Өлең, жыр, ақындар

Жақсы сөз - жарым ырыс

"Жақсы сөз - жарым ырыс". Осы нақылды күнде естиміз ғой, шынында. Бірақ, бір өкініштісі, байыбына бара бермейміз. Бір сәтсіздікке ұшырай қалсақ, өмірден түңіліп, дүниеде бардың бірін қалдырмай тілдеп отырғанымыз сосын...

Ал сіз әлі күнге дейін сөзді құдыретті дегенге сенбейсіз бе? Ендеше өз басымнан өткен мына оқиғамен бөлісейін.

8-сыныпта Т.Әубәкіров ағамыздың сұқбаттарын жиі оқитынмын. Содан ерекше әсер алып, ғарыш туралы өлең жаздым. "Ғарыш, ғарыш, ұшып кетсем дүниені сілкіндіріп" деп басталатын.

Арада 2 жыл өтті. Жазғы демалыста едім. Жұмысында отырып, анам қоңырау соқты. "Алматыға лагерьге барғың келе ме?"дейді. Қуана-қуана келістім. Жолға дайындық басталды.

Алматыға да жеттік. Өмірімде бірінші рет келуім. Аспанмен таласқан ақ басты тауды көріп, аузым ашылып қалды. Құдды бір картина дерсің. Тек табиғат суретшінің қолынан шықты демесең, біз көріп жүрген суреттерден бір де бір айырмашылығы жоқ.

Көп өтпей қала сыртындағы қалашыққа келіп, орналастық. Келгеннен соң мән-жайды білсек, ешқандай да лагерь емес екен ол жер. Біз "республикалық жас ғарышкерлер мен астрономдардың 1-слетіне" келген екенбіз. 

Жаратылыстану бағытындағы ғылымдарға мүлде бейімім жоқ менің мұнда қалай тап болғаным өзіме де беймәлім болды сол сәтте. Сөйтсек, бізді жіберген облыстың өзі істің анық-қанығына көз жеткізіп жатпай, ірілі-ұсақты сайыс-жарыстарда көзге түсіп жүрген оқушыларды жібере салған екен.

Сөйтіп, менің Алматыдағы алғашқы он күнім естен кетпестей болып өтті. Обсерваторияда болдық. Жұлдызды аспанды бақыладық. Ең кереметі, телескоппен ғаламшарларды тамашаладық.

Енді мені сонау алыстан мұнда ертіп келген не дейсіз ғой? Сөз құдіреті. Осы оқиға болардан 2 жыл бұрын жазылған ғарыш туралы өлеңім. Шынында, астрономиядан мүлде бейхабар мына менің ол жерге қалай тап болғаным таңғажайып емес пе?..

Хафиз айтады: "Сіздің сөзіңіз сіз соның ішінде тұратын үйіңізге айналады". Сондықтан, сөзімізге абай болайық, тек жақсы нәрселер айтып жүрейік, сонда бәрі жақсы болады.

Ұйқасбаева Ақбота


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз