бар салмағымен батпандап басында қалды... Ойда жоқ бір үңгірге кіріп кетіп, соның келесі басына әлі шыға алмай жүргендей...
Аң-таң. Өмір бойы сеніп келген бұлжымас заңдар да кейде кісіні осылай лақтырып кетеді екен... ғажап! Су иесі Сүлейменнің жүзігіне жазылыпты дейтін мызғымас мизам еді, қисынына қылау түсті осы жолы. Сенім артқан ежелгі серігі амалынан айныды! Осы бір жазбас қағиданың арқасында талай қыспақтан құтылған-ды, осы рет қолқабыс ете алмады! Межелі мезгіл әлдеқашан өтіп кетті, үйірілген қара бұлт аумай қойды төбесінен. Ауды не, керісіне бағып, еселене түскендей... еңсесін езіп, жаншып барады.
Қаңғалықтап қаңғып келе жатқанда өз жайы туралы санасында жылт еткен бір үзік ой осы болды.
Алдынан таныс адамдар кездесті. Жастар екен. Жапырлай келіп сәлем берді. Жасы кіші болғанмен, талайғы жолдастар. Бірақ, әзір олай деп айта алмастай. Алдыдағы естияр бір-екеуі болмаса, қалғаны үдірейіп, бір-біріне тығылып, тымырайып тұр. Көзі күлміңдеген әнебір ширақылауының өзін заматта бастан аяқ шолып өткенін байқады. Бұрын да кісіге сынай қарайтын оның осы көзқарасынан бір мерездікті сезіп, қипақтап қалды. Артынша ол танауын көтеріп, тыжырынғанда, біржола жерге кірді.
Жас әлпеттерде, бір жақсы жері, құлта болмайды. Іштерін оқып өткені сол, көрген сәтте жылт еткен қуанышының күлі көкке ұшты. «Қазір бұлар қашады, — деді ішінен. — Кездейсоқ кездесіп қалғандықтан ғана көңіл жасап, бөгеліп тұр. Әйтпесе, бір минут та аялдамайды. Кеше қандай еді осылар? Соңымнан еріп, саямда жүргенді өздеріне биік мәртебе санайтын. Қуып кетіре алмайтынмын... енді, өздері-ақ зытуға әзір. Жарайды, барсын! Бұл күндер де өтер... мен де қайта тұғырыма қонармын! Сөйлесермін сонда! Бірақ адамды қарап тұрып қорлағандары жаман екен! Басқа — басқа, осыны күтіп пе едім осылардан?!»
Айтқаны келді. Тұрғандар бір-бірден суси бастады. Тек адалдықтарын әйгілеп, соңына дейін шыдаған ақырғы екеудің бірі «Аға, рұқсат болса, біз де жылжиық! Тағы жолығамыз... өзім бір кіріп шығам үйге» деді күмілжіп. Неге екенін, әлдене кінәсі үшін тік қарай алмай, көзін алып қаша берді. Ал екіншісі, аңқау, әлде ақымақ «Аға, уайымдамаңыз... бәрі жақсы болады! Сіз деген мақтау-марапаттан әлдеқайда биік ақынсыз» деді батыл үнмен. Түріне қарамай, бойына күш, өзегіне жігер беріп, қайраттандырып қоймақ. Сенген жоқ. «Сен-дағы бетке жылтыраған сұмның бірі шығарсың. Жетіскен екенсің, бесіктен белің шықпай жатып жылпостықты үйренсең! Шын ақын адал болу керек! Сатқындық шабытпен қоңсы қона алмайды!» деді сосын миығын бір қозғап қойып. Соңғы кезде бойына жабысқан бір мінез, ешкімге сенбейді. «Ақыр заман жастары, қосылмайды бастары... көзі күлмің, сөзі жылмың...» деп өлеңдетті артынан үнін шығармай.
Сопайып жалғыз қалды. Өңі емес, түсіне де кірмеген күн. Ел көшкендей құлазып, өзін тым жаман сезінді. Тұйықсыз шашылып қалатын осы халін таяудан бері сезіп жүрсе, осы жолы бірден барып жүрегіне ұрылды. «Далада қалған деген, сірә, осы» деді ішінен. Ептеп шамалайды, біраз болды, жұрт өзінен қашқақтайды. Не ғып қойғанын, ілгері үйіріліп, маңынан шықпайтын ел қазір сылдыр... сырғақ. Сынаптай сырғанап, тоқтамайды. Неге? Жауабы жоқ. Мүмкін, жақыннан бері көп ішіп жүр деп ойлайтын шығар. Көре қалса, көздері де, өздері де тайғанақтап, суси береді. Барсын! Егер қалағандары сол болса, алдарынан жарылқасын!
Ойда қалды. Жаңағы ең соңынан өкше көтерген бала не деп кетті өзі? Бір жақсы сөз айтты, ә! Жаңылмаса, «сен бәрінен биіксің» деді. Бірдеңе білетін неме. Бұрын көрмеген сияқты. Кім де болса, өнерді бағалайтын біреу. Рақмет! Бірақ бұл көп естіген сөз ғой. Нақты дәлелі жоқ, бос қолпаш. Егер ел шынымен-ақ солай ойласа, онда неге?..
Қаңғып кетейін деп тұрған қиялын тежеп алды. Өйткені, одан ары ойлағысы келмейтін. Ойлаған бір кезде... не шықты содан? Енді тоқтау керек! Біржола жұтып кетер жалмауыздың аузы сол тұс. Онсыз да арбап, үйіріп жүр. Ал өз еркімен барып соқтықса — біткені, құй тартады да, құрдымға батырады. Сірә, басындағы қиындықтың өтпей жатқанының бір ұшы сонда жатыр...
Жұтып бара жатқан оппа ойдан жалтарды. Соңғы кезде бір аңғарғаны: адамның ең бақытты кезі өткені де, келешегі де емес, дәл осы шағы... баста тұрған сәті! Қалғаны бос әңгіме. Өзін-өзі алдау. «Әлгі иттер шөлде қалған жалғызға сыңар тамшы тамызбай кетті-ау, ә!» деді орнынан қозғала бере. Тәнтіректеп кетті ғой деймін, бір қараса, қолы барып жол жиегіндегі темір шарбаққа жармасыпты. Бойын жиып алғаны сол, күле сөйлесіп қасынан бір топ қыз өтті. Андай жерге барғанда үндері кенет өшіп, жапырыла кері бұрылды. Мұндайды күтпеген-ді, мән бергендерін байқап, назар салмасқа әдді қалмады. Құдды бір қасқыр көрген еліктер. Ұйлығыса қарап, үдірейіп тұр. Бір-біріне мойындарын созып, әлденелерді сыбырлап қояды. Жоқ, бұлар елік емес! Елік болса, қашар еді қасқырдан, мыналар қозғалмады. Жақындауға да батпай, жіпсіз байланып, үйіріліп тұр. Неге?..
Дабысы жер жарған даңқты кезі бір ұрылып өтті қаперіне. Келесі сәтте білді, қыздардың неге бола арқандалып қалғанын. Соның арасында қораланған ор киіктер көзіндегі аяушылықты да аңдап үлгерді. Еңіреп жіберуге шақ қалып барып жүзін кері алды. Қыр желкесінен әлі қадалып тұрған мөлдір көздерді ілестірген күйі өмірі болмаған өкінішке оранып алыстай берді. Иә, таныс жанарлар! Өзіне осылай қарайтын о бір кезде! Аясы махаббатқа, сүйіспеншілікке толы еді! Бүкіл ынта-пейілдерімен құлап, беріле емінетін! Не қаласаң, соған дайын екенін сол телмірісімен-ақ аңғартатын! Артынан солай болып шығатынына күмәні қалмай, іші қыз-қыз қайнаушы еді-ау, шіркін! Үлкен-кіші отырыс қана емес, ұлы нөпір сахнаның өзінде осылай ішіп-жеп қоятын! Енді сол ынтық назарға аяушылық араласыпты... жанашырлық жанасқан!
Жүрегін бір улы шеңгел тырнап өтті! Кім еді бұл сол кешегі күндері... енді кім?.. Еңіреп жіберуге шақ қалып барып, өзін зорға тежеді. Соңғы кезде боларға да, болмасқа да борша егіліп, жылағысы келіп тұратынды шығарған-ды, соны бүгін анық сезді. Бақса, рас, адам кейде өткенімен де бақытты екен! Соны есіне салған қыз жанары қандай құдыретті десеңші!
Көзінен жіпсіп жас шыққанын сәлден соң білді. Тежеп алуға ниеттенген жоқ. Қанша ағар дейсің деп ойлаған. Айтқаны келді. Былай ұзаған соң, бәрі орнына түсіп, таз қалпын тағы тапты.
Оқыс селк етті. Қаңғалақтап жүріп қайдан шыққанын көргенде, қатты тіксінді. Тұмсығы тасқа тигендей шұғыл тежелді. Қайта тұрмас боп құдыққа құлаған жері! Дәл сол кезде... шыға алмай жүрген әлгі бір үңгіріне кіріп кеткен-ді, арада қанша өтті, әлі жылт еткен жарық көрінбейді алдынан. Көрінбесе мейлі ғой... ал бүгінгі мына жүрісінің сондағы сұмдық халін басына әкеп қайта орнатқаны жаман болды-ау! Енді... бәрі бекер, сондағы жанын жеген жемір күйге тағы бір сүңгіп шықпай, «аптығы» басылмайды...
Жағдайы болмай, жалғыз жатқан-ды. Түн жамылып көңілді хабар жетті үйіне. Одақ жақта бір жақсылықтың құлағы қылтиыпты. Солай деді қоңырау шалушы. Жер түбіндегіні еститін құлағының ұзындығын айтатын шығар, ел «жылпос» деп жақатпайтын, ал өзіне тілектестіктен басқа жамандығы жоқ жігіт еді, сондай бір жүрекжарды жаңалықтың ұшығын шығарды да, «қалғанын ертең» деп, ештеңеге үлгертпей қоя салды тұтқаны. Күдіктенген жоқ. Хабаршыға емес, өзіне сенгендіктен. Егер осы өңірде өлеңге қатысты бір көңіл көншітер іс болып жатса, ол неге мұны айналып өтуі керек екен! Иә, кешіккен шығар, дегенмен, иесін бәрібір тапты емес пе... айып жоқ! Енді аттыға ерген жаяудың күнін кешпейтін болды! Рахат!
Қанша жерден өлеңді сыйлық үшін жазбаймын дегенмен, ресіми мойындау, бәрібір, керек екен. Оны өткен жолы байқады. Бір кездесуде қасындағыларды «атақ-даңқын» шұбырта таныстырып, өзіне жеткенде жай ғана «ақын» деп өте шығып еді, отырғандар немкетті ғана қол соғып, салқын қабақ танытты. Өлең оқығанда көріп алам деп еді, онда да өзгерген ештеңе болмады. Өнер танитын ортада шіренген басқа екен де, былайғы қара халық арасында... басқа екен. Онда ауызға алар «бірдеңең» болмаса, қиын секілді... соған көзі жетті. Сондай бір «анықтауыштың» реті келмей-ақ жүр еді, ел қашанда әділ ғой, келіпті, міне, кезегі!
Ұйықтай алмады. Қалай кірпік ілсін топтан озып, жүлде алып жатса! Аласұрды да қалды! Көңіл жетер жігіттерге хабарласайын деп еді, әуелі өз төбесі көкке жеткен әйелі тоқтау салды. Қызғанды ғой деймін, «тырс етпе» деді. «Жұрт алып тұрған сәттіңді көрсін» деді. Қуанған адам көңілшек емес пе, бал-бұл жанған жүзіне қарап, үнсіз келісті. Ал өзінде жан қалған жоқ байқұстың. Әдетте айтпағанмен, әр әйел өз күйеуінің өкшесінің басқалардан биік болғанын қалайды екен ғой! Ес қалмады шіркінде! Мынандай ағыл-тегіл шаттықты көріп, өзіне кімнің ең жақын екенін анық біліп, осындай «олжаны» үйге үнемі әкеп тұруға серт берді. Соның басы, сірә, осы. Даңқ деген де қызық қой, жарықтық, сыртта жүргенде соғылған қол, айтылған мадақтан әлдененің елесін шырамытқаның болмаса, соңында, ел тарағанда, орнында түк қалмайды. Үйге келгенше лепірген көңіл басылады, жоғары көтерілгенше өзіңді толық табасың, ал табалдырықтан... сопайған соқа басың ғана аттайды. Алдыңнан шыққан әйеліңе соның әңгімеге айналған дерегін ғана баяндайсың... қанша еліктірмек болғаныңмен, көзбен көрменген соң, бекер, «е» дейді де қояды... мықтылығыңды қалай дәлелдерсің құры қол? Ешқалай! Ал қолыңда сол бас айланар биіктіктің нақты айғағы, қасында нарқын көрсетер тиын-тебені болса, қандай ғанибет... заттай алақанына саласың да, риза етесің.... жүзің жарық, еңсең биік! Соның реті, сәл кешіккенмен, келген сияқты! Бұған да шүкір!
Ойлап отырса, өз дарынының тегеуірінін күнде сезіп, шаттыққа үнемі кенеліп жүргенімен, отбасына соның жылуын әлі өткізе алмапты! Әйелі мен қызы айтқандарын өтірік деп терістемегенмен, әлі айқындалмаған, бар мен жоқтың арасындағы бір дәу бейненің саясында күн кешіпті. Енді соның шындығына көз жеткізер күн туған!
Терезеден құлап, қирап қалған жерінен шошып оянды. Таңғы шақ екен. Жайсыз жатыстың кесіріне жорып, орнынан тұрды. Ас батпады. Әйелі жұмысына соғып, сосын баратын болып жолына түсті.
Ерте-ақ қимылдаған секілді еді, келсе, осында түнеп шыққан ба, ел әлдеқашан жиналып алыпты. Көбі үлкендер. Шетте тұрған өзі құралпы топтың қатарын көбейтті. Бәрі үнсіз. Дымдары ішінде. Шамасы, қызғанады, тілектес ыңғай білдірмеді. Соңынан «хабарсызға» жорын, өзін зорға тежеді.
Жиналыс басталды. Сөзін Алатаудың басындағы ақ бұлттардан өрбіткен төраға сонда... сол биікте біраз дамылдады. Мемлекеттің әдебиетке деген әкелік қамқорлығы әлі де жалғаспақ екен, соны айтты. (Арасына өзінің себепкерлігімен бір-екі қаламгерге үй бұйырғанын қыстырды). О бір кезде барып етеке қарай құлады. Мұндағылар — жастар. Алда, Құдай қаласа, көк шыбықтарға көбірек сәуле түсіп, су себіледі екен.Соның дәлелі, міне, бүгінгі жиын... берілмек сыйлық. Қомақты болмағанмен, жас дарындарға серпін беруге жеткілікті.
Елеңдеп есікке қарады. Әйелін шолады ғой баяғы! Сол келмей-ақ қойса екен дейді ішінен. Неге екенін, осы тұста бір үрей киліккен өкпеден. Бұл ақындық түйсік дегенді қойсаңшы, жер түбіндегіні сезеді ғой, байқұс! Өзінің жарты сағаттық жалынды сөзінде жалғыз рет көз салмаған төрағаның соңғы... сыйлық алмай қалғандарға жасып қалуға негіз жоғын ескерткен тұста бір шолып өткенін байқап, қип етіп еді, соның шынға саяр түрі бар. Ештеңе бұйырмай қалса, өзі көнер-ау, не өтпеген бұл бастан, ана байқұсқа қиын болады-ау деп ойлаған. Алмағанына емес, өзінің қиналғанын көріп, күйзелетінін жақсы білетін басы сол себепті жарының келмей қалғанын қалап еді. Бір жерде тығылып тұрған болмаса, көрінбейді!
Шақыру басталды. Есімі атылғандар сахнаға қарай ұмтылып жатыр. Кім жоқ дейсің ішінде! Қолына су құюға жарамайтын анау да ілініпті, қызық! Ит жанды дәме дегенді қойсаңшы, соларға қарап, қайта көтерілді. «Саған жоқ» деп әлі ешкім сыбырлаған жоқ қой құлағына... қайта үміттенді!
Кезек жастарға жетті. Екеуін жіберді алдыға. Басында құлақ-шекесі от боп ысып еді, артыша лапылдап жана бастады. Келесі сәтте тұла бойы өртенді. Құлағы тарс бітелген. Сірә, адам қатты қызғанда, шықшыт еті өседі... ештеңе естімей қалды. Айнала тым-тырыс. Шапалақтың ұрылғанын, түңлік желпіген шартылынан емес, алақандардың бір-біріне тым жиі, күшпен соғылып жатқанынан білді. Ал, аржағына дым бармады. Атым атала қалса, бір белгі болар деп, маңындағыларға қарап еді, назар аудармады. Қалқайып қасында отырғанын әлдеқашан ұмытып кеткендей. Есіл-дерттері алдыға ауып, емініп алыпты.
Қорқыныш үдей түсті. Қауіп қылғаны да осы еді. Бір сұмдықтың болғанын білді. «Бітті, — деді ішінен. — Мына қатардан қалғанша өлгенім артық. Бұлардан қалу — бір-ақ нәрсені білдіреді: қасақана жұртқа тастап, қорлау. Мынау — сол!» Жүрек түбіне бір қатты нәрсе шемен боп байланды! Келесі сәтте денесі мұздап, суи бастады.
Артында отырыпты, түндегі хабаршы жігіт тұмсығын созып әкеліп «бір түсінбестік болды» деді. Құлағы ашылыпты. Айтқан сөздерін анық естіді. Жауап қатпады. Жағдайы да жоқ еді оған. Жайбарақатқа салып, отыра берді. Әйелінің келмегеніне қуанды. Келгенде, сұмдық болар еді.
Бойы босап барады екен, жиып алды. Болмашы нәрсе үшін өзін жоғалтып алса, кім болғаны мұның. Іле тас боп бекіді.
Үлкен марапаттау болған соң, қайқайып қайта бермек жоқ, дастарқан жайды қатарластары. Сытыла қашпай, қанша қаламай тұрса да, соңында қалды. Елпілдеп жетіп бармағанмен, жақын келгенде, құшақ айқастыра құттықтады «жүйріктерді». Дәстүр ғой. «Көре алмас» деген ат жаман. Бірақ, іші қан жылап тұрды. Неше рет тірсегі майысып, құлап қала жаздап, зорға оңшалды. Бұрын мұндай ауыр сынға түспегендіктен шығар, байқамапты, бор кеміктеу екен. Сақ болмаса, болмастай...
Өзін жоғалтып алудан қорқып, көп ішпеді. Аналар да, бұрын бір байқасашы, ысқаяқ боп алған қулар екен ғой, жылы қабақ танытып, құрмет көрсеткен болды. Бірақ, бас жаққа барыспады...
Қайтар кезде жалғыз жырылып сыртқа шықты. Ешкімге байқатпаған секілді еді, кешегі жігіт ізіне түсіпті. «Не болғанын өзім де білмеймін... бір түсінбестік болды» деді сипақтап. «Оқасы жоқ. Өзіме де сол керек» деді бұл зорға ыржиып. Қай мағынада айтқанын өзі аңдаған жоқ. Сөйтсе, тоқ етерін деп салыпты. Оны күн өткізіп барып білді. «Сол керек екен»
Жолай сергек еді, үйіне жеткенде «қара» басты. Сірә, әйелінен қысылды, бір ыңғайсыздық буып, тынысы тарылды. Ұяттың қандай қуатты күш екенін сонда таныды. Алға аттап баса алмай, дымы құрыды. Есік алдында бір уаққа дейін тұрып, ішке түн ауа енді.
Ешкім қарсы алған жоқ. Күтпеген жағдай! «Ештеңе етпейді. Сен деген мықты ақынсың» деп жұбатыр деп еді, болмады. Ояу жатыр. Бұл — анық. Бірақ, өкпелі. Күндіз одаққа барғанын, бетімен жер басып кері қайтқанын осы үнсіздіктен білді. Өлген деген — осы. Өкіріп жылағысы келді. Түсіндіруге оқталды. Бірақ кім тыңдайды далбасасын. Тыңдаса да, сенбейді. «Демек, мен ешкім емеспін. Өзіме де осы керек. Осылай боларын білмей, бос далақтап жүрген өзім ақымақпын!»
Осы ой басына қалай келді, көзі солай шырадай жанды. Өйткені, енді бәрі белгілі еді — ешкім емес. Шынын қуғанда, ілкіде де бір күдікті ойлар соғып өтетін санасына. Өзінің «мықтылығына» сондай кездерде күмәнданатын. Оған негіз де жоқ емес қой! Арғысын айтса, қара танығалы оқып жүр: әлемдік деңгейде қанша кісі өзін ұлы санап, ұлылармен «үзеңгі қағыстырып», артынан дарақылығын әйгілеген дақпырты болмаса, із-дерегі қалмай, жоғалды; ал бергіні еске алса, оған, тіпті, айғақ керек емес, басқа былай тұрыпты, маңындағы талай есердің жайын білмей, бәсін биікке қойып алып, өзін-өзі алдап жүргеніне күнде куә емес пе; солардың бір мысалы өзі болмасына кім кепіл? Қолында Құдайдан алған қолхаты жоқ қой! Керек десе, оны... кім екенін осы жолы жақын кеп, жанап өткен «жақсылықтың» өзі дәлелдеп отырған жоқ па! Осынша ашық ақиқатты мойындамау — ақылдылық болмаса керек! Сыйлық, әрине, ештеңені шешпейді, бірақ кей нәрсені анықтайтын сияқты. Мысалы, міне, мынау! Ешкім емес! Осы күнге келгенше жайын білмей, даурығып жүріпті! Қор болған қайран өмір... желге ұшқан қайран уақыт! Өтеуіне не істемек енді...
Ұйықтай алмасын біліп, «шөлдеп тұрған» соң, шамалы «шаршап» барып жатпақ болып сыртқа шыққан. Сірә, соры, қабақханада біреулермен «қағысып» қалды да, артық кетті. Межелі маңда «тізгін тарта» алмаған. «Той» айға созылған. Енді «өте қиын» болатынын іштей сезіп жүрген бір күні, күтпеген тұстан тағы бір «соққы» тиді. «Боссың» деді бастығы безірейіп тұрып. Басы зың етіп, көз алды қарауытып барып, әзер оңшалды. Сенерін де, сенбесін де білмеді. Себебі, бағасын білер ағасы еді. «Еркелігін» көтере алмапты. Келесі сәтте қаны төбесіне шапты. Ұрғаны бар ондай ағаны! Артына бұрылды да, қайқайып кете барды. «Енді бәрі бітті!». Соңғы кезде көп айтып жүрген сөзі еді, осы жолы шын мағынасында айтты. Өйткені, онсыз да масыл боп жүрген әйелінің жүзін енді көре алмас еді.
Ғимараттан шығып, көше жиегіне ілінгенін біледі, кенет... әлгі бір жұмбақ хал тосын соғып өтті. Әуелі көз алдына ғажап бір сұлу қыздың сиқырлы жүзі тартылды. Кірпік сәулесімен мүлде матап алған сырлы жанар қылықтана төңкерілді де, үнсіз ишарамен әлдеқайда жетелей жөнелді. Қарап тұрып ырқынан айырылды. Сәлден соң бір қараңғы кеуекке кірді де, жұлқи тартқан қуатты иірімнің ығына ілініп, жұтылып кете барды. Есін жиса, есеңгіреп есігінің алдында тұрыпты. Түкке түсінбей, кері бұрылды. Тағы да үдірейе қараған үркек көздерді көрді. Кейбірі, тіпті, жалт беріп, басқа бағытқа бет алды. Алыстағанша аптығып, асығып бара жатқандар да бар арасында.
Одан бері қай заман! Енді келіп ат басын мұнда тағы тірепті. Баспасам деген маңы еді, не іздегенін, қайта бір айналып соғыпты. Өткен-кеткенді еске алып, жылағысы келді. Арада жылға жуық уақыт өтсе, соның дені ішумен кеткен. Жоқ, өкініш жоқ. Өкініш болса, одан бұрынғы жылдардың алданып, бос өткенінде. Қалай толтырмақ оны. Арманы асқақ еді онда, сөйтсе, әлін білмей әлек боп жүріпті! Ойласа, іші қан жылайды. Сол азапты ұмыту үшін ішеді. Ішті не, ішпеді не, енді, бәрі бір емес пе! Әйтеуір өтетін өмір!
«Түйе пішкен жеріне жоламайды» деді, келмес жерге келіп қалғанына түсінбей. Санасын соғып өткен соншама ауыр кешірменің нар қайысар зілінен шығар, көзі бұлдырап, әңкі-тәңкі боп тағы біраз тұрды. Бар салмақты бір пәсте мойынына арта салған қарғыс атқан маңға еш шақырусыз аяқ басуы, қалай айтсаң да, жақсылық емес. Тағдыр қайта бір салабаға салғысы келе ме, қалай? Кеткені дұрыс бұл арадан.
Бұрыла берді. Сірә, адамға тән әлсіздік, осы сәттегі жүрек тола мұңын біреуге шағып, айтқысы келді. Есіне бір таныс жүз түсті. Жүрек езгендей жылы шырай. Кездескен сайын жымия сәлемдесіп, жайын сұрайтын кісі еді. «Білім даңққа емес, халыққа қызмет етуі керек, — дейтін ыстық алақанымен саусақтарын қысып тұрып. — Сонда екі дүниеде де жүзің жарық болады». Не айтып тұрғанын түсінбейтін. Өзіне білім жайлы айтып тұрғандықтан, «Мені бағалайтын біреу» деп ұқты бар болғаны. «Халық деген бос сөз. Марапаттар ғана жетістікті нақты көрсете алады» деді ішінен. Сол жолы шығар, есінде қалмапты, «халық деген кім?» деп сұрады әлгі кісіден. «Ондай нәрсе жоқ, — деп жауап берді артынша өзі. — Оны бұрынғылар өзін алдау үшін ойлап тапқан. Болған күнде де халыққа қызметтің жемісін адам неге о дүниеге барған соң жеуі керек? Тірлікте болмаған нәрсенің өлген соң қажеті не?». Шын сөзі еді, айтты. Ана кісі көзін жерден ала алмады, не дерін білмей, тұнжырап қалды. «Көптің құрметі — көңілінде» деді сәлден кейін. Ішуді бастап кеткен кезі ғой, кімнің қай сөзі жадында қалды дейсің... ұмытпаса, «Жазып бере салатын қағазы қолында емес олардың» дегенді қосты соңынан. Аржағы күңгірт.
Мырс етті. «Еңбегімнің өзі болып, енді бағаланбағаны қалып па!» деді мысқылмен. «Босқа кеткен қайран уақыт, еш болған қайран өмір!»
Адамның алданғаны жаман екен. Білмесең — жақсы, түртініп жүре бересің... ал, біліп қойдың ба, сойқанның әкесі — сол екен!
«Енді өмір сүріп керегі жоқ, — деді ішінен. — Енді не қалды қимайтын... кімім бар менің етектен тартатын?». Қалтасындағы телефонын алып, бірге оқыған жігіттердің біріне хабарласып еді, неге екенін, қабылдамады. Екі-үш дыңылдан соң жауып тастады. Тағы біреуі, адам екен, «жиналыс... кейін өзім хабарласам» деп сыбырлады да, өшірді. Соңғысы, тіпті, көтермеді. Барып тұр. Үш қайтара соқты, алмады. Бір қарап, кімнен екенін білді ғой деймін, тыныш күйінде қалдырды. «Мазамды алды деп ойлаған шығар, мұратына жетеді онда сәлден соң... менен құтылады».
Болар деген ісі болмай қалса, онда да... әлденеге бекіп алған өзгеше сәтте ойдағысы жүзеге аспаса, кісіге тым ауыр екен. Қатардағы жағдай емес, соңғы рет үнін тыңдап, бақылдасайын десе, сонша адамнан біреуінің тұтқа көтермеуі — соққы болды! «Көрермін сәлден соң қалай өкіргендеріңді!» деді ішінен. Өкпелі еді. Қапа қысып, үміті барған сайын жіңішкере түсті.
Ешкімге керек болмай қалғаны ғой сонда! Тіршілігін қалайтын ата-анасы еді. Енді не бетімен қарайды олардың жүзіне! Баламыз Алматыда қырып-жойып жатыр деп жүр ғой олар. Ал мұның қатарынан қалып, шаң қауып қалған қарабет жайын, одан қайта шыға алмай, батпаққа батқан масқара халін естісе, не демек? Кешірім жоқ бұған! Енді қалғаны — тыныштық. Ит тартқан тулақтай жырым-жырым боп бітті онсыз да! Енді маза керек... ұзақ дамыл!
Тездетіп тыныққысы келді. Тынығу деген сөз көкейіне қалай ұрылды, солай оған сұмдық ділгірлік білінді. Тіпті, сондай аңсап тұрғанын сезді. Құдды бір жанына дерт батып, содан құтылғысы келген кісі тәрізді. Әлдеқайда асықты. Дәл сол сәт көптен қамалып, шыға алмай жүрген әлгі бір қара үңгірдің келесі бетінен бір жылт көрініп, жақындап келе жатқандай болды.
Андай жерде кенет пайда болған қолаң шаш ару жүзін анық көрсепесе де, қылымси қарап, әлдебір сиқырымен жадылап, еркінен айырған күйі, жіпсіз байлап, ала жөнелді. Ырықсыз қалпы ілесіп отырды. Сәлден соң ізін баса барып тамұқ түбіндей қараңғы түнекке енді. Ары қарай жұтып алған қуатты иірім жұлқа тартып әкете берді. Көз алдында жұтынған сұлу бейне, көңілінде түк жоқ, жоғалып бара жатты.
Бәлкім, осы жолы... оянбайтын шығар! Өйткені, ылғи алыстан арбайтын қыз осы рет... дағдысынан жаңылып... таяп келіп, білегін мойнына артқан еді!
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі