Өлең, жыр, ақындар

Адасқандар

Зылиханың аттан түспей қой баққанына екiншi тәулiк. Жалғыз өзi емес балалары да өрiм-өрiм боп, шатқал-шатқалды жаяу кезiп жүр. Күн де жайдарылығынан танып, өңменнен өтер суық желiмен құтын қашырып-ақ тұр. Аракiдiк бармақтай-бармақтай бұршағын аяусыз төпелетiп алады. Ондайда, онсыз да жүрдек тұсақ байыз таппай ыға жөнеледi. Тоз-тозы шығып, кейде шақ-шәлекей бөлiнiп те кетедi. Әрбiрi әр саққа бет алған шоғыр-шоғыр қойдың соңына түседi. Отар қалтарысқа тiрелiп тоқтағанда, бүрсеңдеп сол жерде күннiң ашылуын күтедi.

Ана жүрегi бәрiнен балаларының ұсқынын көргенде езiлiп, кеңсiрiгiне ащы өксiк келiп қалады. «Құлындарым-ай, тоңдыңдар-ау» дегеннен басқа шарасы жоқ, шыбын жаны шырқырап өбектейдi. Бiрақ ол күйзелiп, сәбилерiне жаны ауырғанымен, тағдыр таланы жұмсарар емес.

«Қоянкөздiң» мойнында отырған жалғыз жаппаның киiзi адуынды желге далп-далп етедi. Есiгiнiң алдындағы жер ошақтан түтiн будақтайды. Кейде көгiлдiр түтiнге аңғардан атқып шыққан қою тұман араласып, қарыс жердi көрсетпей жiбередi. Сырт көзге тым үрейлi, ертегiдегi айдаһардай ирелеңдеп, тiршiлiктiң бәрiн обып жiберердей жалмаңдайды.

Кешкi асты әзiрлеп жүрiп Зылиха шатқал жаққа қарағыштай бердi. Берекесi қашып, көзiнiң қиығын өрiстен ажыратпады. Сиыр саууға да илiге алмай бұзауды арқанында қалдырып, енесiн қазыққа байлаған. Олар да әлдеқандай жаманшылықты шақырғандай мазасыз мөңiреп, жүйкенi жұқартып барады.

Қазанын ошақтан түсiрдi де, үш жасар қызын көтерген қалпы отардың алдынан жүгiрдi. Әлгiнде көңiлiне кiдi алса да, астындағы атын Райына мiнгiзген. Күдiктенетiн де жөнi бар, құлама бетте атпен жүру екiнiң бiрiнiң қолынан келе бермейдi. Жүрексiнбей ерге қонғанның өзiнде жазатайым ат сүрiнiп немесе тайып кетсе — бiттiм дей бер. Ал Сүмбiлесi итiн жетелеп, жаяу жөнеген.

Жаппа тұрған пышақтың қырындай мойнақтан асып, құзға түсе бердi. Қарсы беттен қораға қарай тартқан азын-аулақ қой көрiндi. Арғы жағындағы тұтасқан тасжарған мен ырғайдан ештеме көзге шалынбайды.

Ана жүрегi елегiзи өрекпіді, аузынан атқып шығардай атқалақтайды. «Сүмбi-ле!» дедi дауысы қарлыққанша айқайлап. Тым-тырыс, гүрiлдеген сайдың табанындағы долы өзеннен басқа тосын дыбыс бiлiнбейдi.

***

Ол тiрлiктiң татасын уыздай шағында-ақ татқан. Содан берi соры қайнап, бағы бiр жанған емес. Сырт көзге дәнеме бiлдiрмеген болғанымен, iшi өкiнiштен қыж-қыж қайнайды. Әттең…

Бiр кезде бұл да бақытты едi: ынта-шынтасымен сүйген Қази жанында. Өзi бiреудiң кенже, ерке қызы. Оң босағада бұлғақтап, әлдекiмдердiң анау-мынау шiкiрәсiн көзiне де iлмейтiн. Тек, жатса-тұрса ойлайтыны — Қазиы.

Аңғал да албырт сезiмнiң жетегiмен бiр күнi от басқанын аңғармай қалды. Жүрегi айнып, жиi-жиi лоқси берген. Бойындағы осы «жаңалықты» қысылса да жiгiтке жеткiзген. Ол мұны естiп, риясыз қуанып едi. Сенерiн де, сенбесiн де бiлмей «шын ба?» деп аңыра сұраған. Сосын, «бүгiн десең, бүгiн отау тiгелiк» дедi. Кейпiнде шаттанудың iзi бар.

Бұдан кейiн-ақ қыз жаны жадырап, иығынан батпан жүктiң зiлмауыры түсiп едi. Әйткенмен қуанышы ұзаққа бармай, сап тиылды.

Қазидың Зылиханы алатынын бiлгенде анасы үзiлдi-кесiлдi қарсы болыпты. «Өмiр-бақи қатынсыз өтсең де, ол қызға үйленбейсің!» деп төтесiнен кесiп айтқан. Содан кейiн-ақ жiгiт шеше сөзiнен аттай алмады.

Мұны естiген Зылиха iштей өзiн-өзi мүжiп, жеумен болды. Ештемеге зауқы соқпай төсекте бүктетiлiп жата бердi.

Күн жұмаға, апта айға иек артып, жүйрiк уақыт қарасын батыруда. Күннен-күнге салы суға кеткен Зылиханың пұшайман тiрлiгi жұтаңданып, қораштанды. Жүзiнде секпiл көбейiп, бетiнiң ноқтасы әркiмнiң-ақ көзiне ұрып тұрды. Бiр күнi шешесi ауруханадан бiр-ақ шығарды. Сонда жатып құрсағындағы сегiз айлық сәбидi, қатерлi болса да жасанды жолмен алдыртып тастаған.

Тұщы етiне ащы пышақ тигеннен кейiн, ұзақ мезгiл оңала алмады. Әрi-сәрi күй кешiп, өз үйiнiң тұтқынына айналды. Бұрындары еркелететiн әкесi де, шешесi де ғадеттерiнен жаңылып, бiр түрлi ызғарлылық танытады. Туған шаңырағының жылылығы азайды ма, әлде бұл оң босағаның қадiрiн түсiнбедi ме, тiрлiгiн сүреңсiздiк жайлады. Көзге күйiк болмай салт атты, сабау қамшылы бiр көн етікті кездессе сонымен дәм қосуға ниет етiп қойған. «Ендi адам таңдап, бұлданарлықтай қайбiр келiсiп отырмын» деген iштей өзiн жұбатып. Айтқандай-ақ Ордабектiң етегiнен ұстап, басқа ошақтың түтiнiн түтеттi.

«Атының сыры иесiне мәлiм» дегендейiн «әттең-айы» бетiне шiркеу боп, ерiнiң жүзiне тура қарай алмай жүрдi. Ол да «балалықпен шалыс басқан екен» деп, кешiрiм жасамай аузына арақ тисе болды, аттың бауырына алып сабайтынды әдетке айналдырды. Бет-аузы көгерiп, ел көзiнен тығылып, күн кеше бердi. Ерiнiң салған қиғылығына көнуге тура келдi. Үйiне жылап баруға — жүзi қара.

Ордабек бiр iшсе орталықта апталап iшетiндi әдетке айналдырды. Бұрыннан да оған үйiр екен. Қақаған үскiрiк суықтарда, ми айналдырар аптаптарда қойдың соңында Зылиха жүрдi. Бір кезгі шиедей ерiндерi кеберси тiлiмденіп, әбден жүдедi. Бара-бара, күйеуiн келмей-ақ қойса екен деп тiлейтiндi шығарды. Өйткенi ол аттан түсе жазықты болсын, болмасын бас сап сабайды. Тiптi, кiмге барып мұңын шағарын да бiлмейдi. Тек, өрiсте жүрiп екi көзiне ерiк беретiн. Сорына қарай саулаған сорасы тырс-тырс етiп ердiң қасына тамады. Бiр дәтке қуат етерi — құдай мұның көзiнiң жасын көрiп, тағы да бала бермек. Алғашында, «ендi құрсақ көтермейтiн шығармын» деп ойлаушы едi. Көкейдегі дүдәмалдың орнын ақиқат басқанына разы. Күн өтiп iшi бiлiнген сайын дәмi кермек тiрлiк тұщымды бола бастағандай.

Әйтсе де, ерiнiң қабағы бiр ашылмай-ақ қойды. Көп ұзамай ұл да сүйді, сонда да Ордабектiң иi жiбiмедi. Жүре-жүре әйел тауқыметi мол өмiрiне мойынсұнып та кеттi. Баласын арқалап, борбай етi борша болып мал соңында сабылуы да, жазықсыздан-жазықсыз соққыға жығылуы да заңды iспеттi. Өмiрде дәл солай күй кешуi керек сияқты. Бiрақ, бұл да теперiштiң шетi ғана екен.

Бiр күнi қайын сiңлiсi Баян жүзi бал-бұл жанып:

— Жеңеше, сен қарсы болмасаң, — қызара жымиды, — күйеу балаңмен таныстырайын… — дедi.

— Е-е, қуанышқа несiне қарсы болайын! Әкел, қызымызға құштар неменi бiз де көрелiк.

Уағдаласқан сағатқа дастарханын жасап, кiшкентай Шыңғысын емiзiп отырған. Баянның соңынан имене кiрген жiгiтке көзi түскенде не болғанын бiлмедi. Әлдебiр тамыры үзiлiп кеткендей, жүрек тұсы шым етті. Өз көзiне өзi сенбей, жасаураған жанарын жыпылықтата бердi. Иә, бұл шынында да — Қази, өзiнiң Қазиы-тұғын.

Көз жасын көрсетпес үшiн, алдындағы бөбегiн шымшып жылатып, шырқыраған балаға қарап:

— Құлыным-ай, бiр жерiң ауырып тұр ма? — дедi жақауратып. Сосын сәбиiн сылтауратып келесi бөлмеге енiп кеткен.

Әйтеуiр, бөгде жанарларға сыр бермеуге тырысқан. Дегенмен, сұғанақ қарашықтардың сұғынан шет қалу мүмкiн емес едi. Олардың жүздерiне лып етiп жүгiрген бiр жұмбақ құбылыстан, әлдебiр құпияның барлығын отырғандар аңдап үлгерген.

Осыдан соң-ақ Зылиханың тiрлiгi тiптi мандымады. Күйеуi соққығы бiр жықса, елдiң қаңқу сөзi екi жықты. Бұл сұмдықтан қалай құтыларын бiлмей, жылаумен болды. «Үш күннен соң адам көрге де үйренедi» дегендейiн, басына түскен қыжалаттың бәрiн көтердi, көндi. Ордабек мас болып келсе балаларының бiрiн арқалап, бiрiн жетелеп үйден лаға бездi. Әйткенмен ешкiмнiң босағасына бас сұқпай, өрiсте жүредi. Қой қоралағанда да iшке кiрмей, кiшкентайларымен күркеде түнейтiн.

Запыраны мол жылдарды жылаумен өткердi. Тiрмiзiк жаны небiр сүркiлге шыдап бақты. Бiр қуанатыны балаларының алды институтқа оқуға түстi. Тағы да уақыт уәсуәлi уәжiмен алдаусыратып, бiр күндi бiр күнге жамай бердi. Мiне тұңғышы Шыңғыстан «келiн апарамын» деген жеделхат келiп, көкiрегi қарс айрыла қуанды. Шала шабылып, қарсы алудың қамымен жүр. «Шынында да келiн түсiретiн халге жарап қалғаным ба?» дейдi сенiмсiз күйде.

Аңсап күткен қуанышын дүркiрете өткiзiп, той тарқай бастағанда Ордабек Зылихамен жөнсiз байланысты. «Ендi қартайғанымызда ұят емес пе?» деген әйелiнiң сөзiн тыңдамай, жұдырығын ала жүгiрдi…

Ұлы мен келiнiнiң көзiнше зайыбын балағаттап, кейде әңгiр таяқ ойнатып жүрдi. Бұл, жат жерден жаңа түскен Гүлияның жүрегiне кiдi туғызды. Күнделiктi ырың-жырың жалықтыра бастады. Мұндай өрескелдiктi көрмеген неме Шыңғысқа «кетелiк» дедi. Бұған ол мүлде қарсы едi. Ақыры осының салдары екеуiнiң арасында кикiлжiң тудырды. Оларға бәлен деп уәж айтарлықтай ешкiм болмады. Гүлия да бiреумен ашылып сөйлесуден қалды. Тiрлiктерiнiң соңы сұйылып, жылдан асар-аспаста баласын көтерген келiнi Қызылордасына тартып отырды.

Зылиха қанша шыж-быжы шығып бәйек болғанымен, бұдан арыға көндiре алмады.

Жүрегi езiлiп, тұңғыш немересiн қиғысы жоқ. Бiрақ қатал тағдыр қаттылығына салып, жүрегiн жырмыштап барады. Шарасыздығына күйiнiп өзiн де, ерiн де қарғап-сiлеп ұзақ жылады. Әттең, әу баста мандымаған тiрлiк ақырына дейiн оңбай өтетiнiне сонда көзi жеткен. Жас кезiнде талай армандамады ма, «ұлымды — ұяға, қызымды — қияға» қондырып, солардың жақсылығын ғана көрсем деп. Ендi оған тәлейi жiбермей отыр емес пе? Өзiнiң аңғалдығынан адасқаны аздай, балаларының шалыс басуы арқасына аяздай батады. «Бастапқы салған сүрлеуiм дұрыс болмады-ау» деп бөгденiң күнәсiн көтермей, өзiн ғана жазғырды. Әне, Шыңғысы да байыз таппай ақыры әйелiнiң соңынан аттанды. Оқуынан да бiр жылдай қол үзiп қалып едi.

Құлағынан қиқу кетпей мазасы қашып жүргенiнде, қызына үкi тағып, құдалар сау етiп келе қалды. «Өткендi ойлап өкiне бермейiн, ендi мына қарғамның түтiнi түзу ұшса екен» деп қызының тiлеуiн тiлеген. Содыр уақыт сорақылығына басып, тағы сорлатты. Туған-туыстары жиналып, құдаларының от жаққан жерiне барған. Баян да күйеуiн ертiп келген-тiн. Оларға сый-сыяпат көрсетiлiп, құйрық-бауыр асасып, қонақтар бiршама қызып алған. Ордабек тiптi ерекше қызара бөрткен. Тысқа шыққанда «Қази саған неге қарай бередi?!» деп, құлақ шекеден ала жуан жұдырығымен қойып жiбердi. Қалпақтай ұшқан Зылиханы бас-көз демей төпелете тепкiнiң астына алды. Араға түскендерге дес бермей өршеленедi…

Құдалықтан жер боп қайтқан Зылиха, үйге келе ағыл-тегiл жылады.

Жастықтан басын көтере алмай жатқанында қайынсiңлiсi кеп, қасына отырып ол да егiлдi.

— Күллi өмiрiң менiң көз алдымда өттi. Қиыншылықты жойдасыз көрдiң. Қабағыңнан мұң, көзiңнен жас кетпедi. Жүзiңде кiреуке тұрды. Тағдырыңа өкпелiсiң. Мүмкiн, бiздiң осы уақытқа дейiн баласыз жүруiмiз, көз жасыңды бей-берекет шыра еткендiгiмiзден шығар. Кешiр менi, жеңгетай!..

Солқылдап жылап жiбердi. Көздерi боталап өздерiне үрейлене қарап отырған кiшкене бауыры мен сiңлiсiн басынан сипап, кеудесiне басты. Көкiрегi өксiкке толып, солығын баса алмады…

Баянның жанарынан «Сендер, жалғанда теперiш көрiп жыламаңдаршы! Бiздiң, осы — өмiрдi қиналумен өткiзiп жүргенiмiз жетер. Жаңылмаңдаршы, боталарым…» деген жазуды анық оқуға болар едi.

Еркiне көнбей кемсеңдеген иегiнен алты тарам жасы тамып бара жатты.

***

— Ра-ай!

Тағы да құлаққа ұрған танадай меңiреулiк. Аяғын апыл-ғұпыл басып, еңiске құлдырай бердi. Алыстан ұлар шулады. Төңіректе көлеңке ұзарып, күңгiрттiк көбейдi. Абұйыр болғанда, алдынан сопаң етiп, бiр топ ешкi шыға келдi. Арғы жағында қаптаған қой жатыр екен. Қуанып кеттi. Төбесi шошайып, Сүмбiлесi итiн жетелеп жүр. Кiшкене бұрымы шолтаң-шолтаң етедi. Одан төменiректе ердiң үстiнде болар-болмас қана қалтиып Рай көрiнедi.

— Рит, шәй! — деп қойды үркiткендей болды. Сосын «қораға айдаңдар!» деп дауыстады. Отардың соңына жеткенiнде Сүмбiле «тәте, ағам келдi ме?» деп сұрады. «Жоқ» дедi шешесi жүзi сынық қалпы. Ересектiгi ме, Рай дәнеме деп тiл қатпады. Ел «қыдырып» кетсе әкесiнiң кемiнде үш-төрт күнсiз оралмайтынын көкейiне мықтап түйсе керек.

Отарды айдаған қалпы өрге тырмысып шығып барады.

Қараңғылық қоюлана түстi.

Жалғыз жұбаныш — мойнақтағы жұпыны жаппа жақын қалған-тұғын…


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер