Өлең, жыр, ақындар

Абайдың идеялық-мәдени ізденулері

Бақпен асқан патшадан

Мимен асқан қара артық.

Сақалын сатқан кәріден

Еңбегін сатқан бала артық.

Абай

Сыншыл ойға көз сүзіп, бас иген, дінге сынның тұрғысымен қараған, халқының мәдениеті жолында аянбай күрескен жалынды қайраткер, пысық, дүниеқор, мансапқор, алаяқ феодал ақсақалдардың ішінде серік таппай күйінген Абай қазақ елінің көлемінде ғана емес, сонымен бірге қазақ елімен іргелес жатқан шығыс елдерінің көлемінде де заманынан оза туған дана кісі болды.

Ғасырлар бойы үстем болып келген схоластикалық медресенің және фанатик молдаларының орнын өткен ғасырдың аяғында келіп буржуазияшыл-діни новаторлық басқанда, Абай бұған сын көзімен қараған, сене қоймаған. Батыс мәдениетінің, әсіресе ұлы орыс халқы мәдениетінің игі ықпалы үшін де, Абай мұны қабыл алмаған.

Ауғанның Жәлелләтдіні мен Мысырдың Мұхаммед Ғабдүһиының учениелері де, керек десе сол тұстағы Ресей мұсылмандарының арасында дәріпті болған Исмаил Гаспринскийдің де учениесі Абайды өзіне еліктіре алмады.

Ешқандай негізі жоқ және түп асылы реакцияшыл панисламизмның қамқоршылары, қорығыштары жұртшылықтың пікірін теріске сілтеді, орыстың және батыстың мәдениетінен жұртшылық пікірін қашықтатпақ болды.

Күншығыстың барлық ескі заманғы тарихының ішінен Абай өзіне рухани азық етіп араб-иранның классикалық поэзиясын ғана, «Шағатайдың» ескі әдебиетін ғана алды. Абай тек Фирдоусидің, Ғафиздің, Саадидің, Низамидің, Науаидің және Фзулидің мәңгі өлмейтін ақындық шығармаларын ғана қабылдады, соған бой ұрды.

Бірақ Абай осылардың бәрін бойына сіңіріп алды да, жас кезінің өзінде-ақ алдына қойған жоғары тілектерімен ол бұлардан асып кетгі. Ол, «Қағбаны» басқалардай Шығыстан, исламның адыра қалған жұртынан іздеген жоқ, Батыстан ғана іздеді, заманының түнектей қараңғылығын жарып отырып, ол өзінің жалғызаяқ жолымен сол Батысқа қарай бет алды. Оның жалғызаяқ жолы «халықтың даңғыл жолына», орыс халқының ұлы данышпандығының «мұрасына» апарып жеткізгенде, міне сонда ғана ол жарық дүниені көрді, бойына бақыт нұры енді. «Бүгінгі анайы тұнғыс, дала досы қалмақтың» ішінде асыл мұраға алдымен келіп жеткен осы біздің Абай болар1. Бүтіндей бергі шығыстағы елдердің ішінде бұл мұраға алдымен жеткен сол Абай ғана.

Енді бүгін халықтың және орыс классикалық поэзиясының кәусәр суымен суарылған оның мәңгі өлмейтін шығармалары біздің көзімізге өткен заманның таң-тамаша қалғандай амалы болып көрініп отыр. Ол халық тарихының биік шыңына жалғыз-дара шыққан тау ағашы сияқты. Орыс халқы мәдениетінің игі ықпалымен, әсерімен тамашадай байыта отырып, өз халқының ғасырлар бойындағы рухани мәдениетінен оның біздің заманға әкеліп жеткізгендері Абайдың атын мәңгі өшпестей дәріптейді, оның атын қазақтың классикалық мәдениетінің биік шыңының ұшар басына апарып қондырды.

Қазақстанның зерттеу жұмыстары Абай мұраларының негізін дұрыс ұғынудың жолын кейінгі жылдардың ішінде ғана байқап отыр. Орыстың классикалық мәдениетімен Абайдың байланысын түсіндіргенде, бұрын тек Абайдың Пушкиннен, Лермонтовтан, Крыловтан аударғандарын үстірт атаушы еді де, сонымен жұмысын аяқтаушы еді.

Рас, өткен ғасырдың 80-жылдарында өзінің толып жатқан аудармалары арқылы, Абай бұлардың аттарын қазақ жұртына танытты. Тағы оның үстіне Татьяна мен Онегиннің хаттарына ол өзінің күйін қосты да, бұлардың аттарын қазақ халқының лирика-эпостарындағы геройларымен бірдей етіп дәріптеді. Бірақ Абай еңбектерінің мәні, асылы мұнысында ғана емес. Абай өзінің шығармаларында бойына сіңіріп, толықтай игеріп алған европалық школаның, Пушкин школасының мәдениетін көрсетті.

Абайдың орыс мәдениетімен байланысын айтқанда бір ғана поэзияны атады да, бұл байланыстың өрісін тағы тарылтты. Ал, сонан келген, Абайдың сатиралық әйгілеу өлендерінің Салтыков-Щедриннің сатирасымен терең байланысып жатқанына қазір ешқандай күдік келтіруге болмайды. Оқудағы жастарға арнаған өлеңінде Салтыковтың және Толстойдың аттарын атауы да тегін емес.

Осылардың идеясын, мәдениетін игеріп алған соң ғана және алдындағы достары арқылы (Чернышевскийдің шәкірттері — Михаэлис, Гросс, Долгополов, тағы басқалар арқылы) орыс жұртшылығының алдыңғы қатардағы идеясымен танысқан соң ғана ол «Менің қағбам батысқа көшті» деп айта алды.

Орыс әдебиеті ғана емес, Европаның классиктері де, Сократгың, Аристотельден бастап Спинозаға, Спенсерге және Дарвинге шейінгі де философия иелері оған таныс болатын-ды. Ол, әсіресе, Европадағы ой-пікірлердің даму тарихымен көбірек айналысты.

Өзінің көңіл күйінің лирикасында, жаратылысының лирикасында, толып жатқан прозалық трактаттарында терең бойлай жататын өзінің рационалдық философиясын Абай кездейсоқ жасай салған жоқ, алдымен осындай бай школалардың оқуын өтіп алып, сөйтіп бұларды өзінің творчестволық өндеуінен өткізген соң ғана жасай алды.

Керек десе оның діни-философиялық тақырыптағы идеалистік ой толғауларының сараң, шолақ ойлы Ислам апологеттерінен қанша ілгері жатқанын да аңғару қиын емес. Мұның Спенсердің мораль философиясымен туыстас екені күмәнсіз. Бұл жайында мұнан да көпті айтуға болады — Абай творчествосының және оның дүние тануының негізі турасындағы нағыз мәдени, ғылыми пікір Абай мұраларындағы эллинистік элементтермен де айналысуы тиіс. Біз бұл арада халық даналығының, Шығыс классикасының және Гректің антикалық (ескі) мәдениетімен тамырласып жатқан Европаның классикалық мәдениетінің тамашадай жымдасып біріккенін көреміз. Абай Сократ туралы философиялық трактат та жазған. Бірақ соның ішінде алдымен айта кететін — ол «Ескендір Зұлқарнайын» және өзінің тәрбиешісі Аристотель туралы пікірге бай поэма жазды.

Ол тұста қазақтың баспасөзі жоқ-ты, кітап шығару мәдениеті қазаққа салт болып енбеген-ді. Бірақ соған қарамай, Абай өзінің тірі кезінде-ақ халық арасында дәріпті болды, халқы сүйген ақыны болды. Оның шығармалары қолжазба күйінде-ақ тарап тұрды, әсіресе, атап айтатын нәрсе, Абай өлеңдерін қазақтың ақын, жыршылары халық әндеріне, Абайдың өзі шығарған күйлеріне қосып ел құлағына сіңіріп жүрді. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында-ақ Абай маңына тұтас бір әдебиет школасының құрылуы — Абайдың кемеңгерлігін халықтың танығандығының белгісі.

Абайдың идеялық мәдени-рухани дүниесінің кеңдігі Абайдың ізін қуған ақындардың сюжетке бай романтикалық, тарихи алуан-алуан жырларында және тарихи батырлар поэмаларында жақсы көрсетілген. Бұл поэмалардың тақырыптарын екінің бірінде Абайдың өзі беріп тұрған. Мәселен, өзінің баласы, жас ақын Мағауияға ол Кавказдағы Шамиль көтерілісінің тақырыбын, сонсоң Ниль дариясының бойындағы қанаушы жер иесінен құлдың («Медғат – Қасым») кек алу тақырыбын айтқан. Ол Ақылбай ақынға Дағыстаншылар жайындағы («Дағыстан») романтикалық-батырлық поэманың тақырыбын және Зұлыстар («Зұлыс») тақырыбын берген. Өзінің шәкірті және досы болған Көкпай ақынға өз халқының өткен заманынан алынған тарихи поэмалардың тақырыбын берген. Әйел теңдігіне және жалғыз дара елдердің феодалшыл-рушылдықтың ескі ұйытқысына қарсы күресіне арналған поэмаларды да осы школалар тудырған.

Абайдың зор игілі әсері ақындардың ғана творчествосына тиіп қойған жоқ, ол толып жатқан өзінің оқушыларының ұғымына да, олардың мәдени талаптарына да әсер етті. Абайдың өз аузынан және жыршы досы Баймағамбетгің аузынан бірқатар Батыс жазушыларының шығармалары ауыздан-ауызға көшіп, бүкіл елге тарады. Мен өзім Баймағамбеттің өз аузынан Дюманың «Үш мушкетер» деген романын, «Новарра Генрихы» деген романды, Үрістемнің дастандарын, Петр Великийдің және белгісіз авторлардың инквизиция заманынан жазған сюжетке бай бірнеше романдарын естідім.

Осы романдарды бастағанда, «Нидерлан деген жерлерде, Лейден деген қалада, инквизиция деген бір би болыпты» деп бастайтыны Баймағамбетті тыңдағандардың бәрінің де есінде болар; Абайдың белгілі досы қара танымайтын Баймағамбет құлағын тіге, соның аузына қараған тыңдаушыларға қызғылықты хикаясын міне осылайша бастайтын.

Зор ақын болған кісінің бәрі өз ортасын қалай білімді ету керек екендігін, өз ортасын әрбір үлкен ақын қалай құру керек екенін Абай өзінің нағыз кемеңгерлігімен бүкіл мәдениетті жұртқа дәлелдеп шықты. Өзінің шығармаларын халық жүрегіне кеңінен ұғындыру, ілгерідегі жолын кеңінен ашып, прогрестің идеялық-мәдени болашағын көрсете отырып, халқының ақыл-ой парасатын жетілдіру — міне халық ақынының, классикалық ақынның мағыналы орны осында. Абай осылай болғандықтан ғана өз заманынан оза шыққан кісі болды, ол осылай болғандықтан ғана оның творчествосының күшті ағындары біздің адам баласының тарихы көрмеген заманымызбен тіл қатып, сөйлескендей болады.

Туыстас ұлы орыс халқының мәдениетін үйреніп, сол мәдениетті творчестволық түрде өндеп, өзіміздің ерлік заманымызға сай көркем шығармалар берілуі керек.

Халқынан және орыстың, Батыстың классиктерінің данышпандарынан үйренген Абай сияқты біз де өзіміздің социалистік әдебиетімізді сан жағынан ғана емес, көркемдік пен шебер жазылған шығармалармен байытуымыз тиіс.

Біздің алдымызда тұрған міндет осылай бола тұрса да, біздің шолақ ойлы, жеңіл мінезді сыншылар қазақ прозаиктерінің көбін мынау А.М.Горькийге ұсаған екен дей салады, ал қазақ ақындарының көбін мынаның Маяковскийге таразысы тең екен, сонымен үндес екен дейді. Осындай, әділ жанның қытығына тиетін, надан сыншылықты тастап, біздің мәдениетті сыншылар алдарына мына сияқты міндеттерді қойса: Қазақстанның ақын, жазушылары, өздеріңіздің ұлы заманыңызда орыс классиктеріне таразысы тең Горькийдің, Маяковскийдің шығармаларына ұсайтын шын көркем шығармалар берулерің тиіс. Абайдың Пушкиннен, Лермонтовтан үйреніп жазғандарындай, қазақтың ана тілінде, мәдени сатысы биік поэзияны тудырыңдар. Сіздердің шығармаларыңыздың шын өлшеуі қазақ оқушыларының ғана танығаны болмай, бүкілсоюздық окушының сыны болсын. Ұлы интернационалдық совет жұртшылығы сіздерді де біздің бүгінгі дана кәриямыз Жамбылды сүйгендей сүйетін болсын. Союздағы барлық жазушылардың, барлық Совет Союзындағы халықтардың дана көсемі партияның бастауымен біздің Союз көлеміндегі мәдениетті жазушылармен үлгілі, игілі жарысқа түсіңіздер. Осы беттеріңізде кең болашақтың бетін ашыңыздар, өткен заманның ұлы классиктері — Пушкинде, Абайда болған, пролетариат әдебиетінің негізін салушы Горькийде болған, Ленин заманының алдына жан салмаған ақыны Маяковскийде болған кең көркемдік көлемге ие болыңыздар.

Біздіңше, Абайдың классикалық мирастарына қарайлағанда, біздің алдымызда тұратын мәселелер осылар болуы керек еді. Абай біздің дәуірден үлкен орын алғанда, өзінің творчествосының негізгі мотивтерімен ғана емес, идеялық, мәдени зерттеуімен де, мәселелерді және қазақтың көркем әдебиетінің жолдарын өз дәуіріне қарай дұрыс шешумен де оның творчествосы біздің заманмен үндесіп, тілдесіп жататындығынан.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар