Өлең, жыр, ақындар

Мен он төртке толғанда

Мен он төртке толған жылы, үлкен әпкем 24 ке келген еді. Біздің ауылдан онша қашық емес, тау бөктеріндегі шағын ғана қалашықта күйеуі екеуі көп қабатты үйлердің бірінде тұрып жатты. Оқу жылы аяқталған соң, әке-шешем қолыма бір дорбаны ұстатты да, әпкемнің қалін біліп келуге қалаға жіберді. Ауыр дорбамды арқалап, әпкем тұратын қалашыққа келдім. Бес қабатты тұрғын үйдің төртінші қабатына мықшыңдап жаяу көтерілдім.

Есікті әпкемнің өзі ашты.

— Ой, Макош ішке кір деп қуанып құшағына алып, кепкамды көтеріп, бетімнен сүйді.

— Уф шаршадым... деп бойда-бойдам шығып терлеп, алқынып ішке кірдім де, дорбаны есіктің тұсына қарай тастай салдым.

Дорбаға қараған апкем

— Мынау не? — деп көздері алақандай болды.

— Ет....семіз малдың еті — дедім аяқ киімімді шешіп жатып.

— Келетініңді ертерек айтпадың ба? Өзім күтіп алатын едім ғой — деп сөйледі әпкем дорбаны алып ас үйге өтіп жатып.

Мен кіре беріс дәліздегі креслоға сылық ете құладым. Әлгінде басымдағы кепкамды шешкім келген, бірақ кеше ғана жіптіктейғып теріп, қара қаламмен бояп қойған қасымды әпкем көріп қоя ма деп, кепкамды көзіме түсіріп, бастырмалай бердім.

Әпкем шайға шақырды. Мен ас үйге сөйлей кірдім.

— Мамам айтады, дорбадағы етті сол күйі тоңазытқышқа сала салмай, аздап болконға шығарып дегдітіп алсын, жел қаққан еттің дәмі кіреді сүрленеді, сорпа-суында құнар болады — дейді. Сосын етті тұздаудың қажеті жоқ, кеше әкем етті сарымсаққа әбден бөктіріп тұздап қойған дедім.

Шай қамдап жатқан әпкем маған қарап;

— Тура мамам секілді көсемсіп сөйлейсің деп күлді. Күлсе де жүзі сынық сияқты еді. Жаңа байқадым, көз алды көлкілдеп ісіп кетіпті, онысын білдірмеген боп, жанарын төменшіктете береді.

— Несіне әуре болдыңдар, ет жоқ емес ғой.

Оның үстіне біз....деп аз күмілжіп қалды да, бәрін қойшы ауылда не жаңалық-деді.

— Мырзаштың ұзын сирақ баласы үйленді, ақыры Салтанатты жылатып, басқа ауылдың шоң мұрын, шойын қара қызын жар қып алды. Салтанат өлем деп өзенге жүгірген бе...

— Құдайым-ай обал жасаған екен. Ол қызды қайдан тапқан?-деді әпкемнің көзі бақырайып.

— Шешесі тауып беріпті, Салтанаттың әкесін мүгедек, теңіміз емес деп менсінбеген көрінеді.

— Салтанат жазғанға қиын болған екен, былтыр ғана тойым болады, тойыма шақырамын деп жүр еді-деді әпкем күрсініп. Мен ауылдың жаңалығын әрмен қарай жалғадым. Кластасың Гүлзат бір баласымен күйеуден қайтып келіп отыр....

— Сайлауова Гүлзат па?

— Дәл өзі, күйеуі нойыс екен. Ұрған ба... бірақ ауылдағылар бәр кінә Гүлзаттың өзінен дейді, кеш болса баласын көтеріп үй аралап қаңғып кете береді екен, шаруаға келгенде олақ көрінеді...

— Адамдар қызық, құдай бала берсе де ажырасамыз дейді, ертең баланы әкесіз қалай өсірем деп ойлайды екен — деген әпкемнің екі қасының арасындағы сызық тереңдеп, құлазып қалды.

— Өөөйй...ажырастым деп жүрген Гүлзат жоқ, бұтына қысқа шортый киіп алып жырық жырық етіп мәәәз — деп сықылықтай күліп отыр ем, әпкем дастарханның шетін тырналап, танауы қусырылып, жүзі алабұртып біресе тіке қарап, біресе жанарынын алып қашып қыбыжықтап отырып;

— Макош...Макоштай біз....біз Серік жездең екеуміз жақында ажырасамыз — деді.

Қарап отырмай ішіп отырған шайыма шашалып қала жаздадым.

— Не дейсің деппін әпкемнің бетіне қарап аңырап.

— Әзірге үйдегілерге айтпай-ақ қой....өзің де білесің....әкемнің жүрегі....

— Жындысыңдар ма не?

— Жоқ.....

— Не үшін ажырасайын деп жатсыңдар?

— Сондай шешімге келдік, бұл шешім Серік екеуміз үшін де жақсы. Бір-бірімізді қинап қайтеміз, үйленгенімізге бес жылдан асты, әлі сәби сүймедік — деген әпкем кенет дастарханның үстіндегі ып-ыстық күлшені жапырақтап қолымен үзе бастады. Өзінше бейғам түр жасайды.

— Сол үшін ғана ма?

— Сол үшін ғана ма дегені нес, баласыз өмірдің не мәні болушы ма еді?

— Кейде адамдар баласыз да өмір сүріп жатады емес пе?

— Баласыз эуропада өмір сүруге болады, біздің елде баласыз өмір сүру — қылмыспен тең — деді әпкем.

— Сонда да...адамдар...

— Не адамдар....? Сен өзі отбасылық өмір жайлы не білуші едің, бар-жоғы он төртте ғана емессің ба — деп әпкем сөзімнің соңын тыңдамай жекіп тастады.

— Он төртте болсам не болыпты?

Әпкем орнынан тұрып, залға өтіп магнитолланы қосты. Онда Катя Лелдің

"Так и быть, так и быть, не смогу тебя забыть" — деген мұңлы да баяу әуені шырқалып жатты. Бұл әуенді әпкем мен келмей тұрып та бірнеше мәрте тыңдаған сияқты. Ән әлде неше рет қайталана берді. Мен әпкемнің соңында жүрмін.

— Балаларың жоқ болса, бала асырап алсаңдардаршы — дедім дауыстап. Әпкем музыка әуеніне елітіп, көзін жұмып, ақырын ырғалып билей бастады. — біреудің баласы біреуге бала болушы ма еді....

— Неге болмайды болады....

— Өзіңнен тумай — ұл болмас деген

Әпкем сүйрік саусақтарын майыстырып, ырғала берді. Мен дәліздегі креслоға келіп жайғастым. Басымдағы кепкамды шешіп, тершіген маңдайымды сүрттім. Залда билеп жүрген әпкеме қараймын. — Адам ажырасайын деп отырыпта осылай билей ме екен деп ойладым. Әпкем музыканы сөндірді де ас үйге өтіп суып қалған шайын ұртады. Сосын қыстығып отырып жылап жіберді. Жылаудың соңы өксікке ұласты. Мен әпкемді құшақтағым келді. Бірақ құшақтай алмадым, бір түрлі қысылдым. Оның бүкіл денесі көтеріліп басылып ентігіп жылай берді. Жылай берді....

— Мен өзімді мүгедек сияқты сезінемін, ана болып, сәби сүймеген соң әйелдің сұлу тәнінде не қасиет бар, ішпеген дәрім, бармаған дәрігерім қалмады, қу құрсағыма бала бітпей семіп қалған секілдімін. Құдайым-ай құдай жезөкшенің де құрсағына қан ұйытып сәби жасайсың, ал олар оны қоқысқа лақтырады. Мен байғұсты бір тырнаққа зар етіп қойдың ғой қу құдай деп көкірегі қарсы айырылып құдайды жазғыра жамандады. Әпкем көз жасын сүртіп, шашын босатып екі шекесін сығымдап отыр да, — Кеше үйге енем келді. Мені бұрыннан жақтырмайтын, соңғы жылдары балаң жоқ деп күстаналауды шығарды. Серікке ажырасыңдар депті.

— Жездем не деді?

— Не десін...ештеңе....ең ауыры да сол ештеңе демеуі. Соңғы күндері үйге ішіп келуді шығарды.

Әпкем өксігін басып графиннен су құйып ішті. Сосын ваннаға кіріп беті-қолын жуды. Мен әпкемнің соңынан бір елі қалмаймын. Кенет әпкем басын көтеріп, ваннадағы айнадан есікке сүйеніп тұрған маған тесіле қарады да ішегін тартып;

— Андағы түрің не деп айқайлап жіберді.

—Түріме не бопты?

—Қасыңды жұлып тастағансың ба? Кім ұрықсат берді? Әпкем мені желкелеп айнаның алдына алып келді.

—Кластағы қыздардың бәрі қасын теріп жүр, мен де тердім, мамам ұрықсат берді — дедім шәңкілдеп.

Әпкем желкемнен түйіп қалды.

— Орыстың жаман кемпірлері сияқты жіп-жіңішке етіп бояп алыпты тағы, жу андағы түріңді, жездең көрсе сөйлейді деп кранды ағызып бетімді жуа бастады. Мен жұлқынып әпкемнің қолынан сытылып шығып кеттім. Әпкем соңымнан қуды — бойжетуге асығып жүрсің ба, үлгерерсің бәріне! Осы қасыңмен өзіңді әдемі болып тұрмын деп ойлайтын шығарсың, түкте әдемі болып тұрған жоқсың, ұсқыныңды қарашы өзіңнің адам шошиды, тура боянып алған үйрекке ұқсап қалғансың деген әпкем желкемнен тағы түйді. Менің намысым келді. Әсірессе соңғы сөзі, "боянып алған үйрекке ұқсайсың" — дегені өтіп кетті — неге маған ұрсасың, неге бәрің жабылып маған ұрса бересіңдер, әкем де шешем де ұрсады, сенде ұрсасың, мектептегі мұғалімдер де ұрсады.... мүмкін сендер мені асырап алған шығарсыңдар аааа — деп қыстығып жылап жібердім. Әпкем маған бастан-аяқ қарап шықты да, бетін басып күліп жіберді. Оның күлгенін көріп менің ызам келді. Қасыма келіп бетімен сүймек болды. Мен әпкемнің кеудесінен итердім. — Бәрің мені жеккөресіңдер, көререм мен болмасам, етті саған кім таситынын — деп тағы шәңк еттім. Әпкем мені құшағына алды. — Ақымағым-ау мен сенің қалай дүниеге келгеніңді білемін ғой, сен дүниеге келгенде бірінші мен қуандым, "еееей жарандар жарандар! Мына маған қараңдар, енді мен жалғыз емеспін, енді менің сіңілім бар" деп әндетіп, көршілерді түгел аралап сүйінші сұрағанмын. Біз сені он жыл күттік ғой, он жыл, мамам менен кейін он жыл бойы бала көтермеді. Сен туылған соң, біздің үйге бақыт келді, соңынан екі ініміз туылды. Сені бәріміз жақсы көреміз деп айғызданған бетімді жеңімен сүртті. Сол сәтте әпкем маған анам сияқтанып көрінді. Анам да мені жұбатқанда дәл осылай сөйлейді. Тіпті иісі де анамның иісіне ұқсайды. Әпкемнің анамнан аунымай қалғанына таңдана қараймын. Бірақ әпкемнің анамнан айырмашылығы — ол әлі ана болып көрген жоқ еді. Бірақ бойына анаға тән бар мейірімді айна-қатесіз көшіріп алған. Қайдан көшіріп алған, оған осынша анаға тән мейірімді кім үйреткен? Мен оның жауабын білмедім. Бірақ дәл сол мезетте менің санамда шарпысқан көп ойлардың ішінен құдай неге осы дап-дайын анаға бір бала бере салмайды деген ой қалықтап тұрған еді.

—Айтпақшы жүр мен саған бірдеңе көрсетем деп әпкем мені жетектеп жатын бөлмесіне алып келді. Шифонерін ашып, ішінен етегі кестеленген су жаңа қызыл түсті шифон көйлекті шығарды.

—Қараш, ұнай ма саған?

—мхм....

—Киіп көрші,

Мен үстіме ілген шыт көйлегімі шешіп, іле шифон көйлекті киіп алдым.

— Тууу өзіңе құйып қойғандай екен, ала ғой саған сыйладым.

— Рахмет! — деп әпкеме деген ашуым тарқап бетінен шөп етіздім.

— Бүгін кешкі асқа қуырдақ жасайықшы аааа дедім қызыл көйлектің етегін делбеңдетіп еркелей сөйлеп. Әпкемнің өңі ілезде қуқыл тартты....

— Сен бүгін кешкі автобустан қалмай ауылға қайта ғой....

— Неге? Мен бір жетіге келдім ғой

— Бір айтқанымды істеші енді өтінем, осы күнге дейін бетіңді қайтарған емеспін ғой — деп әпкем маған жалбарына қарады. Мен бұрын-соңды әпкемнің маған бұлай жалбарына қараған жүзін көрмеген едім.

Әпкем сыйлаған қызыл түсті шифон көйлекпен аялдамаға келдім. Адамдар неге ажырасады деп ойладым. Менің он төрт жасар санамда ерлі- зайыптылардың ажырасуы кешірілмес қылмыс еді. Жоқ қылмыстан бұрын — үлкен күнә. Олар күнә жасаудың аз-ақ алдында тұр. Ажырасатыны бар әуелбаста неге үйленеді? Бала болмаса не болыпты? Балалар үйінен бір жетімді асырап ал да бақ. Болмаса күту керек. Мені де әке шешем он жыл бойы күтті ғой, енді шамалы шыдаса қайтеді екен. Оларды ажыратпау керек. Керсінше татуластыру керек. Олар бірі-бірі үшін жаралған....

Алдыма келген автобусқа мінбей кері бұрылып тіке апкемнің үйіне қарай тартып отырдым.

— Автобус кетіп қалды, үлгермедім дей салдым есіктен кіріп жатып. Әпкем көңілсіз қарсы алды. Және менің өтірік айтқанымды іші сезетін сияқты.

— Қазір жездең келеді, кешкі асты әзірлеуім керек деп ас үйге қарай өтті. Мен апкемнің соңынан ас үйге кірдім.

— Мүмкін ажыраспай-ақ қоярсыңдар ааа....

Әпкем маған сыздана қарады. Бірақ үндемеді. Бейне бір "бүгін сен үндемей ақ қойсаң болар еді" деп тұрғандай.

— Рас айтамын ажыраспаңдаршы аааа.... жездем жақсы адам ғой. Ертең екеуің де өкініп қаласыңдар. Рас айтам. Оған әйел табылады, ал саған, саған күйеу табыла ма?

— Мені не басқа күйеу таба алмайды деп ойлайсың ба?

— Таба аласың, жездем де басқа әйел таба алады. Бірақ екеуің екі жақта қайтадан бақытты боласыңдар ма?

— Жапшы аузыңды кәшімір, енді сен қалып ең, маған ақыл үйретпеген сен өмір жайлы не білесің өзі мұрныңнан маңқаң ағып жүріп — деп апкем басымнан нұқып қалды.

— Не ұрасың дедім төбе құйқамды ұстап тұрып-ажырассаң кластасың Гүлзат сияқты боласың да қаласың, елге күлкі..

— Жап аузыңды! Сен кімсің маған ақыл үйрететін? Мен сенің жаялығыңды жуған адаммын. Немене қасты тердім екен деп, ақыл үйретуге жарап қалдым деп ойлап жүрсің ба?! Бұл — менің өмірім естимісің менің өмірім араласушы болма! Орныңды біл! Бұл жолы әпкемнің үні тіптен өктем шықты. Тіпті жанары жасаурап, кеудесін ұрғылай сөйледі.

Енді қарсы сөйлесем не өзі жылайды, не мені жылатып үйден қуып шағатыны білдім де, іштен түйіліп үндемей құтылдым. Сонда да менің ешкім санаспайтын он төрт жастағы ақыл-есімде әпкемнің ойымен мүлде қабыспайтын, тіпті мәмілеге келмейтұғын өмір жайлы өзімдік философиялық ой толғаныстарып жүріп жатты.

Әпкеме өкпелген болып, біраз уақыт болконға шығып томсырайып далаға қарап тұрдым. Әпкемнің ашуы тарқаған соң,

— Елдос көрінбейді ғой, Елдос қайда кеткен — деп қарсы есіктегі көршінің баласын сұрастырдым.

— Ол тоғызды бітіріп Алматыға оқуға кетті, енді келмейді, үйлері де Алматыға көшкелі жатыр — деді.

Мен аздап мұңайып қалдым. Жоқ аздап емес, шын мұңайдым. Кеуде тұсым алғаш рет солқ ете қалғандай болды. Елдос менен бір жас үлкен-тін, былтыр осы уақытта мені велигіне отырғызып қалашықты қыдыртқан. Ауланың алдындағы орындықтың бірінде отырғанымда, жүрекшесі бар алқа да сыйлаған. Бірақ онысын әпкем білмейді. Мен айтқам жоқ. Ооо айтар болсам жездем екеуі мені мазақ етіп күні бойы күлген болар еді...

Мен ауланың маңайынан сол Елдостың қасыма келіп, алқа сыйлайтын орындығын көзбен іздей бастадым. Әне тұр жақтауы жасылмен сырланған орындық. Сол орындыққа есімсойымыздың алғашқы бас әрпін қосып таңбалағанымызда Елдостың аспан түстес ойлы көздеріне тура қарай алмай ерекше толқып, екі бетімнің алаулап кеткені де есімде. Таптым! Мынау дәл сол орындық. Бірақ ол жерде басы кеудесіне түсіп жездем отыр еді.

— Жездееее! Мынау Серік жезде ғой!

Далада Серік жездем отыр

Жезде, Серік жезде! — деп болконнан айқайлап жездеме қол бұлғадым.

Жездем жалт қарап, бір көзін қысып, ол да маған қолын бұлғап күлімсірегендей болды. Қолындағы шылымын урнаға қарай шертіп жіберіп, орнынан ақырын қозғалды.

— Алақай жездем келе жатыр — деп әпкеме жалт бұрылдым. Апкем турап жатқан пиязды тастай салып, шашын ретке келтірді де, залға қарай жүгірді. Музыканы қосты. Бұл жолы.

"Қызылқұмда ауылым,

Қыздар менің сауығым.

Өзіңменен ойнамай,

Басылмайды дәуірім.

Қызға жігіт құмар-ай,

Қыз да мойнын бұрады-ай.

Көріп қойса шешесі

Сарт еткізіп ұрады-ай.

деген қазақтың ойнақы әні шырқала жөнеді, әпкем шыр көбелек айнала билей бастады. Есіктен жездем кірді. Жездееее.... деп мойнына асылғым келіп еді әлгінде, енді кенеттен артқа шегіншектеп қысылып қолын ғана алдым. Жездем бетімнен сүйіп, танауымды қысты. Әпкем билеп жездемнің алдынан шықты. Бейне бір түк болмағандай екеуі тату-тәтті отбасы сияқты, жездем де аяқ киімін шешіп, залға билеп өтті. Мен аңтарылып қарап тұрдым. Екеуі де жынды деп ойладым. Екеуі де — жарымес. Мүмкін бұлар мені әдейі алдап жүрген шығар, мүмкін расымен де ажыраспайтын шығар. Кенет жездем — балдыз билесеңші —  деп мені биге шақырып қасыма келді, әпкем мәз-мейрам сықылықтап күле береді — Макош жездеңмен билеші, деп олда қолымнан сүйреп ортаға шығарды. Мен билемедім. Ортаға шығып алып, екеуіне қалшиып қарап тұрдым да қойдым. Екеуі мені шырша секілді айнала қоршап билеп жүр. Дүниедегі ажырасу — деген ұлы қылмыс болса, сол қылмысты бүркемелеп тұрған мына ессіз екі бейбаққа тағдырдың тағар өз айыбы, кесер өз үкімі бар еді, бірақ екеуі сол үкім оқылмас бұрын ессіз әуенге елітіп бәз-баяғыша билеп алғысы келгендей шыр көбелек айналады. Ызамның келгені сонша музыканы сөндіріп екеуін орындыққа отырғызып қойып ұрысқым келді. Тіпті ақыл айтқым келді.

Кенет, есіктің қоңырауы басылды. Жездем музыканы сөндірді де сыртқы есікті ашты. Орта жастағы әйел мен ер кісі ыңғайсыздана ішке енді. Ерлі-зайыптылар сияқты. Жүздерінде әлдеқалай уайымның табы білінеді, бірақ оны білдірмейміз дегендей екеуі де аздап миық тартып қояды. Әпкем оларды күліп қарсы алды. Танитын секілді. Жездем де жылыұшырап амандасып жатыр. Кісілер залға қарай өтті. Осы кезде әпкем маған қарап-далаға шығып ойнап кел — деді.

— Ойнап кел дегені нес, мен саған кішкентай баламын ба?

— Ойнап кел деймін — деп әпкемнің көзі ежірейіп, мені есікке қарай сүйрелей бастады

— Ас үйде отыра тұрайыншы дымымды шығармаймын — дедім жалынышты түрмен.

Әпкем менің білегімнен шап беріп ұстап — кетші бар өсек тыңдамай-деп сыртқы есіктен далаға бірақ шығарды. Қарсы алдымдағы есік тарс жабылса да, әлденеше уақыт жабық есік сыртынан тың тыңдамақ болдым. Бірақ онымнан түк шықпады.

Осы кезде мен, он төрт жастың соншалық, қиын да күрделі, ал кейде ең ақымақ жас екенін түсіндім, он төрт жаста мен өзімді ересек әрі ақыл-есім толысқан адам ретінде сезінсем де, менің он төрт жастағы ойыммен ешкім санаспайтынын, менің ақылымның үлкендерге керек емес екендігін түсініп ызам келді. Сөйте тұра ешкім мені бәз-баяғыша бала деп те есептемейтін. Он төрт жас, үлкендердің кейбір әңгімесін тыңдауға, ерлі-зайыптылардың өміріне араласуға, әрі-беріден соң, көсемсіп біруге ақыл айтуға соншалық қолапайсыз жас болса да, мен әпкем мен жездемнің шешеміне қарсыласып бақтым.

Осыларды да үлкен адам дейді-ау! Әйтпесе андағы қылықтарын қалай ұғуға болады. Билейдейді ғой өздерінше, тағы да ажырасамыз дейді. Екеуі де — жарымес. Екеуі де - ноқай. Осыларға баланың не керегі бар, өздері де бала секілді. Пфф....

— Жаңағы кісілер кімдер?

— Жұмыстағы менің бухгалтерім, қасындағы күйеуі.

— Олар не дейді?

— Не деуші еді....ажыраспаңдар — деп ақыл айтып кетті. Екеуі де біраз жылдан кейін сәби сүйген. Қазір ұлы студент.

Әпкемнің жүзін мұң торлап, дүниеге мағынасыз қарап отыр. Бір сәтте менің сұңғақ бойлы сұлу әпкем, әбден шөгіп, кішірейіп, бірнеше жылға есейіп кеткендей көрінді. Кекілі көзіне түсіп, жағын таянып, шай қасықпен ыдыстағы қоймалжың қаймақты араластыра берді.

— Жездем қайда кетті?

— Білмеймін....

Түннің жарымында мен әпкемнің жылаған даусынан ояндым. Жездем екеуі ұрсып жатыр екен. Апкем жатын бөлмесінен шығып, ас үйдің жарығын жақты. Қолдары дірілдей дәрі ішті, соңынан шашып-төгіп, шашалып отырып су ішті. Қыстығып тағы жылады. Мен залдың қиялай ашылған есігінен ас үйдегі апкеме сығалап қараймын. Әпкем жылаған сайын, менің де жанарыма жас айналады. Қасына жездем келді. Ол әпкемнің жанарына жанарын қадап ұзақ қарады. Көзіндегі жасын сүртті, шашынан сипады, ернінен сүйді, құшақтары айқасып бір адамға айналып ұзақ тұрды. Бірақ үндемеді. Екуі де үндемеді. Әлде екеуі әлдене деп сыбырласты. Ас үйдің де, жатын бөлменің де жарығы сөнгенде, мен өзімнің залдың бір бұрышында жылап отырғанымды көрдім. Неге жылайтынымды өзімде білмеймін, әпкем мен жездемді аядым ба, әлде күндізгі "үйрек" деген сөзі есіме түсіп кетті ме, әлде көршінің баласы Елдосты енді қайтып көрмейтінімді ойладым ба, өксік ата жыладым. Жылап жатып ұйықтап қалдым.

Таң ата апкем мені ауылдың автобусына отырғызып жіберді, автобуста менің ызамды келтіріп Катя Лелдің "Так и быть, так и быть, не смогу тебя забыть" деген ән шырқала берді.

Бірақ бұл жолы менің көзімнен жас шықпады....


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз