Әлбетте, Абай ілімі бойынша адам өмірінің негізгі мақсаты Түп Иеге қайту. Алла тағалаға құлшылықтың негізі – адамзатқа қызмет ету. Бірақ адамзатқа қызмет осы негізгі мақсатпен байланыста ғана Алла тағалаға құлшылық болып табылады. Әйтпесе ол моральдық-этикалық, әрі кетсе гуманистік деңгейде қарапайым дүниелік іс болып қана қалып, негізгі мақсатқа жеткізе алмайды.
Абай ілімі бойынша, Түп Иеге қайту үшін Оған құлшылық ету керек екеніне жеті дәлел келтіруге болады.
Бірінші, Алла тағалаға қайтуы үшін адам Оны қанағаттандырып, Оның сүйіктісіне айналуы керек. Сонда Ол Өзінің сүйіктісін қайтарып алады. Бұл, әрине, Алла тағалаға құлшылық арқылы ғана болуы мүмкін.
Екінші, Алла тағалаға құлшылықтың керектігі Абайдың отыз сегізінші қара сөзінде көрсеткен «Алла – бір», яғни «Абсолют – бір» деген тұжырымында жатыр. Алла бір болса, Ол толық бүтін. Болмыстың барлық көріністері, сонымен бірге жан иелері де толық бүтіннің құрамына кіреді. Ендеше барлық жан иелері Оның бөліктері болып табылады. Ол бөліктер өзінің тұтасымен бір болулары керек, яғни толық бүтіннің мақсатын орындап, Оны қанағаттандыруы керек. Бұл – бүкіл әлемнің жаратылуы мәні. Ендеше адам да сол толық бүтіннің бір бөлігі бола отырып, оны қанағаттандыруы керек, яғни Оған құлшылық етуі керек.
Сонымен бірге, бүтіннің бөлігі бүтіннің қалауымен өмір сүруі керек болғандықтан, барлық бөліктердің мақсаты да ортақ болуы керек. Өкінішке орай, фәни әлемде жан иелері Түп Иеден бөлініп, бүтіннің қалауынан бөлек, өз қалауларымен өмір сүргілері келеді. Бұл өмірдегі жан иелерінің алдына қоятын өмір мақсаттарының сан қилы болатыны да осы себептен.
Абайдың он жетінші қара сөзінде қайрат, ақыл, жүректің арасында дау туып, олардың ғылымға қалай жүгінгендері туралы сөз бар. Біз де соның ізімен, мысал ретінде, бір әңгімені келтірейік.
Адамның дене мүшелерінің барлығы, сайып келгенде, оның асқазанын тамақпен қамтамасыз ету үшін қызмет жасайтыны белгілі. Оның құлағы қай жерде тамақ барын естиді, аяғымен сол жерге барады, көзімен жолды көреді, мұрнымен тамақтың иісін сезеді, қолымен аузына салады, тісімен ұнтақтап, өңешімен асқазанға қарай жібереді. Сөйтіп асқазан қанағат алып, тамақты қорытып, қуатты бүкіл денеге таратып, барлық мүшелерді қанағаттандырып, оларға күш-қуат береді. Бірде дене мүшелері асқазанмен араздасып, оған қарсы шығыпты. «Біз неге барлығымыз бір асқазанға қызмет жасауымыз керек? Біздің өзімізге ғана қызмет жасағымыз келеді. Сондықтан бұдан былай қарай асқазанға қызметімізді тоқтатамыз», - деп дене мүшелерінің барлығы асқазанға қарсы ереуіл жасаған екен. Сөйтіп құлақ тамақтың қайда барын тыңдамай, өзіне ұнағанын тыңдап, көз оған апаратын жолды көрсетпей, басқа жаққа қарап, қол өзіне ғана ұнаған әрекет жасап, мұрын өзіне ұнаған иістерді иіскеп кеткен екен. Осылай әрбір мүше юостандық алып, ортақ мақсаттан бас тартып, өз беттерімен қанағат іздей бастапты. Бірақ біраз уақыт өткен соң олардың барлығы әлсіреп, өздерінен қуат кетіп бара жатқанын сезінеді. Оларды өз беттерімен істеген әрекеттері қанағаттандырмай, керісінше азапқа түсе бастайды. Олар бұны анықтау үшін қайтадан мәжіліс құрып, өздерінің барлық зардаптарының себебі ортақ мақсаттарынан бас тартып, бөлініп кетулерінен екенін анықтайды. Сөйтіп олар бұл істерінің бұрыс екенін түсініп, енді дұрыс жолға түсіп, барлығы қайтадан бір асқазанды қанағаттандырып, қызмет жасай бастаған екен дейді. Сол кезден бастап дененің барлық мүшелері қайтадан қанағат алып, өздерінің зардаптарынан құтылыпты.
Міне, сол сияқты, ағаштың тамырына су құйса, оның барлық бұтақтары да, жапырақтары да сусындап, нәр алады. Алла тағала асқазан мен ағаштың тамыры тәрізді, Ол бүкіл әлемге ортақ. Егер Алла тағаланы қанағаттандырсақ, бүкіл жан иелерінің барлығы да қанағат алып, сүйіспеншілік орнайды. Сонда отбасы, қоғам, халықтар, мемлекеттер арасындағы қайшылықтар өзінен-өзі жойылып, әркімнің арманы болып табылатын бейбіт өмір орнайтын жағдай туады. Алла тағалаға құлшылықтың маңызы осындай. Абай бабамыз «Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті», «Басты байла жолына, малың түгіл» деген өлең жолдары арқылы Алла тағалаға құлшылықтың жоғары маңызын білдіреді.
Үшінші, Абай сөзімен айтқанда, Алла «бір», ендеше, Ол – тұтас, яғни Алладан басқа ештеңе жоқ. Осыдан шығатыны Алла жаратқанда басқаны емес, тек Өзін қанағаттандыру үшін ғана жаратады. Егер Ол басқаны қанағатандыру үшін жаратса, онда Алладан басқа тағы да біреудің болғаны. Бұл мүмкін емес. Сонымен, Алла тағала Өзін қанағаттандыру үшін жарататын болса, онда Оның жаратқандары – жан иелерінің барлығы да бір Алла тағаланы қанағаттандырып жүр. Бірақ бұны біреу білсе, біреу білмейді. «Мен барлығын өзім үшін және өзім жасап жүрмін» дейтіндері бар.
Төртінші, құлшылық ету – адамның табиғи қасиеті. Оған былайша көз жеткізуге болады. Жан иесі біреуді сүймей өмір сүре алмайды. «Махаббатсыз өмір бос» дейді Абай. Себебі жан ләззатқа толы, ал ләззат тек махаббат арқылы келеді. Сондықтан барлығымыз да ләззатты іздеп, ынталанып, махаббатты көксейміз. Махаббатты тапқаннан кейін оған қамқорлық көрсетіп, қызмет жасауға ұмтыламыз. Сондықтан өмірде адамның біреуге құлшылық етуі (біреуге қызмет етуі) оның бойына біткен айырылмас қасиет. Қандай адам болса да біреуге қызмет етеді: өзінің отбасына, жолдасына, қоғамына, Отанына және тағы басқаларға. Тіпті ешкімі болмаса ит, мысық асырап, соларды жақсы көріп, күтіп-бағып қызмет етеді. Біреуге қызмет етпейтін адам болмайды. Осыдан біреуге қызмет ету – адамның айырылмас табиғи қасиеті екенін көреміз. Ал біреуді қанағаттандыру адамның рухани болмысынан туады. Жан – кішкене рух, яғни Жоғары Рухтың бөлшегі болып табылады. Сондықтан рухани әлемде кішкене рухтың міндеті – Үлкен Рухты қанағаттандыру, яғни Оған құлшылық жасау. Бұл фәни әлемде кішкене рух өзінің лағашқы міндетін ұмытқандықтан, ол өз қасиетін өзіне қызмет жасау арқылы көрсетеді. Әркім өзіне ұнаған істерді жасап, өзіне ұнағандарға қызмет етеді. Бірақ одан толық қанағат жоқ. Бұл – адамдар зардабының басты себебі. Ал ол өзінің мәңгілік қасиетін – құлшылық етуді ебептерді себебі Жоғары Рухқа арнаса, сөйтіп негізгі міндетін атқарса ғана барлық жан иелерін қанағаттандырып, өзі де қанағат табады.
Бесінші, біреуді жақсы көру үшін әуелі онымен танысу керек, егер оның қадір-қасиеттері жақсы болса, ол адамға ұнауы мүмкін. Сол сияқты, Алла тағаланы сүю үшін де әуелі Оның қадір-қасиеттерін танып түсіну керек. Бірақ адам баласы өзінің шектеулі ой-өріс, сезім мүшелерімен Шексізді тани ала ма? Абай бұл сұраққа «Жоқ, тани алмайды» деп жауап береді. Онда не істеу керек? Оған бір-ақ жол бар. Ол – өзін рухани (трансценденттік) деңгейге көтеру. Бұл Құдайға құлшылық арқылы ғана болады. Құдайға құлшылық кезінде біз Оны қанағаттандыра алсақ, онда Оның Өзі біздің жүрегімізге ашылады. Сөйтіп біз Оны тани аламыз. Тану арқылы біз Оны міндетті түрде сүйе аламыз. Себебі Одан артық сұлу, күшті, даңқты, дәулетті, жомарт, білімді, рақымды ешкім жоқ. Сондықтан Оны тану үшін құлшылыққа түскен адам еш уақытта да өкініште қалмайды. Керісінше, шексіз бақытқа кенеледі.
Алтыншы, егер Алла тағаланың шапағаты түспесе, адам баласы еш уақытта Оның сүйіспеншілігіне бөлене алмайды. Барлық жандар тәрізді Алла тағаланың да қалауы бар. Сондықтан кімге шапағатын жаудыру Оның ырқында. Оның шапағатын алу үшін Оны қанағаттандыру керек. Ал Оны қанағаттандыру тек қана Оған құлшылық арқылы ғана болады. Бұл Түп Иеге қайту үшін Оған құлшылық ету керк деген сөз.
Жетінші, біз Алла тағаланың алдында қарыздармыз. Ол қарызымызды өтеу үшін Оған құлшылық жасауымыз керек. Бұл туралы Абай өзінің жиырма жетінші қара сөзінде айтады. Ол адам баласын хайуаннан артық жаратқанына дәлел келтіріп келеді де, әрі қарай былай дейді:
«Ол дәлел болса, адам баласын артық көріп, қамын әуелден Алланың өзі ойлап жасағанына да дәлел емес пе? Енді адам баласының құлшылық қылмаққа қарыздар екені мағлұм болмай ма?»
Міне, Абай бабамыздың ілімі арқылы келтірілген осы жеті дәлелдің өзі де Құдайға құлшылық ету керектігіне көз жеткізу үшін жеткілікті тәрізді. Кейде «құлшылық» деген сөздің кейбіреулерге ұнамсыз болып көрінуі де мүмкін. Сондықтан оның мағынасын осы арада тсіндіре кетейік. Алла тағалаға деген құлшылық фәни әлемдегі құлшылық емес. Фәни әлемдегі құлшылық бір адамды басқадан төмендетіп, өзіне оны қызмет еткізуді білдіреді. Ал Алла тағалаға құлшылықтың мағынасы мүлде басқа. Жаратушы ең жоғарғы шексіз Жан болғандықтан, Оған құлшылық жасаған адам төмендемейді, керісінше, рухани қасиет алғандықтан, ол шексіз жоғарылай береді. «Құдайға құлшылық» деген сөздің фәнилік емес, рухани мағынасы бар. Егер «құлшылық» деген сөздің бірінші «қ» әрпін алып тастап оқысақ, ол өзінің алғашқы мағынасын қабылдап, мүлде басқаша мән алады.
Сонымен, барлық жан иелері Алла тағалаға құлшылық арқылы біртіндеп тазарып, түбінде Оған деген сүйіспеншілікке жетіп, Түп Иеге қайтады. Бірақ әркімнің баратын жері де, қайтатын уақыты да әр түрлі екенін ұмытпауымыз керек. Абайдың осы қағидалары «Шын мәнінде біз Алланыкіміз және Оған қайтамыз» деген Құран сөзінен шығып, онымен толық үндесетінін көреміз. (жалғасы бар)
әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі