Өлең, жыр, ақындар

Қорқыттың көрі

Маңай тыныштық құшағында мүлгіді. Әлдеқайдан, алыстан шибөрі қыңсылады, ит ұлыды. Жырақтан Қызылқұмның қызыл өңеші шалынды, таң атып келе жатқаны.

Қойшы үйіне еніп, сырт киімін, етігін шешпестен текемет үстіне қисая кетті. Қолына жастық ілікпеді. Талығып жатып өң мен түстің арасында жүргендей алакүлік хал кешті. Әлден уақытта басын көтерді.

Итініп барып төрдегі көне әбдіреге қол іліктірді, үстіндегі текшеленіп жиылған көрпе-жастықты құлата шашып жіберді. Көптен қақпағы ашылмаған соң ба, қаңылтыр қаптаған әшекейлі беті тістесіп қалыпты, пеш жанынан селебе пышақты алып, қақпақ пен ернектің жапсарына салып, басып қап қарш еткізіп ажыратты. Ішінен темекінің иісі мүңкіді. Күйе түспесін деп әйелінің жасаған әрекеті. Сандық түбіне шүберекке  ораулы шағын шанақты әлдилеп алып шықты.

Орауын жазды. Жидеден шапқан, сары мейіз боп қатқан қыл қобыз еді. Дөңгеленіп малдас құрып отыра кетіп қыл тартқан таяқшаны алып,
қобыз бүйіріндегі шайырға жанып-жанып иығы бүлкілдеп безектете жөнелді.

Жар қабағынан жылан ысқырып шықты ма, Абылүйгеннің шошағын ыстық құйын шыр көбелек айналып жүр ме, көне қаланың орнында иесіз қалған түйенің жабығып боздағаны ма, аш саулық қозысын іздеп маңырады ма, тым-тым жырақтан күнә жасап сайтанның сапалағына айналған сұлу келіншек сыңсып жылады ма, әйтеуір қобыз үні мен сырттағы табиғат өжендесіп, үндесіп кеткендей сезілді, қойшы жігіт құлағы бірде тас бітеліп, бірде ашылып сай-сүйегі сырқырады.

Осы мезет үй қабырғасы жарылғандай болып алакөлеңке сәуле жүгіріп, ішке жұмсақ басып қария кісі енді. Бұл қыл қобызды жанына қоя салып, атып түрегеліп: «Ассалаумағалейкүм, ата!» — деді бұрын көрген адамы секілді, анықтап қараса шырамытып танитын тәрізді.

Төрге өткізіп, астына көрпеше төсеп, қадірлі жерге отырғызды, қол қусырып бәйек болып қызмет қылды. Төменгі жақта малдас құрып... үлкен кісіге телміре қарап... еміне елжіреп... отырды-отырды да алыста
қалған ұмытқан нәрсесін есіне енді түсірді.

Баяғыда, бала кезінде Сырдария өзені кемерді қауып толқып ағып жататын, қос жағасына қайық әзер қатынайтын. Телегей теңіз лай судың  баз бірде ортасы шүңейттеніп, жер астына түсіп кеткендей, шыр көбелек айналып есті алатын. Шопан қорасы тұрған жарлауыт қабақ биік  болатын. Сол биіктің ұшар басында құлаған жардың қабағында жалғыз мола қарауытатын. Әкесінен сұраушы еді. «Балам, молаға қарап  саусағыңды шошайтпа, — дейтін қойшы әкесі, — ол Қорқыт бабаның қабірі, бұрындары жар қабақтан жырақта тұрушы еді, көрмеймісің, өзен тасыған сайын жағаны кеміріп жеп, кемер ернекті тауысып, қабірдің іргесіне барып қалғанын...». Қорқыт бабаның моласы жар қабақта  жабысып тұра берді, марқұм әкесі молда шақыртып, Құран оқытып, моланы жағадан аулаққа көшіремін деп көп дәмеленді.

Бір жылы малы індетке ұшырады, сабылып жүріп қолы тимеді, келесі жылы өзі мұрттай ұшып ауырып қалды. «Әй қайтсем де қабірді келесі жылы көшірем» деп жүргенде... қақтың суынан ұшынып дүние салды... көз жұмарда, ықылық атып жатып осы Абылайды жанына шақырып алды. Үні бітіп, тамағы қарлығып жатты-жатты да саусағын шошайтып сыртты нұсқады, Қорқыттың моласы жақты мегзеп үнсіз ғана иегін қақты. «Моланы көшіремін» деген әке арманын қайтсем де алдағы күзде өзім орындаймын ғой деп жүргеңде сұмдық қатты нөсер құйды, жер мен көктің арасы қосылып кеткендей шелектеді, қызыл лайын лоқсып өзен тасыды, малшы жұрт есінен танғандай басымен қайғы болып кетті. Аспанның тесігі айдың жаңасында барып бітелді, нөсер тыйылды. Жүрегі өрекпіп, құлағына ызы-қиқу шу келіп аласұрып ұйықтай алмай азаптанған Абылай ертеңгісін үйінен жүгіріп шықты, жанарын уқалады. Көре алмады. Жар ернекте жарбиып тұрған Қорқыттың моласы ұшты-күйлі. Екі өкпесін қолына алып жүгіріп жеткені сол, мола тұрған тұс астынан ойылып дарияға ағып кеткенге ұқсайды, тып-типыл, жым-жылас. Аяқ астында бүкіс жонды, жолбарыс түстес дария ытырылып ағып жатыр. Көз жетер жер көлкіген су.  Жолындағыны жалмап жұтып  келмеске әкетіп, ұмыттырып жібермекші. Жар басында жалаңаяқ жарбиып тұрған бозбала әлден уақытта жұртта қалған аш күшікше үнін құбылтып, еңіреп жылап, отыра кеткен. Жейдесін шешіп тастап жер тепкілеген... сол оқиға, сол мола көз алдына қайтадан кілкіп шыға келген. Әлгіде қобыз шалып отырғанда қабырға жарылып, ақ дамбалды, ақ көйлекті, ақ сақалды үлкен кісі еніп келген. Малдас құрысы, шошайып отырысы
көне дүниеде көлеңкеше қалып қойған дана қартты елестетті.

— О, әулие бабам! Иманды болғыр күйші, жарықтығым! Қиналғаңда отымның басынан табылғаныңыз неткен ғанибет.

Аңыз өлкесінен келген кісінің үні жер астынан шыққандай күңгірлеп естілді.

— Келмейін-ақ деп едім, қобызымды безілдетіп болмай қойдың.

— Молаңызды қапылыста суға ағызып жоғалттық, күнәлі болдық, айыптымыз, жазғырыңыз, жарықтығым!.

— Сен бейбақта кінә жоқ. Жер бетінде қой баққан, дақыл еккен тұқым-тұяғыма қанша суып көңілім қалса да арнасайды, Қызылқұмды, көңірсіген жусанды қиып қете алмай аруағым әлі ұшып жүр. Қорқыт бабаның өзі емеспін, құр қауқары, реңсіз, түссіз рухы боламын, жетімегім.

— Дегеніңізге құлдық, қасиетті бабам, қол тимей жүріп, малмен мал болып ми ашып молаңызды көшіре алмадық. Осы қазір теріс батаңызды  беріп, жердің жарығына енгізіп жіберсеңіз де құлдық ұрамын!.. айыптымын!.. ақыреттік күнә жамадым!...

Абылай өкіріп жылап шалдың аяғына бас ұрып құлай кетті.

«Бұл дүниенің қамымен жүріп, о дүниенің қамын ұмытып моламды суға ағызып, сүйегімді опат еткендеріңе наразымын. Қазір сол толқып аққан дария қайда? Жағадағы жасыл тоғай, ұшқан құс, жүгірген аң неге зым-зия?»

Жас жуған, шаң жабысқан жүзін жоғары көтерді, тізерлеп тұрған күйі былай деді:

«Әуелі Әмудария мен Сырдарияның суы азайды, сосын құмның ыстық өңешіңде жатқан теңіз тартылды, теңізден айрылған соң мына құлан жортқан қу өлкеге аспаннан тамшы тамбайтын болды. Барлық зілзала пәле табиғат теңдігі бұзылып, апат келгеннен бәлкім. Бәлкім...»

«Бар пәле пейілдің тарылып, құлқынның құлы болып кеткеннен. Апат сырттан келген жоқ, іштеріңнен шықты».

Мына сұмдықты естіген Абылайда үн жоқ.

— «Қол тимейді, қол тимейді деп жүріп моламды суға ағызып құрттыңдар. Өлмейтін өмір іздегенде жарық дүниенің тәттілігін қимағаным емес,  сендердің ұзын арқау, кең тұсау жүрістеріңді, пәтуасыз мінездеріңді жөнге салам ба деп көп дәмелендім. Дәйексіз бекер басымды ауыртыппын. Енді міне толқып аққан дария жоғалған, жердің түгі қырқылып тозаңы шыққан, тұзды суға іштерің ауырып, ыңыршағың айналып өлуге айналыпсың».

— «Қорқыт баба, — деп үні әзер естілді, — тән өлсе де жан өлмейді, қасиетті кісілердің рухы сағым боп,  бу боп жердің төсіңде заман ақырға дейін елбіреп, желбіреп ұшып жүреді деген не сөз?.. сенейін бе, сенбейін бе».

— «Сөз болғаныңа! Осыдан екі мың жыл бұрын дүниеден өткен Қорқыт бабаның рухымен беттесіп отырған жоқпысың, шекеңдегі көз бе, әлде бақырайған без бе? — деп тағы кейіп ала жөнелді. — Өлген кісінің мүрдесін қабірге қойып, топырақ салған жұрт қырық қадам жырақ шыққанда  шыбындай шырқырап ұшып кеткен рух қайта айналып соғады. Епелектеп көп ұшады. Иесінің жүрген жеріне қайта айналып барады, баспанасына енеді, суық тәннен жазатайым шығып кеткен рух мына салқын дүниеде шыр көбелек айналып, мекен ететін, енетін жайлы, жылы дене іздеп ұзақ жортады. Ескі қыстауларды түнемесі ыдыс-аяқты салдыратып жүретін мазасыз үй иесі — сол рух болады».

«Моланың  маңайында  ұйықтап  қалған  кісінің  ашық-шашық жерінен денесіне еніп алып, оянған кезде мүлде бөтен мінез, өзге адам болып шыға келетіні — сол рухтың басқа денеге кіріп кеткені, жұрт оны «жынданған» деп түсінуден қалады, бара-бара маңайынан безе қашады.  Өлген кісінің рухы иесі тірісінде жақсы көрген мүлкіне, малына көп айналып кетпей жүреді. Менің рухым шанақ қылқобызымда қалған. Сол  қобызды безектетіп, бебеулетіп көп тартқан кісінің көзіне ұшып жетіп көрінетінім содан. Қорықпа, бөтен нәрсе ойлама!».

— Енді не істейін, баба аруағы.

— Бастың аяқ, аяқтың бас болған заманы осы, қыл қобызды алып безектете бермей отыңның басын түзет, босағаң түзелмей есің кірмейді, азамат тұрағың қайтып келмейді. Бесігіңді қамдар ақ жаулықты қайтарып әкел.

— Малды қайтем, аруақты баба?

— Тамұқ тұрғыны болып жүре бермекпісің, есің барда еліңді тап, Абылүйгеннің басына баялыш үйіп лаулатып тұрып от жақ. Жалын тілі таң әлетінде қалай желпінсе, солай қарай малыңды ықтатып, панаңды тап. Ескі жұртта омалып отыра берсең сүйегің шашылып қалады, қойың ит-құсқа жем болады. Қызылдың құмы астынан дүмпіп көп ұзамай ентелей жылжып енапат қиырды жұтып салады».

— Жент қаласын басып қала ма?

— «Жент қаласын, әкеңнің моласын, қой қорасын құм теңізі тып-типыл етіп жұтып салады, құтыл!.. көтеріле көш!.. орталықтағы құдайларға хабар бер!..»

Осыны айтып Қорқыт әулие кемсең қағып қаракөлеңке бұрышқа жұтыла берді. Сырттағы жел сарнауын үдетті. Малдас құрып отырған Абылай қолындағы қыл қобызды тастай салды, тұла бойын айтып болмас үрей кернеді. Әлдекім сырттан керней шалып, аттандап, жау шаптылап жүргенге ұқсайды. Кешелі бері ауа райының қабағын қарс жауып, желдетіп, шайпау қатындай шала бүлініп тұрғаны тегін болмады. Кешкілік күннің батысы да тым жайсыз еді. Мамырайхан келіп кеткелі малдың үркуі бөтен, әлсін-әлі сыртқа жүгіріп шығып, қораны барлап, малды жайғап құйрығы қоныс таппай кеткені содан. Жаңа әлгіде қобыз шалып, Қорқыт бабаның аруағымен кәдімгідей тілдесіп отырғанда сырттағы мал және үріккен, бұл барып, қораға еніп, қой ішіне құм мешкейі ешкіемер кіріп кетті ме деп олай-бұлай жүріп көп қараған, аяқ астын абайлаған. Қайта келіп, суық көрдей үйіне еніп, көне қобызды сөйлеткені сол, дүмдүние өзгеріп жүре берді. Қорқыт бабасы үйге енді, енді қараса  қабырға жарылып, сол жарыққа еніп кеткенге ұқсайды, жым-жылас.

Әлдеқайдан алапат басталайын десе жердің беті жыбырлап шаң көтеріліп кетеді деуші еді, желдің азынаған сарыны өзгерді. Күн өзге тұстан құланиектенді, көкжиектегі құм жотасы киізше желп-желп етті, мал үдеріп шулап жөнелді.

Абылүйгеннің маңы дауыл тұрғандай түтеленді. Абылай қойшы аяғын аттата басып әудем жердегі әкесінің қабіріне жетті. Бұрын түйежонданып, нұсқаланып жатушы еді, қазір көзге ілінер-ілінбес төбешік қалыпты. Енді бірер жылда мүлде жер болып бітетін. Басына сексеуіл бұтасын белгі етіп қойып, сол бұтаға ақ шүберек байлап, көңіл демдеп, олай өткенде, бұлай өткенде қол жайып құлқуалланы айтып жүруші еді, жетімсіреп жатқан мола жерге жұтыла түскендей, енді ауа көшкелі тұрған ұлынан ештеме дәметпестей. Төмпек үстіне түп адыраспан өсіпті, сары желмен жұлына жаздап бүгіледі.

«Ал, көке, қоштасқалы келдім. Көшемін», — деді Абылай қос алақанын көтеріп бетін сипап.

«Енді қайта айналып осынау өлкені басамын ба, жоқ па, білмеймін». «Қорқыт баба ертерек көтеріл, көш деп кеңес берді. Ана құдықтың суы ашымағанда, жердің оты қайтпағанда, құм ентелеп жер-жиһанды баспағанда мал бағып жүре берер ме едім. Қажыдым, қайратым таусылды, қырыққа жетпей жатып шашым аппақ болып ағарып кетті. Сөкпе, налыма, көке, бізге бұйырған тағдыр салмағы зілдірек, өзгешерек болды».

Еңкейіп, мола үстіндегі түп адыраспанды жұлып алғысы келіп оқталды да бойын дереу тіктеп, қолын тартып алды. Онсыз да тұлдыры
қалмаған моланы тонағысы келмеді. Жылағаны, күлгені белгісіз, кеудесінен шиық-шиық еткен жайсыз дыбыс шығарды да, иығы бүлкілдеп бұрылып кетті. Іріген айраңдай беті әлем-жәлем қызарып күн шығып келеді. Осынша жылуы жоқ, бейопа таң шапағын көргені жаңа.  Қорасына жақындап келгенде іргеде домалап бара жатқан жәндікті көзі шалды. Кәдімгі ала қабыршақты құм тасбақасы, тырбанып, ұмтылып аяғына жармасқысы келеді. Бұл байғұстың інінен безіп аяқ астында жүргені несі деп ойлаған, жер астынан қатер сезсе - тасбақа, жылан іннен безіп кетеді деуші еді, шынымен төбе жылжып, ауа  ауысып ақырзаман басталғаны ма? Тасбақаның түйме  өзі өңменінен өтіп барады, жүрек басы дір етіп, әлдене жаманшылықты сезгендей болды, апырмау деді, мына мұндардың көз жанары баяғы құмға кетіп, ұшты-күйлі жоғалған дүкенші Оңғарбайдан еш аумайды ғой!  Сол пақыр таразыдан жеп, шалдардың  арғысына ұшырап тасбақаға айналып кетті деуші еді, рас болса рас шығар, көз жанары кісіге соншама ұқсас мақұлықты көргені осы. Абылай суық терге малшынып, тәлтіректей басып барып қой қамалған қораның есігін қиқаң еткізіп ашып жіберді.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз